«Жақсы мінез-құлық пен ізгілік, адамға құрметпен қарау, басқарушының халқымен жақсы қарым-қатынасы қоғамды тек ізгілікке, жақсылыққа бастайды. Мұндай ізгі бекті елі еш уақытта ұмытпайды». Кісілік пен кемеңгерліктің кілтін ұсынған дала данасы Жүсіп Баласағұнидың осы бір ұлағатты сөзі кемел қоғам қалыптастыруды мақсат тұтады. Ізгі мемлекет – қауіпсіз мемлекет, салауатты қоғам. Ізгілік салтанат құрған елде әрбір азаматтың дамуы мен өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады, олардың қауіпсіздігі басты назарға алынады. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының басты мақсаты да осыған саяды. Отандастарымыздың салауатты өмір салтын ұстауға үндеу, азаматтарды аздырып-тоздыратын әдеттерден бас тартуға шақыру, мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағымсыз факторларға тосқауыл қою. Атап айтқанда, бұл жоба әскери агрессия, терроризм, кибершабуылдар мен саяси толқулардан, ішкі және сыртқы қауіптерден қорғауды мақсат тұтады. Сараптамамызда халықтың саулығына нұқсан келтіретін арақ-шарап тұтыну, темекі шегу сынды өзекті жайттармен күресті таразылаймыз.
АРАҚ – АЛЖАСТЫРАДЫ, АДАСТЫРАДЫ…
2023 жылы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы арақ-шарапты ең көп тұтынатын жаһан елдерінің арнайы рейтингін жасады. Қазақстан аталған тізімде 189 мемлекеттің ішінде жүзінші орынға табан тіреді. Талдау деректеріне сүйенер болсақ, былтыр отандастарымыз жан басына шаққанда 3,73 литр таза спирт ішкен.
The Sun агенттігінің зерттеуіне сәйкес, өткен жылы Кука аралдары, Латвия және Чехия тұрғындарының алкогольді өнімдерге деген сұранысы айтарлықтай жоғары болған. Аталған елдердің азаматтары жылына орташа есеппен 13 литрге жуық таза спирт тұтынып, алдыңғы орынға шықты. Посткеңестік мемлекеттер ішінде арақ ішу жағынан Ресей көш бастап тұр. Солтүстіктегі көршіміздегі әрбір тұрғыны жылына 7,29 литр арақ сіміреді екен. Содан кейінгі орындарда Беларусь, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан сынды қоңсылас елдер бар. Ал, арақ-шарапқа аңсары аумайтын һәм ащы судан татып алмайтын азаматтар Сауд Арабиясы, Кувейт, Бангладеш, Мавритания және Сомалиде тұрады.
Биылғы жылдың басында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғалымдары Қазақстан азаматтары арасында арнайы зерттеу жүргізіп, алкогольді ішімдік ішу көрсеткішін айқындады. Бірнеше бағыт бойынша жүргізілген сауалнамаға 20 мыңнан астам респондент қатысқан. Талдау жұмысы «Қазақстан Республикасында дербестендірілген және профилактикалық медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасы» шеңберінде жүргізілді. Зерттеу барысында ғалымдар аймақ тұрғындарының қаншалықты мөлшерде арақ тұтынатынын зерделеуге басымдық берді.
Сауалнама қорытындысы бойынша, Қазақстанның 18-60 жас аралығындағы тұрғынының 56,4 пайызы арақ-шарапты тұрақты тұтынады. Бұл еліміздің егде жастағы азаматтарының жартысына жуығының ішімдікке әуестігін аңғартады. Талдау көрсеткендей, 18-29 жас аралығындағы еркектердің 48,1 пайызы және әйелдердің 34,2 пайызы өмірінде бір рет болса да алкогольді сусындардың дәмін татып көрген. Бұл тараптағы көрсеткіштің егде жастағы азаматтардың арасындағы үлесі айтарлықтай басым. Мәселен, 50-59 жас аралығындағы еркектердің 70,6 пайызының және әйелдердің 54,3 пайызының арақ-шарапқа әуестігі белгілі болып отыр. Зерттеуге сәйкес, араққа аңсары ауғандардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында тұрады. Аталған өңірде алкогольді өнімдерді тұтыну көрсеткіші 76 пайыздан 83 пайызға дейін. Ең аз мөлшерде тұтыну көрсеткіші Түркістан, Қызылорда, Атырау облыстары мен Шымкент қаласының еншісінде.
Әлемдегі алкоголь өнімдерінің ішіндегі ең танымалы – арақ. Ащы судың бұл түрін бұрынғы посткеңестік елдердің тұрғындары көптеп сілтейді. Сәйкесінше, маскүнемдікке шалдыққандардың да саны осы мемлекеттерде айтарлықтай көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сенер болсақ, жан басына шаққанда 8 литрдан көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генафонды деградацияға ұшырап, құндылықтар құлдырайды, адам азу жолына түседі. Рухани мүгедекке айналады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың алғашқы бес айында ішкі нарықта 272,6 млн литр сыра сатылған. Сәйкес кезең аралығында 33,5 литр арақ саудаланған. Мамандар бұл тараптағы көрсеткіштің алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артып келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Статистикалық деректерге назар аударсақ, елімізде орташа есеппен алғанда күніне 222 мың литр арақ сатылып, 31 литр сыра ішіледі. Мамандар көрсеткіштің қалыпты деңгейден жоғары екендігін, ат төбеліндей қазақстандықтардың араққа аңсарының аууы алаңдатарлық ахуал екендігін алға тартады.
