Биіктерге самға, «Тау құсы»!

0
3601

Елімізге белгілі алаштанушы, әдебиеттанушы-ғалым, балалар жазушысы Елдос Тоқтарбай есімді азаматпен таныстығымыз 2018 жылы басталды. Оған дейін де «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең» монографиясының авторы ретінде танығанымды жоққа шығармаймын. Газет-журнал, әдеби және тарихи порталдарға жариялаған мақалаларын оқып, замандас ойының ұшқырлығы мен қаламының қуатын сезетінбіз. ХХ ғасыр басындағы тарихи тұлғаларымыздың өмірін қиған зұлмат жылдар, ұлтқа жасалған геноцид, өр қайраткерлердің ерен істері намысты, рухы асқақтап тұрған Елекең досты «Алаш» тақырыбын індете зерттеп-зерделеуге, ащы шындықты бұқпантайлап бұра тартпай, ақиқатына жүгініп, тіке айтуға әкелді десем мүмкін қателеспеспін, мүмкін қателесермін…

Ғылым жолы бұралаңға толы қиын болса, «Алаш» жолы, тіптен, соқпағы көп «азалы сапар»… Өйткені, әрбір Алаш қайраткерінің тағдыры мен шығармашылығына ден қойғанда, жан-жүрегің қансырамай тұра алмас. Жас та болса бас болып, басын бәйгеге тігіп, Алаштың жоғын түгендеп, қазақ жұртшылығына танытуда үлкен іс атқарып жүрген бірегей азамат кім десе? Бұл біздің – Елдос Тоқтарбай, Елекең дос дер едік! Елекең – сегіз қырлы бір сырлы азамат. «Жақсы жігітке жеті (жетпіс) өнер де аз» болса, онда бұл Елекең досқа айтылғандай. Өзі – алаштанушы, өзі – әдебиеттанушы, өзі – ғалым, өзі – ұстаз, өзі – қайраткер, өзі – шешен, өзі – жазушы.

Ғалым да – шығармашылықтың адамы. Бірақ, белгілі бір ғылыми кеңістіктен алыстай алмайтын сәттер болады. Ал, ақындық пен жазушылықта мұндай шығармашылық шекара болмайды (пішінді айтпағанда). Жазушының бақыты сол – ол өзі қалаған, жазсам деген негізгі ойын түрлі әдеби әдіс-тәсілмен бере отырып, оқырманның жүрегіне жол табады. Осындай шығармашылық еркіндікті қалаған Елдос Тоқтарбай Алаш қайраткерлері сынды жазушылықты да қатар алып жүрген жайы бар.

Қазақ әдебиеті көптеген жанрдағы шығармалармен толығып жатқаны жасырын емес. Көбісі ересектер аудиториясына арналған. Оқырмандар тарапынан «балаларға арналған шығармалар жоқтың қасы» екенін де құлағымыз шалып қалады. Тіпті, білім алушыларға жазғы демалыста оқу үшін берілетін кітаптар тізімінің жыл сайын қайталанып жататынын көзіміз шалады. Педагог болғандықтан ұлттың ұлылығын ұрпақтың санасына жас бүлдіршін кезеңінен бастап сіңіру керектігін үнемі айтып та, жазып та жүреміз. Осы тұрғыдан келгенде, балалар әдебиетін дамыту, балаларға арналған шығармаларды еліміздегі орта білім беру ұйымдарына жеткізу ісі маңызды мәселелердің бірі дер едім. «Оқырман ұлтты» қалыптастырамыз десек, онда оны – «алтын ұядан» бастауымыз қажет-ақ.

Балаларға нені оқытамыз? Жаһандану дәуірінде елін шексіз сүйетін ұлтшыл ұрпақты қалай тәрбиелейміз деп жүргенде Елдос Тоқтарбайдың балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгімелері мен ертегі, хикаяттары енген «Тау құсы» кітабы қолыма түсті. Кітап балалар мен жасөспірімдерге арналса да бір жолын қалдырмай, әрбір әңгіме мен хикаятқа зер салып оқып шықтым. Кітап жазушының әжесі – Зейнепхан Ермұхамедқызына арналғандықтан ба екен, әңгіменің әлқиссасы «Әжемнің баласымынан» басталды. Ата-әженің тәлімі, бүлдіршін баланың болашағына деген баспалдақтың мәні, бүгінгі алашшыл азаматтың дәнін еккен асыл әженің көрегендігі – қазіргі «заманауи» апаларымызға үлгі-өнеге.

Кітапты жазу барысында қаламгердің жас ерекшелікті ескергені бірден көрініп тұрады. Әңгімелердің тілі жеңіл, оқиға жылдам өрбіп, жас оқырманды жалықтырмай, ізгілікке, адамгершілікке жетелейді. «Айтыс» әңгімесіндегі «кітап пен айфонның» айтысын балалармен талқылау кітап оқудың құндылығын арттыра түсетіні айқын.

