Елдос Сметов – Париж Олимпиадасының чемпионы

0
1619

Дзюдодан Қазақстан командасының белді мүшесі Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Отандасымыз осылайша ел қоржынына алғашқы алтын медальді сыйлады. Қазақ балуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті. Осылайша, Елдос Сметов олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазды.

Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.

Жалпы Сметов үшін Парижде жеребе оңай болған жоқ. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина), ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей) жыққан. Ал жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды.  Парижде ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта қоланы Франсиско Гарригос пен Рюдзу Нагаяма (Жапония) алды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті құттықтады.

«Дзюдошымыз Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Оның шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстанның туы биікте желбіреді. Елдос мықты қарсыластармен күресте төртжылдықтың басты додаларында топ жарып, әлемнің үздігі атанды. Сіздің жеңісіңіз – біздің бүкіл халқымыздың жеңісі!» – деп жазды Мемлекет басшысы Х парақшасында.

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here