Қазақстанда инклюзивті қоғам қалай құрылады?

0
2050

Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам бала инклюзивті білім алуға мұқтаж. Алайда, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды бейімдеу – өзекті әрі өте күрделі мәселе. Әділетті мемлекет және инклюзивті қоғам құру жолындағы Қазақстанда соңғы жылдары көптеген өзгерістер орын алды. Осы салада алға жылжу үшін қандай қадамдар жасалды? Сол туралы тарқатып көрсек.

ҰЛТТЫҚ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Даму ерекшеліктері немесе мүгедектігі бар студенттерге білім беру ресурстары мен қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған инклюзивті білім беру – қазіргі білім беру жүйесінің маңызды аспектілерінің бірі. Алайда, инклюзивті білім беруді жүзеге асыруда қиындықтар да жоқ емес. Атап айтқанда, педагогтердің біліктілігінің жеткіліксіздігі, ресурстардың жетіспеушілігі, арнайы бейімделген оқу материалдарының болмауы, әлеуметтік бейімделуді қамтамасыз етудегі проблемалар және ата-аналар мен қоғамның екіұшты көзқарасы солардың қатарында. Сол мәселелерді біртіндеп шешу жолдары да қарастырылып келеді. Мәселен, Білім министрі Ғани Бейсембаев биыл жыл басында ғылыми қоғамдастық өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысқан дөңгелек үстел отырысында осы жылы Қазақстанда Ұлттық инклюзивті білім беру орталығын құру жоспарланып отырғанын айтты.

Арнайы білім беру әр балаға жеке көзқараспен қарауды талап етеді. Осы мақсатта Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын іске қосу жоспарлануда. Оған қоса біз кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесін қайта қарастырамыз. Педагогтер оқытылатын жоғары оқу орындарының бағдарламаларына «Инклюзивті білім беру» модулін қосу жоспарлануда, сондай-ақ педагогтер үшін біліктілікті арттырудың жаңа курстары әзірленуде, – деді министр.

Осы орайда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан «Инклюзивті білім беруді дамыту бойынша стратегиялар мен бағдарламалар» әзірленгенін, педагогтер үшін оқыту семинарлары мен тренингтері өткізіліп, мектептер мен оқу орындарының бастамаларына қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Арнайы білім беру ұйымдарының саны 68-ге артты. Мектептер базасында инклюзияны қолдаудың 708 кабинеті, 22 ресурстық консультативтік орталық ашылды. 2,5 мыңға жуық педагог-ассистент, 9,7 мың арнайы педагог, 12 мыңнан астам педагог-психолог және әлеуметтік педагогтар қабылданды. 600-ден астам арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін оқу орындарында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің ұлттық моделі енгізілмек, – дейді вице-министр.

Сондай-ақ, Еділ Сабырұлы бүгінде еліміздегі мектептердің 86 пайыздан астамында инклюзивті білім алуға жағдай жасалғанын атап өтті. Алайда, ресми ақпарат бойынша Қазақстанда қазір ерекше білім беруді қажет ететін 200 мыңнан астам бала бар. Олардың орналасқан жері туралы нақты деректер жоқ.