Кітапта үлкендердің (ата-әже, абыз ақсақал мен ақжаулықты әже) ақылын тыңдап, тілін алған жастың әдепті болып өсетінін әрбір жас оқырман түйсінеді. Сонымен қатар, баланың да өзіндік ізгі ойын жазушы назардан тыс қалдырмаған. Мәселен, «Қансонарда» әңгімесіндегі Рымқұл ақсақалға немересінің: «Ататай, мынауың жарамады, қалай дәтің шыдап аттың?! Жемтігін таба алмай жүрген ашқұрсақ бөрінің бөлтіріктерін ойладың ба?! Қарашы, аузы ашылып, көз ұшында бір тамшы жас ағыпты. Көк бөрінің көз жасына қалдың-ау? – деп ойындағысын іркілмей айтып салды, ал атасы үнсіз қалды» деген жолдардан ата тәрбиесіндегі немеренің жасымай, ойын еркін айта алатындығын жеткізгендей.

«Он бес жасар қаһармандағы» Еркетайдың ерлігі, «Отан» атты шағын әңгімедегі әженің ақылы, алты жасар Бегімнің ауылдағы өмірі, Айжан мен Маржанның торт пісірудегі таласы, «Көзімді құртпайындағы» Алинұрдың інісі – Арнұрға жанашырлықпен айтылған ақылы, егіз Ержан мен Нұржанға дастарқан әдебі туралы айтылған «Әпкенің сөзі», «Ынтымақтың» арқасында жеңіске жеткен «Алау» отрядының достықты сыйлай білгендігі, «Қарындасымның қылығындағы» Кәусардың қамқорлығы және т.б. «Жақсы сөз», «Атамның ақылы», «Ойын», «Сағат», «Ара», «Атамның әңгімесі», «Мейірімді аңшы», «Қарлығаштың ұясы», «Қара жорға», «Баянды ғұмыр» (ертегі) мен «Тау құсы» әңгімелері баланың тәрбиелі, инабатты, ақылды, жанашыр, қамқор, әдепті болып өсуіне үндейді.

Мені «Тау құсы» кітабында елең еткізгені – балаларға арналған деректі хикаяттар. «Мұрагер» хикаятында Жетісу өңірінде туған, кейіннен иісі қазаққа аты әйгілі болған Ілияс Жансүгірұлының есімін атақты Молықбай қобызшының «Қызырілияс» деп азан шақырып ат қоюы; бозбала Ілиястың қарт қобызшы Молықбайдың сыйлы қонағы болып, сый-құрметке бөленуі; ХХ ғасыр басындағы қиын-қыстау күндерде Молықбай ақсақалдың аяғына кісен салынып, түрмеге түсуі; Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгірұлының таныстығы, қобызшының күйлерін хатқа түсірсек деген ниет-тілек; қарт қобызшыға Ілиястың көмек қолын соза алмауы; Қобызшы Молықбайдың: «…Біздің дәурен осымен біткендей… Жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Менің елу жыл сенімді серігім болған қобызымды алдырыңдар, түсіме жиі кіріп жүр. Енді, Ілиясымды көруім-көрмеуім екіталай. Қайнардың еліне айт, Ілиясты күтсін, Ілияс – біздің ғасырдың ұлы ақыны! Мен оған сенемін. Тәңіріме тапсырдым», – деген өсиет сөзі; Ілиястың қилы тағдыры; «Күй» поэмасын жазудағы ақынның шабыт шалқарының өзегін аңғарған жас оқырманды деректі хикаят бей-жай қалдырмасы анық. Қаламгер Ілиястың қарт қобызшыға деген ықыласын, сүйіспеншілігін, құрметін суреттеп қана қоймай, Ілиясқа деген Молықбай ақсақалдың махаббатын да бере білген.

«Ұстаз»… Тұлғалар тағдырының балалар әдебиетіндегі бір үзігі… «Оян, Қазақ!» деп бүкіл түркі дүниесінде алғаш рет «оянуды» ұран еткен – Міржақып Дулатұлының өмірі туралы жасөспірімдерге арналған шағын хикаят. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы туралы балаларға алғашқы толымды ақпарат беретін туынды. Шешеден де, әкеден де ерте айырылған Міржақыптың ағасы – Асқардың тәрбиесінде болғандығын, Ы.Алтынсарының өлеңдерін жатқа айтып, сол кісі іргесін қалаған мектепте тәлім алғандығын да жазушы қамти отырып, ұзақ оқудан келе жатқан азаматтың туған жері – Қызбелге деген сағынышын суреттейді.

