Сел қаупі: Сейіл құратын сәт емес

0
1040

Қазақта табиғат апатына қатысты «Тілсіз жау» деген қысқа да нұсқа түсініктеме бар. Әлемдік технология қаншама дамыса да, өрт, су тасқыны және жер сілкінісі сынды тілсіз жауды алдын ала болжау әлі мүмкін емес. Адамның қолынан келетіні тек сақтық шаралары мен апаттың салдарымен жылдам күресу ғана. Осы көктемде еліміздің батысы мен солтүстігіне жайылған қызыл су тілсіз жаудың алдында дәрменсіз екенімізді көрсетті. Табиғат апатының салдарымен күрес әлі жалғасып жатыр.

Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы Риддер маңында сел қаупі бойынша оқу-жаттығу өткізді. Шартты түрдегі ақ жауынның салдарынан Риддер қаласының маңындағы топырақ ылғалданып, арты селге ұласты. Громотуха өзенінің арнасынан асқан лай су ауылдың шетіндегі бір үйді шайып кетті. Төтенше жағдай кезінде бір тұрғын лайдың астында қалып, ауыр жарақат алды. Оқиға орнына бірінші болып Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары барды. Кинология қызметі қирандының астында қалған адамдарды іздестірді. Басқа құтқарушылар аумақты зерттеп, өзге де зардап шеккен тұрғындардың бар-жоғын тексерді. Сел күшінен қираған үйдің тұрғыны құтқарылып, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жедел жәрдем қызметіне тапсырылды.

«Бұл аумақ сел жүру қаупі жоғары учаскелердің бірі. Қызыл су жайылса 15 үй, демалыс нысандары, жанармай құю бекеті, электр желілері сынды нысандарға шығын келтіреді. Бүгінгі оқу-жаттығу барысында ШҚО ТЖД қызметкерлерінің апат кезіндегі әрекетін пысықтап, апаттың салдарымен күрес жұмыстарын көрсеттік», – деді «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің ШҚО филиал жетекшісі Советбек Станбеков.

Шығыс Қазақстан облысында жалпы сел жүру қаупі жоғары 13 аумақ бар. Олар Риддер қаласы және Катон-Қарағай, Зайсан, Алтай аудандарында орналасқан. Аталған аудандардың барлығы Алтай тауының етегінде орналасқан. Тау басында орналасқан 144 мұзды көл етектегі 13 елдімекенге қауіп төндіреді. Сондықтан сала мамандары селдің алдын алу мақсатында тау көлдерін жыл бойы тексеріп, су деңгейін, мұздың еру жылдамдығын бақылап отырады.

Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жиі айтып отырады. Нақтырақ айтсақ, тауға шығар алдында бөктердің қауіпсіздігін, бағытты бағамдап алу керек. Жауыннан кейін сел жүру қаупі жоғары аумақтардан алыс жүріп, сел жүрген жағдайда қауіпті жерден 50-100 метр биіктеу төбеге қарай бару қажет. 112 желісінен келетін хабарламаға назар аударып жүру де маңызды.

Жоғарыда айтылған ескертулерді ескерген абзал. Сақ болсаң, сау боласың. Жер бетіндегі тіршілік пайда болғалы табиғаттың тосын мінезі бір толастаған емес. Керісінше техногендік сипаттағы апаттар жиілеп барады. Құмды жерде сел жүріп, тау басындағы мыңдаған жыл бойы үнсіз жатқан мұздықтар еріп жатыр. Ғалымдардың зерттеуінше, жер шарының орташа температурасы жылына 0,5 градусқа көтеріліп келеді. Сондықтан еліміздің тілсіз жаудан амандығын тілейміз. Жер-Анадан нәр алып, мөлдір су мен таза ауаны ластамай болашаққа ну орман қалдыру – әркімнің парызы. Табиғат біздің өмір сүруіміздің кепілі. Қолда барда алтынның қадірін білейік!

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here