ЕЛІМІЗДЕ МҰҒАЛІМДЕР-ТЬЮТОРЛАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшесі Богдан Джепканың айтуынша, мектептердің көпшілігінде инклюзивті білім алуға қолжетімділік бар, бірақ мұғалімдер-тьюторлар және басқа да мамандар жетіспейді, 10-11 сыныптарда білім беру бағдарламасы жоқ. Мектеп әкімшілігі ерекше қажеттіліктері бар балаларды көбіне үйде білім алуға көндіреді. Олардың қатарында церебральды сал ауруы, Даун синдромы, эпилепсия, психикалық бұзылулар және т.б. диагнозы бар балалар көп. Олар білім беру бағдарламасына ілесе алмайды, сондықтан олар мектепке бармай, мұғалімдер олардың үйіне келеді. Алайда, Богдан Джепка мұны заңды бұзу деп санайды, ата-анасының немесе қамқоршысының келісімінсіз мұны істеу мүмкін емес дейді. Екіншіден, мұндай балаға ең алдымен әлеуметтену қажет, яғни құрдастарымен қарым-қатынас керек, содан кейін ғана оқуда ілгерілеу болмақ.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тек мектептерде оқи алады. Бізге арнайы мектептер қажет емес. Осы ретте ата-аналарды қорықпай, балаларын қарапайым мектептерге әкелуге, үйдің алдындағы алаңдарға шығаруға шақырамын. Мәселелерге келетін болсақ, мұндай балаларды оқыта алатын арнайы мұғалімдер жетіспейді және оларға арналған білім беру бағдарламасы нашар. Мен де I топтағы мүгедекпін, арбамен жүремін. AlmaU-да 2-ші курста оқимын, бұл оқу орнында бағдарлама барлығына бейімделген, ғимараттың барлық қабаттарында мүгедектер үшін кез келген зат қолжетімді. Мүгедектерге арналған арнайы белгісі бар дәретхана жұмыс істейді. Әр студент маған көмектесе алады әрі қолдауға дайын, – дейді Богдан Джепка.

Спикеріміз атап өткендей, расында бұл салада мұғалімдердің жетіспеушілігі – ең маңызды мәселелердің бірі. Себебі, салада кадрларды даярлау күрделі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әрбір жеке тобына бөлек тәсіл қажет. Мәселен, педагогика ғылымдарының докторы және профессор Дания Ахметова «Инклюзивті білім берудің педагогикасы мен психологиясы» атты оқу құралында былай деп жазады: «Мүмкіндігі шектеулі баланы дамыту үшін оның қайта әлеуметтену процестеріне қосылуы мүмкін жағдайлар жасау қажет. Бұл мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қызметті ұйымдастыру және толерантты орта құру деген сөз. Мұндай орта білім беру процесінің барлық қатысушыларын біріктіруге, сондай-ақ жасына қарай даму дағдарыстарын жеңуге психологиялық көмек көрсетуге қызмет етеді. Қолдау технологиясына қызметке енгізілген психологтар білім алушылардың жалпы білім беретін ортаға  мүгедектігі бар балаларды біріктіруге, олардың жалпы оқу жоспарына сай білімді сәтті игеруге деген ынтасын дамытуға ықпал етеді». 

Былтыр еліміздегі Сенатта «Инклюзивті парламент» депутаттық тобы және инклюзия жөніндегі Кеңес құрылды. Сол ұйымдардың жұмысы туралы Сенатор, Сенат жанындағы инклюзия жөніндегі кеңес төрағасы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Қалтаева айтып берді. Оның айтуынша, «Инклюзивті парламент»  палатааралық тобын құру бастамасы мәжіліске мүгедектігі бар 9 депутат іріктелген кезде туындады. Былтыр күзде жұмысын бастаған топ мәжіліс деңгейінде ұдайы жұмыстар жүргізуде, мүгедектігі бар жандарға қатысты барлық заңдарды қарайды, заң мүгедектердің құқығын аяққа таптай ма немесе өздерін дамытуға мүмкіндік бере ме, соның бәрін қарастырады. Ал, кеңестің қызметі басқа. Ол мемлекеттік органдар мен сарапшыларды қосқанда 10 депутаттан тұрады.  Мұнда жүйелі түрдегі мәселелер көтеріледі.

Біздің міндетіміз – ерекше қажеттілігі бар балалардың көбею себебін түсініп, салыстырмалы талдау жасау. Бұл аурулар өсімі тек Қазақстанда ғана ма, әлде әлемде де бар ма? Соның бәрі зерделейді. Сонымен қатар, жабдықтар мен мамандар жетіспеушілігі де айтылып жүр. Генетиктердің айтуынша, ана құрсағында жатқан кезде балаға диагностиканы дұрыс жүргізу үшін сол саланы қаржыландыру керек. Сарапшылар баланың денсаулығын анықтап, емдеуде ертерек араласу мәселесін көтеруде. Қазір балалар мүгедектігі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бюджеттен қаржы бөлу, мамандар дайындау, ерте араласу бойынша ведомствоаралық топтар құру мәселесі көтерілуде. Зерттеулер 3 жасқа дейінгі аралықта баланы түзету мүмкіндігінің көптігін көрсетті, сондықтан бізге заманауи мықты технологиялық жабдықтар керек, – дейді сенатор.

