Ұлттық құрылтай – 2024: «Ырыстың бастауы – үнемшілдік»

0
1448

Тәуелсіздік алдық…

Уақыттың сан алуан аласапыранынан өттік…

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанның нәтижесінде Қазақстан әлемге танылды. Дұрысы Қазақ деген халықтың бар екенін жер жүзі білді.

Сол егемендігіміздің отыз жылын еңсеріп, әрі қарай қадам басқан елдігіміздің адымы қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі жолына түскені де анық. Осы дамуымызға бағыт-бағдарлама берген оң көрсеткішіміздің бірі – Ұлттық құрылтай. Бұл алқалы жиын соңғы үш жыл бойы тұрақты түрде өтіп келеді.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы – 2022 жылдың 16 маусымында ұлт ұясы Ұлытау облысында өтті. Екінші отырыс – 2023 жылдың 17 маусымында киелі Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Кезекті үшінші отырыс биыл – 2024 жылдың 15 наурызында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыппен шежірелі Сарайшық қаласы орналасқан Атырау аймағында өткені жұртшылыққа мәлім. 

Иә, Әділетті Қазақстанды құру жолында Ұлттық құрылтай басшы болып, оның мүшелері қосшы болып, салмағы зор істердің жүйелі түрде жүзеге асуына барынша ат салысып, еңбек етуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақтың ұрпағы емес пе едік. Осынау мақсатты біздер – қазақстандықтар бір ауыздан ел боп, жұрт боп қолдай түссек, тәуелсіздікті қорғауға, қолдауға қажетті алғышарттардың бәрін ақыл-парасатымызбен атқарған болар едік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де құрылтай мүшелерімен әрдайым кездесіп, кеңесіп, мәмілегершілік ұстаныммен қаншама шаруаның басын қайырып, қаншама түйткілдің түйінін шешіп, нәтижелі аяқтап жүргендігінен ақпарат көздерінен қанықпыз. Бір сөзбен қайырғанда, қоғамдағы өзекті мәселелер құрылтайда жөнімен талқыланып, ретімен жүзеге асып келеді.

«Сабақты ине сәтімен» дей отырып, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы ә дегеннен елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын әдемі пікірімен жеткізіп, көпшілікке келелі де кемелді ой тастады деуге болады. 

«Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президенті ел бірлігімен қатар төл тарихымызға да ерекше тоқталып өтті. Тарихи, мәдени мұрамызды сақтаумен қатар оны дәріптеуіміз қажеттігін ескертті. Оның пікірінше: «Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған».

Осынау тарихи тақырыпқа қатысты игі бастаманың басталып кеткенін де Мемлекет басшысы көпшілікпен бөлісті. Ол – Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүріп жатқанын, айтулы маңызды іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатқанын, бұл еңбектің тұтас бір томы Жошы ұлысына арналатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма бергенін, бұған қоса, Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.

Ортаға қойылған кезекті мәселенің бірі – тіл мәселесі болды. Расында да, қазақ жұрты онсан қырғындарды басынан өткізген ел. Соның салдарынан ұлтымыз сапалық тұрғыдан да, сандық тұрғыдан да көп нәрседен айырылып қалды. Өз жерімізде өзіміз аз санды ұлт болу сорына жеттік. Тәуелсіздігімізге дейін тіліміз көп азап шекті деуге болады. 

«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында»,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл алқалы жиында кітапханадар санын арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. 

«Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – дей отырып, Мемлекет басшысы бұл ойын өткен жылғы Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айтқанын және ондай кітапхана ғимараттарының таяу жылдары Алматыда, Астанада бой көтеретінін айтқан еді.

Құрылтайда қарапайым халықтың көкейіндегі маңызды тақырыптың бірі тілге тиек етілді. Ол – ысырапшылдық. Ысыраптың қадірін әу бастан қазақ халқы білген. Алайда, ысыраптың қадірін қашырып жіберген мына уақытта, осы тақырыптың мемлекет тарапынан қозғалуы оң болғандай.

«Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі. Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі, елімізде су тапшылығы пайда болды. Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұлттық құрылтай – мемлекет пен халық арасындағы байланыстырушы көпір іспеттес. Қоғамдық диалогтың бірыңғай моделін қалыптастырған осынау Алаңның қасиетін аласартпай, биіктеткен үстіне биіктете беру – парызымыз!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here