Абай атындағы ҚазҰПУ 2024-2025 жаңа оқу жылына жатақханаларда студенттерді қабылдауға белсенді дайындалуда. Жатақханаға өтінім беру 10-25 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
2024 жылдың 25 шілдесінде университет ректоры Болат Тілеп жоғары оқу орнының 1 206 орынды қамтитын төрт жатақханасын аралап, студенттерді қабылдауға дайындық барысымен танысты. Бүгінде жатақханаларда студенттердің өмір сүруіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін косметикалық жөндеу және дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.
Жатақханалардан орын бөлу кезінде әлеуметтік аспектілерге ерекше назар аударылады. Ең алдымен, бірінші курс студенттеріне және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге басымдық беріледі. Жатақханаға орналасуға өтініш беру процесі қол жетімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған, бұл оны барлық студенттер үшін ыңғайлы және қолжетімді етеді. Бұл шаралар ең мұқтаж студенттерді қолдауға және барлық студенттерге тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Биыл білім алушыларды жатақхана орындарымен қамтамасыз ету үшін Абай университеті 1550 орынды қамтитын бес жалдамалы жатақханамен келісім-шартқа отырды. Бұл шешім баспанаға мұқтаж 1-4 курс студенттерінің қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру мақсатында қабылданды. Сондай-ақ қазіргі уақытта тағы 1616 студент қабылдай алатын үш қосымша жатақханамен келіссөздер жүргізілуде. Жалға алынған жатақханалардың барлығы бейнекамералармен жабдықталған және студенттердің жайлы тұруы үшін барлық жағдай жасалған.
2024 жылдың 1 маусымынан бастап студенттерді жатақханаға орналастыру барысын оңтайландыру және қолдау көрсету үшін Қазыбек би, 30/1 мекенжайында орналасқан Ахуалдық орталық жұмыс істеуде. Орталықта студенттер мен олардың ата-аналарына жатақханаларға орналастыру мәселелері бойынша жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретін сенім телефоны іске қосылған.
Егер Сіз жатақханаға орналасу бойынша толық ақпарат алғыңыз келсе, Абай университетінің Ахуалдық орталығына хабарласуыңызға болады. Байланыс телефоны: 8 (727) 293 88 67.