Адам құқықтарын қорғау – адамзаттық миссия

0
2345
КОЛЛАЖ: АЙНҰР ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ

Қазақстанның жаһандық бастамасы дегенде, көп нәрсе еске түседі. Сонау тәуелсіз Қазақстанның шежірелі жылдарына көз жүгіртсек, Невада-Семей қозғалысы, атомдық қарусыздану саясаты, Аралды құтқарудағы жобалары сынды әлемге ұсынған модельдері көп-ақ. Кейінгі жылдары да бейбітшілік пен келісім бағытындағы Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі де елімізді жер-жаһанға жақсы қырынан танытып келеді. Гуманистік бағыттағы адам құқықтары жөніндегі ұсынған және жүзеге асырған идеялары да баршылық. Мәселен, біз Еуропадағы іргілі ұйым ОБСЕ-ге төрағалық етердің қарсаңында Қылмыстық кодекстегі ату жазасын алып тастадық.

КОЛЛАЖ: АЙНҰР ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ

ҚОҒАМ КҮТКЕН ҚОС ЗАҢ

Адам құқықтары дегенде, алдымен ана мен баланың жағдайы ойға оралады. Расында, әлемдік статистика отбасыдағы зорлық-зомбылықтан көп зардап шегетін және құрбан болатын ана мен бала әкені көрсетіп отыр. Біздің елде де «тиран әке», «тиран күйеуден» қорлық көріп, тағдырдың теперішін көріп келе жатқан жандар қаншама. Бір ғана «Бишімбаев ісіне» негіз болған Салтанат Нүкенованың аяусыз өлімі біздің елдегі бұл жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін және отбасыдағы жанжалдар шектеп шығып бара жатқанын көсетіп отыр. Сондықтан Қазақстан елдегі ана мен бала тағдыры төңірегінде қалыптасқан ахуалды негізге ала отырып, өзіміздің Ата Заңның принциптеріне, көптеген халықаралық конвенциялардың нормаларына сүйеніп, әлемдік деңгейдегі жаңа қадамға барды. Яғни, отбасыдағы дау-жанжалды криминализациялау мақсатында Қылмыстық, Әкімшілік, Отбасы және Неке кодекстеріне, одан өзге де бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ана мен баланың қауіпсіздігін, денсаулығы мен өмірін барынша қорғайтын құқықтық нормаларды жүйеледі.

Мәжілісте қабылданып, Сенат мақұлдаған заңдарға көп кешікпей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін кезекті мәрте айшықтай түсті. Өйткені, мұндай заңды қабылдамақ түгілі, әлі күнге әйел теңдігі, адам құқығы мәселесінде көне дәстүрдің аясынан шыға алмай келе жатқан елдер қаншама…

Бұл Заңдардың негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Бұл жөнінде аталған заң жобалары мақұлданған Палата отырысында Сенат төрағасы Мәулім Әшімбаев: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы заңдар әзірленді. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді», – деп ойын нықтады.

Осы қоғам күткен қос заң өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер қарастырылған. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалып, отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленбек.

«Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ, буллинг, кибербуллинг балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Палата спикері.

Енді енгізілген өзгерістерге қысқаша тоқталсақ, сенатор Жанна Асанованың айтуынша, бұл заңдарды қабылдауға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған.

«Жалпы алғанда, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге және әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған», – деді сенатор палатаның жалпы отырысында.

Енді бұдан былай Қылмыстық кодекс бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға еш жеңіл жаза қарастырылмайды. Яғни, педофильдер мен жасы кәмелетке толмаған адамдарды өлтіргендер бұдан былай өмір бойына сотталады.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда, тараптардың татуласуына жол берілмейді. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталады және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленбек. Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.

Бұдан өзге, 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипаттағы тиісу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету сынды жағдайларда да қатаңдатылған қылмыстық жауапкершілік енгізілмек.

«Бұл өзгерістердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтар үшін жазалау шараларын қатаңдату», – дейді депутат Жанна Бейсентайқызы.

«БҰЛ ЗАҢ – ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОРҒАЙДЫ,
АЛ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ»

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Құжат ережелері ең алдымен қорғау және қауіпсіздік мақсатында жұмыс істемек.

«Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады», – деді бұл жөнінде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин көпті шулатқан Заңның қабылдануына байланысты үш мәселеге назар аудару керектігін айтады.

«Бірінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.

Екінші. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімді механизмін жасау – билік пен қоғамның сындарлы ынтымақтастығының нәтижесі. Мысалы, бұл саладағы алғашқы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленді. Қабылданған заңды даярлауға да Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты.

Үшінші. Жаңа заң – Президенттің қоғамдағы бес кеселмен күресу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы аясында қабылданған нақты шараның бірі. Президент Атыраудағы сөзінде қоғамдағы кеселдің бірі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны да атап өтті.

Осы құжатты қабылдаудың арқасында Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты. Сонымен бірге отбасындағы зорлық-зомбылықпен тиімді күресу үшін қоғамда агрессияның кез келген түріне төзбеушілік ұстанымын орнықтыру маңызды», – деген Мемлекеттік кеңесші қоғамда өзара көмек пен сыйластық, басқа адамдарға құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеу керектігін де баса айтты.

Осылайша, әйелге қол көтеру «дәстүрімізге» айналып кете жаздап, Бишімбаевтың ісінен кейін бүкіл қазақ қоғамын ұйқысынан оятты. Тіпті, «Салтанат Заңы» деген ұранмен бұл оқиға Еуропа елдерін шарлап, түрлі қолдау акцияларының ұйымдастырылуына түрткі болды. Ондағы талап – заңды қатайту, ендігәрі ер азаматтардың еркінсуіне мүлдем жол бермеу.

Осы заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова егер шын мәнінде қауіпсіз және құқықтық мемлекетке айналамыз десек, бұл дертпен күресіп, себеп-салдарын анықтап, соған қатысты қадам жасауымыз керектігін жеткізді.

«Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зиянын, одан отбасыға келер кеселді балабақшадан бастап, барлық оқу орнында оқытып-түсіндіру, ұлттық тәрбиеміздегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағидаға сүйене отырып, дәл сондай тәрбиені ер балаларға да үйрету, оқыту қажет. Халықаралық тәжірибеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зиянын оқытып, түсіндіру әдістемесі бар. Бұдан бөлек, құрбандарға, жәбірленушілерге қолдау көрсетудің қызметтері қолжетімді болуы қажет. Азаматтық қоғам ұйымдары мен жергілікті өкілді билік және қоғамдастық барлығы ынтымақтастыққа ықпал ететін заңнамалық шараларды қамтитын ауқымды тәсілдерді жүзеге асыруы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғамдағы кез келген құқықбұзушылыққа қатысты жазаны қатаңдату тапсырмасына сәйкес, Мәжіліс қабылдаған әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін сақтау заңы кешенді әрі ауқымды әдіс-тәсілдерді қамтыды. Бұл проблеманы біздің елде ғана бар деп айтқанымыз артық болар. Өйткені, БҰҰ-ның статистикасына сүйенсек, әлемде әрбір үшінші әйел жыныстық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көреді. Қазір әлемдегі 155 мемлекет осы бағыттағы заңдарын қатаңдатқан. Сондықтан отбасылық зорлық-зомбылықты адамның құқығын таптауға бағытталған қоғамдық дерт деп қарастыруымыз керек. Егер шын мәнінде, шынайы әрі қауіпсіз, құқықтық мемлекетке айналамыз десек, бұл дертпен күресіп, себеп-салдарын анықтап, соған қатысты қадам жасауымыз қажет. Бұны осы кезге дейін де көптеген зерттеушілер, құқықтанушылар мен білікті заңгерлер айтып келді», – дейді Жұлдыз Досбергенқызы.

Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл заң әр азамат үшін қауіпсіз, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары қорғалған шынайы құқықтық мемлекет құру жолындағы нақты қадам болып отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жалпы еліміз соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау бағытында нақты қадам жасап келеді. Президенттің баспасөз қызметі жыл басында мәлім еткендей, Қазақстан ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқықтарын қорғайды. Ұзақ жылдар бойы демократияны дамыту, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды. Мәселен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау процесіне кеңінен қатысатын болды. Сондай-ақ, саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғыда трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған процестерді соңына дейін жеткізу болып отыр.

Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here