Ақын Мағжан Жұмабайдың М. Дулатұлын «ұстаз» тұтуының өзі ағалы-інілі сыйластықтың белгісі екендігін қаламгер ерекше ілтипатпен сипаттаған. Аға мен іні арасындағы диалогтан құрмет пен ізеттілікті аңғарасыз. Бірінен соң бірі шетінеген сәбилер өлімінен Жақаңның трагедиясын бағамдайсыз. Оған абақтыдағы, тар қапастағы өмірді қосыңыз. Қайратты ердің түрмедегі азапты жылдары қай оқырманды болсын тебіренте түсері хақ. Азамат ақынның мүрдесі 57 жылдан кейін туған еліне арулап жерленгенде, «ақынның артында қалған жалғыз тұяғы, асылдың сынығы – Гүлнар апамыз:

– Кешегі сөз – «Оян, Қазақ!» болса, енді оянған халыққа айтар бүгінгі сөз – «Ойлан, қазақ! – деді толқып» деген авторлық қолданыс жалпы халыққа қарата айтылып тұрғандай.

Алаш қайраткерлерінің есімдерін, өмір-деректерін көркем шығармаға айналдырып, тарту еткен жазушы Елдос Тоқтарбайға алғысымыз шексіз! Хикаятты оқып бір мұңайсақ, көркем туындыға айналған тұлғалар өміріне бек қуандық!

Қаламгердің «Серт» хикаясын оқып отырып, бір сәт балалық шаққа сапар шектім. Туған жердің тарихын, тұғаларын танытсам деген бала арман – көпке үлгі. Ұстазға деген құрмет те қапыда қалмаған. Ауыл балаларының түрлі ғылыми байқауларда, шығармашылық конкурстар мен жарыстарда шеттетіліп қалатынын, оның өзіндік себептері барын да ашып жеткізген. «Үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілік» тектіліктің белгісі екендігін тағы бір дәлелдей түскен хикаят. Бала Сырым өз-өзіне серт берді: «Менің жаным – әдебиет. Ұстанымым – Ахмет Байтұрсынұлының сөзі («Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін»). Ұраным – Алаш. Ғылыми бағытым – ХХ ғасыр. Салам – тарих. Қызығушылығым – ұлттық журналистика. Әуестігім – кітап жинау. Сүйікті ісім – кітап оқу». Осы серт – әрбір қазақ баласына үндеу іспетті.

«Өмір қандай керемет!» туындысы да – жас оқырман көңілінен шығатын хикаят. Мектеп кезіндегі албырттық, балаң көңіл, бауырмалдық, достық, өжеттік, қимастық, алғашқы сезім, бәрі-бәрі көз алдыңыздан өтеді.

«Киелі топырақ». Ақсақал мен шөбере арасындағы шерлі де шежірелі, тарихи әңгіме. Қарт әңгімені сонау ықылым заманнан бастап, «Бөрібай көтерілісін» тілге тиек етіп, «ұжымдастыру соңы үрей туғызғандықтан», жұт басталғанда елдің Қытайға ауа көшкенін; көштің ауыр да азапты жолынан бөлек қаншама қайғыны жұтқанын; жеті-сегіз жасар баланың үш қарындасынан тірідей айырылғанын, жолдың ауыртпалығын көтере алмаған анасының өлімін; туған жермен үнсіз ғана қоштасып, көштің тек түнделетіп қана жүргенін шөбересіне тарқатып айтқанымен есепші әйелдің келуі әңгімені аяқсыз қалдырады. Шөбересі атасының көңіліне қаяу түсіретін әңгімені қайта сұрамаған сынды. Өзге елге шекара асып көшсе де, туған еліне деген құштарлық, киелі мекен, киелі топыраққа деген адалдық, атамекенге деген аяулы сезім ақсақалды бәрібір өз еліне тартып-ақ тұрғанын хикаят мазмұнынан байқайсыз. Тамырыңның туған елге байланғанын жас өркенге танытып-ақ тұрған туынды.

«Тау құсы» кітабы балалар мен жасөспірімдер бойында туған елге, жерге, тарихи тұлғаларымызға деген шексіз құрмет пен сыйластықты туындатып қана қоймай, оларды ізеттілікке, адам бойындағы асыл қасиеттерді сіңіруге, талаптануға, тарихыңды тануға, білімді һәм тәрбиелі болуға, Отаныңды сүюге тәрбиелейді.

Бала арманы, бала қиялы таудан биік болар… Қиядағыны көзінің қиығымен шалатын қыранның қасиеті де – қазақтың болмысына тән.

Биікте қалықта, «Тау құсы»!

Әділ МҰРАТҰЛЫ,
әдебиеттанушы-ғалым, PhD,
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
университетінің аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here