Кеңес жұмысының нәтижесінде көзі нашар көретіндердің қосымшалар мен сайттардағы ақпараттарға бейімделуіне кедергі келтіретін стандарттар өзгертілді. Туризм және спорт министрлігі мемлекеттік қолдауға ие паралимпиадалық ойындар қатарынан алып тастауды көздеген спорттың сурдлимпиадалық түрі бойынша мәселе шешілді.

Толеранттық және инклюзия мәдениеті дамыған қоғамда мүгедектігі бар адамдар қоғамның бір бөлігі ретінде қабылданады. Сол жағдайда олардың мүддесі де автоматты түрде шешімдер мен заң қабылдау кезінде қарастырылуы керек. Біз үнемі «мүгедектер қорғауға зәру, оларға көмек беру керек, алайда шешімді мамандар, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер қабылдау керек» дейтін стереотиптер жағдайында өмір сүргендіктен мүгедектігі бар жандарды ешкім тыңдамайды да. Мәселен, мүгедек әйелдерге бала босанып не керек? Бала туу оның өзінің де, баланың да денсаулығына қауіп төндіреді, отбасына қаржылық қиындық келтіреді деп санайды. Ел арасында осындай тұжырым бар. Сонда өзі де шешім шығара алатын мүгедектер үшін біреулер шешім қабылдайды. Ал шын мәнінде, көптеген мүгедектер отбасы мен жақындарын өз бетінше асырап отыр. Сондықтан бүгінгі таңда біздің қоғамда мүгедектігі бар жандар Парламентке дейін келіп, өздері сияқты адамдардың мүддесін қорғап жұмыс істеуі керек деп санаймын, – дейді Ләззат Молдабекқызы.

Қазақстанда қабылданған Әлеуметтік кодексте ең алдымен, қазақстандықтардың әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктері саласындағы заңнаманы адамның туғаннан өмірінің соңына дейінгі өмірін ыңғайлы ету мақсаты көзделеді. Кодекстің екінші міндеті – азаматтардың әртүрлі санаттарын, мысалы, жастарды, зейнеткерлерді, қандастарды, мүгедектігі бар адамдарды сипаттау, сондай-ақ олар үшін Қазақстанда қандай әлеуметтік кепілдіктер көзделгенін белгілеу.

ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ ҚҰРУДАҒЫ ФИНЛЯНДИЯ,
ГЕРМАНИЯ, ЖАПОНИЯ ТӘЖІРИБЕСІ

Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқының 3,7 пайызын мүгедектігі бар адамдар құрайды. Елімізде сол мүгедектігі бар адамдарды кемсітпеу туралы норма енгізілді. Бұл норма әлеуметтік қорғау туралы ескі Заңда да болған, Әлеуметтік кодекстегі өзгерістер жәрдемақылар мен төлемдер мөлшеріне әсер етті.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде бюджеттің ұлғаюына, жәрдемақы шығындарына сәйкес мүгедектерге төлемдер ұлғайтылды. Мемлекеттік сақтандыру қорынан қосымша төлемдер пайда болды. Мүмкіндігі шектеулі  балаларға арналған сыйымдылығы аз үйлер ашыла бастады. Бұрын мұндай үйлер көп емес еді, олар негізінен ересектерге арналған пилоттық жобалар болатын. Бұл өте маңызды, өйткені мүгедек балалар өздерін еркін сезініп, режимнен тыс өмір сүре алатындай жақсы күтімде болуы үшін үй жағдайына жақын жерде болуы керек.

Аталған топ пен кеңестің күшімен ақыл-ойында кемістік бар балаларға арналған санаторий-курорттық емдеу мәселесі шешілді. Бұрын ата-аналар тарапынан балаларына басқалармен бірге демалуға құқық берілмейді деген шағым көп болатын. Қазір бұл құқық берілді, ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курортта емделуге жағдай жасау үшін қаражат бөлінді.