Десе «Арақ – атаңнан қалған ас емес» деген ұстанымдағы азаматтардың да қарасы аз емес. Бүгінде ащы су улаған санаға адал ой тұрақтамайтынын ұғынған саналы жандар жетіп артылады. Олардың арасында жастардың саны басым. Қоғамды аздырып, адамды тоздыратын маскүнемдіктің соңы абыройдан айырып, орны толмас олқылықты жайттарға алып келетінін жіті ұғынған абзал. Ең бастысы – салауатты өмір салтын ұстанып, ішкіліктен бойды аулақ ұстау.
ТҮТІННІҢ ТАУҚЫМЕТІН ТАРТҚАНДАР
Қазақстан тұрғындарының темекі және темекі өнімдеріне де әуестігі жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросы жүргізген талдау қорытындысына сүйенер болсақ, 2023 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 29,4 миллиард дана темекі сатылған. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары темекі өнімдеріне деген сұраныс рекордтық деңгейге жеткен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2011-2012 жылдары белесінде жыл сайын 25-30 миллиард дана темекі сатылған.
Ресми деректерге қарағанда, бүгінде Қазақстан тұрғындарының 19,4 пайызы немесе 3 миллион 900 мың отандасымыз темекіге әуес. Атап айтқанда, ерлердің 36 пайызы және әйелдердің 8,5 пайызы тұрақты түрде шылым шегеді. 2019 жылдан бері елімізде темекі тартатындар саны 1 миллионға артқан. Бұдан бөлек, соңғы жылдары электронды темекіге құмарлардың да қарасы көбеюде. Өкініштісі, құрамы күдікті вейптерді тұтынатындардың қатарында мектеп жасындағы жасөспірімдердің қарасы көп. Көк түтінді құшырлана тартатын жеткіншектердің үлес салмағы – 9,8 пайыз. Әсіресе, 11 мен 15 жас аралығындағы электронды сигаретке тәуелді балалардың саны 2014-2022 жылдары аралығында 7 есеге артқан. Осы ретте тағы бір дерек, ең көп темекі тартатын өңірдің көш басында Қостанай облысы тұр. Ал, Түркістан облысы тұрғындарының сигаретке деген сұранысы ең төменгі деңгейде.
Түрлі қатерлі ауруларға басты себеп, дауасыз дерттердің негізгі қоздырғышы болып табылатын темекіге тұрғындардың тәуелділігін азайту үшін бірқатар бастамалар қолға алынуда. Биылғы жылдың маусым айынан бастап электронды темекі өнімдерін, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, жарнамалауға тыйым салған заң күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған құжат бойынша электронды темекі өнімдерін сатқан адамға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынады немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Заңда 50 тәулікке түрмеге қамау жазасы да қарастырылған.
Вейптер Қазақстан нарығына шет мемлекеттен тасымалданатындықтан шекаралық өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді. Алдағы уақытта тыйым салынған вейпті елге әкеліп, нарықта айналымға жібергендер 7 миллион теңгеден астам айыппұл арқаламақ. Сонымен қатар, тәркіленген тауардың көлеміне қарай 1 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегілмек. Егер де осы тақілеттес заңсыз әрекеттерді қылмыстық топ жасаса, оның әрбір мүшесі 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, темір торға қамалмақ.
Еліміздің құқық қорғау органдары вейп таратқандар мен оған жарнама жасағандарды қатаң бақылауына алды. Бұл бастама жасөспірімдер мен балалар арасында вейптерді тұтыну күрт артып, елде вейпинг індетіне шалдыққандардың санының өсуіне түбегейлі тосқауыл қою мақсатында қолға алынып отыр.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына тигізетін зиянын атап өтіп, онымен күресті қарқындату қажеттігін алға тартқан болатын.
«Өкінішке қарай, вейп және түрлі электронды темекілерді тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі, электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі, бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін», – деп атап өткен болатын ел Президенті.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 15 шілдесінен бастап Қазақстанда темекінің барлық түрі қымбаттады. Дүкен сөрелеріндегі оның ең төменгі бағасы 770 теңгені құрап отыр. Ал, 2024 жылдың соңына дейін сүзгісі бар, сүзгісі жоқ 20 сигаретке, папиросқа, сигариллаға және электронды темекілерге ең төменгі сауда бағасын 820 теңге мөлшерінде бекіту ұсынылды. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі бағаны 870 теңгеге өсіру көзделіп отыр.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Заңның үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздіктік сақтау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі. Азаматты аздырып, тұрмысты тоздыратын жат қылықтардан арылу – әрбір озық ойлы, таным деңгейі биік азаматтың ұстанымы болуы тиіс. Ал әрбір азамат осындай түсінікте болса, ол салауатты қоғам қалыптастыруға жол ашатыны белгілі.
Жандар ТҰРАРҰЛЫ