Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды реформалар Қазақстан үшін әлемдік ақпараттық және мәдени кеңістіктің географиясын кеңейтуге және жаңа көкжиек ашуға мүмкіндік береді. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі жетекшілік ететін бағыттарда көптеген маңызды оқиғалар орын алып, бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ақпарат, мәдениет, азаматтық қоғам, дін және этносаралық, жастар және отбасы саясаты, креативті технологиялар бағыттары бар.
Ақпарат саласын дамыту
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы және Жолдауындағы тапсырмалары мен реформаларын орындау аясында Министрлік мәдениет, ақпарат және коммуникация салаларын дамытудағы негізгі бастамаларын іске асыруда.
Ақпарат саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы. 2024 жылдың бірінші жартысында «Масс-медиа туралы» Заңды қабылдау бойынша айтарлықтай жұмыс жасалды. Заң жобасы тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп талқыланған құжаттың біріне айналды. Нәтижесінде 19 маусым күні ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаев медиасферадағы жаңа үрдістерді ескере отырып мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғауға арналған «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды.
Қазақстандық телеарналардың халықаралық деңгейде таратылуы тұрақты түрде және айтарлықтай кеңейіп келеді: «Silk Way» арнасы қазірдің өзінде 118 елде көрсетіліп АҚШ, Еуропа және Азиядағы кабельдік операторларға қосылған; «Хабар 24», «Qazaqstan International» және «Balapan International» Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда және басқа да елдерде хабар таратады.
Музей ісін дамыту және театр өнерін насихаттау бойынша жұмыстар белсенді түрде атқарылып жатыр. Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасының иммерсивті көрмесі жарқын оқиғаға айналып, нағыз сенсация тудырды: экспозицияға 25 мыңнан астам адам келді. Биыл құрылған шығармашылық ұжымдар – «Бірлік» ән-би көпұлтты ансамблі және классикалық гитаристердің Мемлекеттік квинтеті халықаралық сахналарда сәтті өнер көрсетіп жүр.
Жыл басынан бері мемлекеттік театрлардың шығармашылық ұжымдары жеті жарым мыңға жуық спектакль ұсынды, оған бір жарым миллион көрермен қатысты.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екенін атап өтті. Осыған байланысты «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» деп белгіленді. Кітаптар барлық азаматтарға қолжетімді болуы тиіс, сондықтан қазір елде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 17 мамандандырылған кітапхана жұмыс істейді.
Қазақстанда цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу қарқынды дамып келеді. 580 радиотелевизиялық станция ел халқының 93%-дан астамын «цифрмен», ал шекаралас аудандарда «Qazaq radiosy» халықтың 91%-ын немесе 435 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.
Өңірлік баспасөзді дамытпай, ақпарат саласын дамыту мүмкін емес. Министрлік биыл да мемлекеттік тапсырыс арқылы өңірлермен жұмыс істеуді және Журналистиканы дамыту қоры арқылы гранттар беруді жалғастырды. Сондай-ақ, өткен сәуірде алғаш рет өңірлік БАҚ әлеуетін арттыру және журналистік материалдардың сапасын жақсарту бойынша форум өтті.
Өңірлік баспасөз өз позициясын жоғалтпай, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлердің көмегімен сапалы дамып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн.
Мәдениет, өнер және әдебиет жаңа кезеңге өтті
Халықтар арасындағы өзара байланысты нығайту үшін, басқа елдермен гуманитарлық ынтымақтастық кеңейтіліп, күшейтіліп жатыр. Әрине, жылдың маңызды оқиғаларының бірі екі мемлекет көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен Қазақстанның Бейжіңде және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарының ашылуы болды. Орталықтар мәдени іс-шараларды өткізуге арналған алаңға айналды.
Биыл Қазақстан алғаш рет Венеция өнер биенналесінің толыққанды қатысушысы атанды, онда Jerūiyq мифтік мекені – құт қонған жер туралы ежелгі қазақ аңызының заманауи түсіндірмесі ұсынылды. Осылайша, Қазақстан әлемдік мәдени қоғамдастыққа қосылуын және өзінің мәдени құндылықтарын насихаттауға деген ұмтылысын растады.
Мәдени нысандар – Түркістанның мәдени мұрасының жүрегі
Түркістанның туристтік әлеуеті қарқынды дамып келеді. Қаланың мәдени мұрасының көрсеткіші – 20 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін атауға болады. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аумағында орналасқан бұл зәулім тарихи нысан түркі әлемінің рухани бірлігінің символына айналды.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бірегей тарихи жәдігерлерді сақтай отырып түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Оның экспозициялық алаңдарында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттыруға бағытталған көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Бұл бастама Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өңірдің мәдени өмірінде музей-қорықтың маңыздылығын айқындайды.
