АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байден президент сайлауына түсуден бас тартқаннан кейін көп ұзамай вице-президент Камала Харрис оның қолдауын қабыл алып, биыл 5 қарашада өтетін сайлауға Демократиялық партиядан үміткер болатынын мәлімдеді.
«Президенттің қолдауына ие болғанымды мақтан етемін және жеңіске жету үшін бар күшімді саламын. Сондай-ақ, демократиялық партияны және елімізді біріктіру үшін, Дональд Трампты және оның «2025 жоба» бағдарламасын жеңу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деді осы күзде 60 жасқа толатын Камала Харрис.
АЛПЫС ЖАСҚА ТОЛАТЫН КАМАЛА ХАРРИС КІМ?
Камала Деви Харрис 1964 жылы 20 қазанда АҚШ-тың Калифорния штатының Окленд қаласында дүниеге келген. Әкесі – түбі ямайкалық, Стэнфорд университетінде сабақ берген, ал анасы – үнді дипломатының қызы, қатерлі ісік ауруын зерттеуші болған.
2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап АҚШ-тың 49-шы вице-президенті 1986 жылы Говард университетін (Howard University) және 1989 жылы Гастингстегі Калифорния университетінің заң колледжін (University of California College of the Law) бітірген.
Камала Харрис еңбек жолын Калифорния штатының Аламеда округінде бастаған. 2003 жылы Сан-Франциско округінің прокуроры, ал 2011-2017 жылдары Калифорнияның бас прокуроры болып сайланды. Ол 2020 жылы Демократиялық партиядан президенттікке үміткер ретінде ұсынылғанымен, праймеризге дейін жарыстан бас тартты. Джо Байден оны өзінің серіктесі етіп таңдап, олардың кандидатурасы 2020 жылғы сайлауда жеңіске жетті. 2021 жылдан бастап президент Джо Байден тұсындағы АҚШ-тың қазіргі вице-президенті. Вице-президент ретінде Камала Харрис оңтүстік шекарадағы көші-қон, дауыс беру құқығы және түсік тастау сияқты мәселелермен айналысты. Ол АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамптың қайта сайлануы әйелдердің түсік жасатуға қол жеткізуін одан әрі шектейтінін ескертіп, сайлауалды науқанға белсенді қатысты.
ДЕМОКРАТТАР КАМАЛА ХАРРИСТІ ҚОЛДАЙ МА?
2024 жылғы 15 шілдеде Республикалық партияның ұлттық съезінде 78 жастағы Дональд Трамп президенттікке кандидат ретінде ресми түрде ұсынылды, ал 2 тамызда 40 жасқа толатын Джеймс Дэвид Вэнс вице-президенттікке кандидат ретінде бекітілді. Енді Демократиялық партия өзінің соңғы сөзін 19 тамызда айтуы керек.
Иә, ресми түрде демократтардыңкандидатурасыәліжоқ. Өйткені, Джо Байден Камала Харрискеқолдаубілдіргенінеқарамастан, соңғы сөзді Демократиялық партия айтады. Партия ішінде Камала Харристен басқа МичиганштатыныңгубернаторыГретхен Уитмер, КалифорниягубернаторыГэвин Ньюсом жәнеАҚШкөлікминистріПит Буттиджич бар. Әйтсе де, Гэвин Ньюсом қазірдің өзінде Камала Харрискеқолдау көрсететінін мәлімдеді.
АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама Джо Байденге қаратып мәлімдеме жасады, алайда Джо Байден мәлімдемесінде Камала Харрис туралы ештеңе айтылмады.
«Мен партиямыздың көшбасшылары көрнекті кандидат шығаратын процесті ұйымдастыра алатынына сенімдімін», – деп жазды 4 тамызда 63 жасқа толатын Барак Обама.
Өкілдер палатасының бұрынғы спикері 84 жастағы Нэнси Пелоси де жаңа демократиялық кандидатты таңдау «тақ мұрагері ретінде қарастырылмауы керек, бірақ демократиялық процесс болуы керек» екенін ескертті.
Камала Харрис кандидатурасын АҚШ-тың бұрынғы президенті мен Мемлекеттік хатшысы Билл мен Хиллари Клинтондар қолдады.
Расында, АҚШ-тағы сайлауалды науқан күрт өзгерді. Кезінде көпшілік аса көп елемеген кандидат Камала Харрис демократтардың арасынан Джо Байденді алмастыра алатын көшбасшы деп танылды. Енді оны Демократиялық партия ресми түрде бекітуі қажет.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Алдағы 20 қарашада 82 жасқа толатын Джо Байден сайлау додасынан бас тартса да, әзірге президент болып қала беретінін айтты. «Президент ретінде қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды. Мен қайта сайлануға ниет білдірсем де, сайлаудан шығып, президент ретінде лауазымдық міндетім толық аяқталғанша қызметімді атқарсам бұл партия мен ел үшін тиімді болады деп ойлаймын», – деді сексеннің сеңгірінен асқан президент. Сонымен, АҚШ-тың 47-ші президенті кім болмақ? Бұл сұрақтың жауабын 5 қарашада өтетін сайлауда жұртшылық біледі.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