Қазақстандық боксшылардың фотосы Олимпиада қарсаңында Париж төріне ілінді. Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев, Нұрбек және Айбек Оралбайлардың фотосы Париж көшелеріне ілінген екен. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.
Қазақ боксшылары Парижге 21 шілдеде аттанды. Былғары қолғап шеберлері Алматы әуежайынан Францияға ұшты. Бортта 10 олимпиада үміті, бапкерлер, спарринг серіктестер және ғылыми топ мүшелері бар.
25 шілде жеребе тарту рәсімі өтеді. Сол күні отандық боксшылардың қай уақытта шаршы алаңға шығатыны анықталады.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құрамда бара жатыр. Ерлерден Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов, ағайынды Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғаса, әйелдерден Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова үш салмақта шаршы алаңға шығады.