Мен мүгедек балалар мен мүгедек емес балалар бір балабақшаға барып, бір мектептерде оқыған кезде қоғам инклюзивті болады деп санаймын. Бірақ, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау тек пандус пен қолжетімді жуынатын бөлме салу ғана емес, бұл оқу процесін ұйымдастыру, бұл дайын мамандар, педагогтер, саланы қаржыландыру, мүгедек оқушылардың ерекше қажеттіліктеріне бейімделген бағдарлама. Финляндияда болған кезде маған инклюзивті мектеп жоғарыда түгенделген жайттардан да бөлек кеңістікті және тіпті қашықтықты ұйымдастыру екенін айтты. Церебральды сал ауруы бар бала сабақта жүргенде сыныптан шығып, келесі кабинетке жетіп, жуынатын бөлмеге баруы керек. Оның негізгі сыныбы осы нүктелерге мүмкіндігінше жақын болуы керек, сонда бұл бала сыныптастарына ілесіп, оқу үдерісіне ілеседі. Бұл да инклюзивті білім берудің бір бөлігі болып табылады. Өкінішке қарай, бізде пандустар мен жуынатын бөлмені жабдықтау ғана инклюзия деп саналады. Инклюзивті білім берудегі тең жағдайлар – бұл әр баланың ерекше қажеттіліктерін түсінуі керек кешенді жүйе. Менің ойымша, әлі де көп нәрсе істелу керек. Мұнда ең бастысы – озық әлемдік тәжірибені зерттеу, оны қабылдау, оны біздің өмірімізге әкелу және соны жеткілікті деңгейде қаржыландыру, – дейді Ләззат Молдабекқызы.

Сенат «Қазақстанда осы бағытты дамыту үшін жаңа тетіктерді енгізу қажет» деген мәселені екі жылдан бері көтеріп келеді. Сондай-ақ, аталған кеңес мүшелері Германия мен Жапонияда бар өтемақы төлемдерін енгізуді ұсынуда. Онда егер жұмыс беруші мүгедек адамды жұмысқа ала алмаса немесе қаламаса, ол арнайы қорға өсімпұл төлейді. Қордағы қаражат жинақталады және мүгедек адамды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушіні ынталандыруға жұмсалады. Мұндай әдісті қазір ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеп жатыр, оны жыл соңына дейін ұсынылатын болады.

Депутаттың айтуынша, инклюзивті білім беру және сондай қоғам құруда бұл да жеткіліксіз. Сол себепті жұмыс берушілерді де, мүгедектерді де жұмыс істеуге ынталандырудың басқа да көптеген нұсқаларын қарастырған жөн. Алдымен ақыл-ойы дамымаған адамдарға қалай қолдау көрсете алатынымызды қарастыру керек, өйткені олар заң бойынша жұмыспен қамту бағдарламаларына қатыса алмайды. Мүмкін кейбір шектеулерді алып тастап, олардың жұмысын ұйымдастыру үшін жаңа формалар жасау керек.

Соңғы 30 жылда мүгедектігі бар адамдар оқшауланғандықтан қоғамда көрінбей қалды. Олар мемлекеттік басқаруға қатыстырылмады. Мұндай жандардың мемлекетті басқаруға қатысуы туралы айту 10-12 жыл бұрын шындыққа жанаспайтын әңгіме еді. Қазір Президент мемлекеттік аппаратта жастар, әйелдер, мүгедек адамдар болуы керек дейді. Ол мемлекеттік аппаратқа осы үш санаттағы азаматтардың келуі үшін жағдай жасау керектігін айтты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Инклюзивті Қазақстан – бұл барлық деңгейде, барлық салаларда әртүрлі жастағы, жыныстағы, әлеуметтік мәртебесі әртүрлі адамдар бірдей қатыса алатын қоғам мен мемлекет. Осы бағытта елде барлық жағдай жасалып жатыр. Әлі де жетілдіре түсетін тұстары жоқ емес. Әлемнің озық тәжірибесін елімізде іске асыра отырып, бұл ахуалдың өзіндік ерекшеліктеріне қарай тиімді әдістерін табу және сол бағытта шаралар қабылдау Қазақстанда инклюзивті қоғам құрудың кепілі болмақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here