Мамандар даярлау маңызды

0
1123

Қазақстан тарихында ежелгі және орта ғасырлар тарихын зерттеу аса маңызды мәселе болып табылады. Бұл кезеңде қазақ жерінде құрылған Батыс түріктен бастап, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Кимек қағанаттары, Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан сияқты мемлекеттер көршілес елдермен терезесі тең болып, саяси байланыстар жүргізді. Қазақ халқының қалыптасып, Қазақ хандығының ұлттық мемлекет ретінде құрылу үдерісі де осы кезеңде жүрді. Орта ғасырдағы қазақ даласында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың өзгеруінен ғылым да, мәдениет те, қоғамдық-философиялық ойлар тез дамып, қоғамның рухани дамуына әсер етті. Түркі тайпаларының тілінде жазылған «Күлтегін», «Тоныкөк» құлыптастарындағы жазба деректері, Византия, Қытай тарихшыларының тарихи жазбалары қазақ жерінде әрекет еткен  мемлекеттер өз деңгейінде саяси-әкімшілік биліктерін жүргізіп, ірі қалаларды иелік еткендігін, іргелес елдермен тығыз байланыста болып, сауда-саттық жасағандығын дәлелдейді.

Қазақ жерінде бірінен кейін бірі алмастырған осы мемлекеттерден XIII ғасырларда Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Қадырғали Жалайыр сияқты ойшылдар шығып, терең философиялық толғауларымен, эстетикалық ізденістерімен, бай дүниетанымдарымен ерекшеленді. Олардың жазба ескерткіштері түрінде сақталған мұраларындағы түркі тілі, түркі тарихы, түркі әдебиеті, әдет-ғұрпы мен дәстүрлері, діні турасындағы ой-тұжырымдары мен көзқарастары, пайымдаулары ғылыми жағынан бағалы. Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабидің философиялық трактаттары, Қожа Ахмет Ясауидің Алланың сүйіспеншілігі арқылы адалдық пен ақиқат жолын ұстауды насихаттаған діни ұстанымдары, Ұлықбектің астрономияның теориялық негіздері, Сүлеймен Бақырғанидың ақыл-өсиет айту сарынындағы хикметтері, Мұхамед Хайдар Дулатидің қазақ хандығының құрылғанға дейінгі, одан кейінгі кезеңдегі саяси өміріне, Қадырғали Жалайырдың қазақ хандықтарының ішкі және сыртқы жағдайлары, қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі, халықаралық жағдайына қатысты жазғандары  рухани тұрғыдан құнды.

Орта ғасырда Қазақ хандығы құрылып, әлемге әйгілі болған Керей, Жәнібек, Қасым, Абылай сияқты қазақ хандары өмір сүріп, билік құрды. Қазақ хандығы құрылымдағы билер, батырлар, қожалар, аталықтар және қожалар институттары мемлекеттік құрылымнан лайықты орын алды. 

Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тарихына қатысты ортағасырлық дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу мәселесінде біраз жұмыстар атқарылды. Дегенмен, бұл кезең Қазақстан тарихнамасында әлі де болса толықтай зерттеуді күтеді. Себебі, қазіргі таңда орта ғасыр тарихын зерттеу барысы мамандардың аздығынан, әрі жоғары оқу орындарында кең тұрғыда оқытылмағандықтан зерттелу жағынан да ақсап тұрғаны баршамызға аян.

Биылғы жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Б.А.Тілептің ұсынысымен Тарих және құқық факультетінде «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан тарихы» кафедрасы ашылып, оқу процесінде орта ғасыр тарихына аса көңіл бөліп, осы салада бірнеше ай ішінде тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаевтың меңгерушілігімен біршама игілікті істер жүзеге асырылды. 

Жалпы, құрылған жаңа кафедраның алдында екі міндет тұр. Оның біріншісі, ежелгі және орта ғасыр тарихын жетік білетін педагогтарды даярлау болса, екіншісі, осы кезеңді зерттейтін білікті ғалымдарды тәрбиелеп шығару. Әрине, бұл істе кафедраның алдында жаңа оқу жылында бакалавриатқа аса қажетті жаңа пәндерді енгізу, магистратура, докторантура ашу мәселесі тұр. Бұл біздің үлкен міндетті ісіміз деп білеміз.   

Биылғы жылы орта мектепті бітірген жас түлектерді тарихшы болуға шақыра отырып, орта ғасыр тарихын жете меңгеретін мамандықты таңдауларын қалаймыз. Орта ғасыр тарихының құпиясы тұстарының сыры шешіліп жатса, ұлттық рухымыз көтерілері сөзсіз.

Светлана СМАҒҰЛОВА,
тарих ғылымдарының докторы,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here