Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның Euronews-пен ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойды.
«Euronews өңірлік өкілдігінің ашылуы – арнаның халықаралық аудиторияға Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамуын жан-жақты насихаттауына үлкен мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Euronews өңірлік өкілдігінің ашылуы қазақстандық журналистерге көп мүмкіндік сыйлайды. Кездесу барысында отандық телеарна қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту тренингтері мен шеберлік сыныптарын өткізу мәселесі талқыланды. Бұл қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізеді.
«Талқылау әрі меморандумға қол қою қысқа уақытта жасалды, бұл екі тараптың да жемісті ынтымақтастыққа мүдделі екендігін және оның маңызын айқындайды. Біз үшін қазақстандық журналистерді жан-жақты қолдау маңызды. Біз ортақ жұмыс үшін еуропалық журналистерді Қазақстанға әкеліп қана қоймай, қазақстандық БАҚ арасында жаңа тұлғаларды, талантты жастарды іздейтін боламыз», – деді Педро Варгас Дэвид.
Мәдениет және ақпарат министрі Қазақстанда кәсіби әрі мықты редакция құру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін сөз етті.
«Бүгін тарихи күн. Қазақстанда Euronews кеңсесінің ашылуы ел үшін маңызды кезеңдердің бірі. Қазақстанның халықаралық аренадағы медиа кеңістікте өз орынын табуға көмектесетін маңызды жобаның бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе», – деп атап өтті Қазақстандағы Euronews жобасының ресми өкілі Әсел Қожақова.
Бұдан әрі тараптар медианы дамытуға және халықаралық ақпарат алмасуды нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асырып, өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі