Ата заңымыз адам құқығын қорғауға ерекше назар аударады. Және әр адам өз құқы мен бостандығын ішкі істер органдары арқылы қорғауға құқылы екені анық айтылған. Ал, ішкі істер орган қызметкерлері дегенде, алдымен полиция қызметкерлерін тілге тиек етеміз. Ел тыныштығын, бейбіт адамдар өмірін қорғап жүрген полиция екенін кейде мойындағымыз келмейді. Расында, олар болмаса, талай қылмыстың беті ашылуы екіталай. Мәселен, таяуда сондай қылмыстың бірі ашылды. Ұзақ жылдар бойы іздеуде жүрген қылмыскер полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында ұсталды.
Түркістан облысының полициясы 9 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген ер адамды ұстады. Polisia.kz жазуынша, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 9 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген жергілікті тұрғынды анықтады. 35 жастағы іздеуде жүрген қылмыскерді полиция қызметкерлері Сайрам ауданындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Күдіктінің 2015 жылы атыс қаруын қолданып, ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестірілгені анықталды. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Тергеу күдіктінің қылмысқа қатысы бар екенін толық дәлелдеді, ал жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Көк туымыздың желбіреп, көк аспанымыздың ашық болуына ішкі істер қызметкерлерінің сіңіріп жүрген еңбектері зор екенін кез келген азамат біле жүргеніміз абзал.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