Бүгін Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық шарасы өтті. Қоршаған ортаны қорғауға үндейтін «Қала тазалығы – перзенттік парызым» экологиялық акциясы қаланың 10 аумағында ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Қ.А.Ясауи кесенесі мен «Ханшайым плаза» кешені, Күлтөбе қалашығы аумақтарында, «Жеңіс» саябағы мен «Отырар» мөлтек ауданындағы 36, 37, 38, 39, 40 көпқабатты тұрғын үй аулаларында, сондай-ақ Әлқожа ата, Алшын, Дастанов, Нахипов, Әйтеке би, Ғ.Мүсірепов көшелерінде өтті.
Кезекті тазалық күніне 1000-ға жуық азамат қатысты. 30-ға жуық техника жұмылдырылып, 18 мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты. Белгіленген аумақтар тазаланып, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Сенбілік нәтижесінде қала көшелерінен 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Тазалық акциясы аясында әр апта сайын қала әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлері өз ғимараттары мен көшелеріне сенбілік өткізіп, экологиялық акцияға белсенділік танытып отыр. Сондай-ақ әр апта сайын тазалық күндеріне байланысты санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Түркістан қаласы әкімдігінің Баспасөз қызметі