Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль Еуропа чемпионатында 13 шілдеде 17 жасқа толды. Осылайша, төрт жылда бір келетін құрлықтық дода тарихында чемпион атанған ең жас ойыншы атанды. Эсплугес-де-Льобрегат тумасы турнир барысында жеті ойынның барлығына қатысты. Бір мәрте гол соқса, төрт мәрте нәтижелі пас берді. Финалдық ойында әріптесі Нико Уильямстің гол соғуына мүмкіндік жасады.
Сонымен, Испания құрамасы 14 шілдеде финалда Англияны 2:1 есебімен сүріндірді. Кездесуде олардың қатарынан Нико Уильямс 47 минутта, Микель Оярсабаль 86 минутта мергендік танытса, оған 73 минутта Англия сапынан Коул Палмер бір голмен жауап қайырды.
Айта кетейік, Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін барлығы 10 құрама құрлықтық додада алтыннан алқа тақты. Қазірге дейін Испания – 4, Германия – 3, Италия, Франция – 2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия 1 мәртеден жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, 2028 жылы Еуропа чемпионатының ақтық кезеңі Ұлыбритания мен Ирландияда 9 маусым мен 9 шілде аралығында өтеді.