Қазақтың бірнеше мың жылдық тарихында еліне, жеріне қорған болған аналарымыздың ерлігі тарих беттерінде таңбаланған. Тіпті, ұрпаққа үлгі боларлық фильмдерге де арқау болған. Табиғаты нәзік болса да, бүгінде қайсар мінезді қыз-келіншектер неше алуан кәсіптерін дөңгелетіп, отбасының береке-ұйытқысы болып отыр. Солардың бірі – кәсіпкер қыз-келіншектердің көш басынан көрініп жүрген, әкесі өз тұсында Нарынқол аудандық шаруашылығын басқарса, анасы «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының негізін қалаған, өзі ата-анасынан еңбекқорлық қасиетін дарытқан ана Ләззат Қайсарқызы.
Ләззат Қайсарқызы – Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Текес ауылындағы қазіргі Қ.Шорманов атындағы орта мектептің түлегі. Алматы Халық шаруашылық институтының кешкі бөліміне оқуға түсіп, 1984 жылы «Халық шаруашылығын жоспарлау» факультетін экономист мамандығы бойынша тәмамдады.
Алғашқы еңбек жолын «ГипроҒЗИ химмаш» жобалау институтында (1979-1982) есепші болып бастап, одан «Алматы тұрғын үй құрылыс» құрылыс-монтаж басқармасының экономикалық-жоспарлау бөлімінде экономист мамандығы (1982-1991) бойынша жұмысын жалғастырды. Алматының тұрғын үйлерін салып, ел алғысына бөленген түрлі маман иелерінен құралған 350 адамдық үлкен ұжымда еңбек ете жүріп, мықтап өмір мектебінде шыңдалады. Содан Алматы қалалық әкімшілігінің тұрғын үйлерді тіркеу және бөлу басқармасында бас инспектор болып (1991-2001) қызмет етті. Табанды еңбекқорлығымен, тиянақты ісімен көптің алғысына бөленді.
Міне, сол уақыттан кейінгі ғұмыры өзі туып-өскен ауданындағы «Ойқарағай» көмір кенішіне қарайтын «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясымен біте қайнасып келеді. 2001 жылы осы компанияның вице-президенті болып тағайындалса, 2006 жылдан бері қарай «Бүркіт» ОЭК ЖШС-нің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Кәсіпкер ана 2023 жылы Алматы облысы «Атамекен» ҰКП жанынан құралған Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы қызметіне тағайындалды. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылар құрамына қабылданды.
Осынау қара алтынға бағаланатын ел байлығын халық игілігіне жаратып, көптің алғысына бөленіп жүрген жандардың ішінде елден ерек болып әйел затының жүруі кімді болсын таң қалдырары сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз – көмір саласындағы жер қойнауын, яғни «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясын басқарып отырған еліміздегі жалғыз әйел-тұлға.
Тарихы сонау өткен ғасырлардан басталатын көмір өнеркәсібі мемлекет экономикаcының ірі саласының бірі болып табылады. Қазақстан көмір қорынан әлемнің көшбасшы елдерінің ондығына кіреді. Соған сай көмір өндіретін кеніштердің де жұмысы жыл өткен сайын жанданып, жеке кен орындары да ашылу үстінде. Қазіргі уақытта елімізде 200-ден астам көмір кен орындары бар.
Тарихқа үңілсек, Ойқарағай көмір қорының бар екенін 1931 жылы С.С.Шульц деген ашқан екен. Қырқыншы жылдары бұл кен орнына геологиялық барлау және зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Көмір кеніші Алматы қаласынан шығысқа қарай 440 шақырымды құрайтын, Кетпен тауының биік қыраттарында, Райымбек ауданының Қытаймен шекаралас бөлігіндегі таулы өңірде орналасқан. Бұл Ойқарағайдың көмірі оп-оңай алақанға сала қоятын көмір емес. Жеті қат жердің астында жатыр десек, артық айтпағандық.
«Бүркіт» компаниясы басшылығының ұтымды ұйымдастыруы мен толымды істерінің арқасында көмір кеніші жұмысын тоқтатқан емес. Жыл сайын өңір тұрғындарын тамызықты қажет етпейтін, қызуы мол Б маркалы, 3Б тобындағы қоңыр көмірмен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Жердің геологиялық құрылымы көрсетіп отырғандай, жер астындағы көмірдің қабаты 10 метрге дейін жетеді. Көмірдің үстіндегі топырақтың қабаты 55-57 метрге дейін барады. Содан болар көктем, жаз маусымы басталды бітті, 1 сәуірден аталған көмір кенішінде көмірдің үстіңгі топырақ қабатын аршу жұмыстары қауырт жүргізіліп, қараша айының 1 жұлдызына дейін созылып жатады. Сол тынымсыз еңбекке, ауыртпалықтарына толы уақыттарда жыл сайын көмірдің беткі қабатынан 250 мың тоннаға дейін топырақ сыртқа шығарылады. Бұл үшін республикадағы Жаңатас, Кентау, Жетіқара, Қарағанды қалаларынан 30 тонналық «БелАЗ» ауыр жүк көліктері шақырылады. Осы жұмыс үшін Алматы қаласынан 250 тоннаға дейін жанар-жағар май тасымалданады. Соңғы жылдары республика аумағынан, Шымкент, Сарыағаштан, тіпті Өзбекстаннан тапсырыс түсіп, көмір сатып алуда. Жыл сайын «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамына қарасты Қарағанды филиалы қоңыр көміріне сәйкестік сертификатын береді. Ойқарағай көмір кенішінде көмірді өндіру кезінде жер қойнауының ластануына жол бермеу шаралары тиімді орындалып келеді.
Ләззат Қайсарқызы республикамыздағы екі жүзге тарта көмір кеніші орындарының бірін басқарып жүрген бірден-бір кәсіпкер ана, еңбекқор нәзік жан. Кішкентай кезінен қайсар мінезді, өз ісіне сондайлық ұқыпты, орнымен талап қоя білетін ол жердің тереңінен ашық әдіспен көмір өндірудің бар қиындығын, ауыртпалығын көтеріп келеді. Тамызықты көп қажет етпейтін, шоқтанып жататын, жылуы мол көмір ширек ғасырдан астам уақыт бойы тұрғын үйлердің берекесін кіргізіп, игіліктерін асырып келеді. Көмір кенішінде еңбек ететіндерге барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдермен, жайлы жатын орнымен, асханамен, моншамен қамтылған. Жоғары еңбекақы төленеді. Кен орнының техникалық жабдықтары, өнеркәсіптік базасы барлығы белгіленген стандарттарға сәйкес. Қытай, Корея, Жапонияның озық техникаларымен қамтамасыз етілген. Жылына 40 мың тоннаға дейін көмір өндіріліп, халық игілігіне ұсынылып келеді. Мамандарды дайындап оқыту, ғылыми-техникалық жаңалықтарға қаржы бөлу және соны меңгеруді жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда «Бүркіт» ұжымында 35 қызметкер жемісті еңбек етіп отыр.
Президент тапсырмасымен көмір өндірісін дамыту жолында қажымай еңбек етіп, сапалы көмір өндіруге тырысуда. Геологиялық – барлау, өндіру және қорыту, маркшейдерлік, инженерлік жұмыстары нақтылы қамтамасыз етілген. Аспантаулар өлкесіндегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарды жылытумен, сапалы көмір отынымен қамтамасыз етумен айналысып келе жатқан Ләззат Қайсарқызы басқаратын кен орны өңірдің түрлі іс-шараларына қатысып, демеушілік көрсетіп отырады. Қос аудандағы аз қамтылған отбасыларына, тыл ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін көмір беріліп келеді. Іскер ана ардагерлер мен геологтарға, «Мир капельки любви» атты жетімдер үйіне, қайырымдылық қорларына, жалпы көмекке мұқтаж жандарға қаржылай қолдау көрсетуден жалыққан емес. Жыл он екі айға созылатын ерен еңбек, төгілетін тер құры алақан емес.
«Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы «Сауда үздігі» атты республикалық байқауда «Ең үздік көтерме сауда кәсіпорны» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Кәсіпкерлік сала бойынша белгілі кәсіпкер ана ауданының «Жыл адамы» атанды. Сондай-ақ, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай мерекелік медалімен, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ІІІ және ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Еңбекқор, ізденімпаз жанға, кәсіпкер анаға биылғы жылдың бергені де айтуға тұрарлық. Жылдың басында «Атамекен» Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Алғыс хатын алды. Көп ұзамай Республика Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы төрайымының «Аруана» атты бизнес құрметі сыйлығының лауреаты атанды. Мұндай тұңғыш сыйлыққа алғашқы болып ие болып отырған қазақтың қыз-келіншегінің бірі екенін атап өтуге болады.
Ләззат Қайсарқызы көмір кенішінде білікті басшы, отбасында Тоқан Ботабековтей азаматтың сүйікті жары, Мұхтар мен Олжас атты ұлдарының мейірімді анасы, немерелерінің шуағын шашқан бақытты әжесі.
Бұл ең ауыр жұмыс – көмір өндіру ісімен тұрақты айналысып келе жатқан қазақтың кәсіпкер қызына көрсетіліп отырған орынды таңдау, дұрыс шешім, байыпты байлам. Елі мен жеріне аянбай қызметін жасап, ердің жүгін ауырсынбай арқалап жүрген Ләззат Қайсарқызына көрсетілген құрмет пен сенімнің жарқын көрінісі.
Индира БІРЖАНСАЛ