Сөз өнерінің бір бұтағы – журналистика

0
1551

Маусымның соңғы жексенбісінде «жол үстіндегі әдебиет» (О.Бөкей) аталып кеткен Журналистика саласының кәсіби мерекесі аталып өтті.

Иә. Сөз дейтін киелі өнердің салалы бір бұтағы журналистика екені шындық. Журналистика жәй ғана атқарып жүре беретін бірсыдырғы жұмыс емес, бұл бойыңдағы бар жігер-күшіңді, ақыл-парасатыңды сарқа жұмсайтын мамандық. Бірде қосшы, бірде басшы бола жүріп, аянбай тер төккеніңмен қоймай, есепсіз еңбек етерің тағы бар…

Журналистер туралы ілгерілі-кейінді данышпандар да өте көп айтқан. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, Шерхан Мұртаза «Журналистер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» деп дұрыс бағамын берген. Тіпті, тәуелсіз ел болғалы «нарық» пен «жаһандану» дейтін тіркестерсіз алға қадам жасау мүмкін болмайтын шақта, яғни екі ғасыр тоғысында ұлт өміріне, сол санатта ұлт руханиятына емін-еркін еніп, өз ықпалын жүргізген, саяси-экономикалық қарым-қатынасты дамудың жаңа кеңістігіне алып шыққан дәуірлік құбылыстарды игеру де, оған үйрену де оңайға түскен жоқ. Осы орайда ұлт ойы мен санасын тәрбиелеудің үлкен құралы – ақпарат кеңістігі зор істер атқарды. Әрине, журналистердің «сары майдан қыл суырғандай» етіп жасаған әрекеттері, табандылығы талай тірліктің толымды атқарылуына мұрындық болды. Мұның төркінінде Тәуелсіз Қазақ елінің қазіргі алған асуларымен, жеткен жетістіктерімен сабақтастыра отырып қарастыру жатқан мұндай журналистік тәсіл өз оқырманын адастырмасы айтпай белгілі.

Биылғы – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтіп, оған республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері де қатысты.

Айтулы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, алдымен журналистика саласының маңыздылығына тоқтады: «Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін».

Сөз барысында Президент елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өскенін, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болғанын да атап өтті.

– Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда, Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өз кезегінде БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Аз жылдың ішінде қоғам мен мемлекет күрделі өзгерістерді бастан кешірді. Бүгінде біз демократия мен дамуға бағытталған мүлде басқа құндылықтар жүйесінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ретте, журналистердің міндеті жүріп жатқан процестерді ақпаратқа айналдыру ғана емес. Жаңалықтардың жаршысы болып, халықты ақпараттандыру арқылы жүзеге асып жатқан реформалардың мәні мен маңызын, түпкі мақсатын түсіндіріп, объективті қоғамдық пікір қалыптастыруға сеп болу. Яғни, журналистер қайнаған өмірдің қақ ортасында жүріп, халыққа жан-жақты тексерілген, шынайы ақпарат тарату – басты міндет.

Қай кезде де журналистерге артылар жүк жеңіл емес. Оның ішінде әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық мәдениетті, азаматтық сана мен дәстүрлі мәдени құндылықтарды қалыптастыру, басқа да өзекті мәселелерді түсіндіру де кіреді. Сондықтан журналистиканың қоғам өміріндегі маңызы пен жауапкершілігі өте жоғары.

Барша әріптестеріме қызығы мен қиындығы мол қызмет жолында еселі еңбек етіп жүргені үшін тағы да алғыс айтамын! – деп министр жүрекжарды лебізін білдірді.

Иә, Жер мен көктің арасын оймен тербеп, сөзбен жалғаған журналист-әріптестерімнің жазары таусылмасын!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here