Жастар және отбасы саясаты-қоғам дамуының негізі
Министрлік жұмысының басым бағыты- жастарды қолдау, оларды «Адал азамат» қағидаттарына баулу болып табылады. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жаңарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Аталған бастама жастарды ұлттық міндеттерді іске асыруға белсенді тартуға мүмкіндік береді.
Жастарға арналған төмен пайыздық мөлшерлемемен «9-20-25/Отау» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылса, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті нығайту Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы болып табылады. Салада сапалы өзгерістер орын алып келеді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта Аналар күні алғаш рет аталып өтті. Бұл бағытта 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының орындалуына мониторинг жүргізу маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік мекемелер үшін БҰҰДБ-мен гендерлік теңдікке қол жеткізудегі сертификаттау бағдарламасы аясында жұмыстар жалғасуда.
Азаматтық қоғам билік пен халықтың өзара әрекеттесу факторы ретінде
Қазақстан өзін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деп жариялады, сондықтан министрлік билік пен қоғам арасындағы байланысты дамытуға күш салып келеді. Epetition.kz платформасы азаматтардың өтініштерін жіберетін алаңға айналып, қазір 54 өтініш жарияланды. Екі өтініш бойынша шешім шығарылды.
Жыл басынан бері ведомство Қазақстанда азаматтық секторды дамытудың үш бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олар: институционалдық негіздерді құру, диалогтық өзара іс-қимыл жасау және азаматтық бастамаларды дамыту.
Волонтерлік қозғалыс 50 мыңнан астам еріктіні тарта отырып сәтті жұмыс істеп келеді. Бүгінде Қазақстанда 700-ге жуық волонтерлік ұйымы, 1000-нан аса бастамашыл топ және 1000-нан астам «Күміс волонтерлер» бар. Сондай-ақ елімізде төтенше жағдай кезінде аймақтардағы адамдарға көмектесетін, әлеуметтік көмек көрсететін, медициналық, қайырымдылық жобаларын ұйымдастыратын, ағаш отырғызып, табиғи полигондармен күресетін 240 мыңнан аса волонтер бар. Су тасқыны кезінде құтқарушылармен бірлесе жұмыс істеген 50 мың волонтерсіз төтенше жағдай дүрбелеңіне қарсы күрес сәтті жүрді.
Қазіргі таңда Қазақстанда ҮЕҰ заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп, оған 40-тан астам сарапшы мен азаматтық қоғамның 50 өкілі қатысуда. Жұмыс барысында 42 өзекті мәселелердің тізілімі қалыптастырылып, нәтижесінде кешенді шаралар қабылданады. Сондай-ақ «Азаматтық қоғамды дамыту» тұжырымдамасы да жаңартылады. «ҮЕҰ академиясы» жобасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың 759 өкілі оқытылды.
«Игі істер марафонын» өткізу игі дәстүрге айналып, 9 мың адамның қатысуымен 625 іс-шара ұйымдастырылды. Жыл сайын 2000-нан астам әлеуметтік жоба іске асырылып, олардың көлемі 14%-ға артты.
Шығармашылық индустриялар-экономиканың болашағы
Қазақстандағы креативті индустриялар көптеген әлеуметтік және мәдени міндеттерді шеше алатын экономикалық өсудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында аталған саланы дамытудың маңыздылығын атап өтіп, әрбір облыс орталығында креативті хабтар құруды тапсырды.
Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, қазір Парламент Мәжілісінде қаралуда. Креативті индустриялардағы кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Нәтижесінде бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, креативті салалардың 40 түрі қамтылды. Бұл ретте кәсіпкерлер бірыңғай салық төлейтін болады – жеке кәсіпкерлер үшін 2-4% және ЖШС үшін 8%. Бұл шаралар 35 мыңға жуық кәсіпкерге салықтық жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақстанда халықаралық нарықта креативті тауарлар мен қызметтерді ілгерілету және жас таланттарды қолдау үшін «Креатив хаб «халықаралық креативті индустрия орталығы» корпоративтік қоры құрылуда.
Күшіміз – бірлікте
Ұлттық бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Қазір оны дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы іске асырылуда. Ассамблея этномәдени өзара іс-қимылды белсенді дамытуда. Статистикаға сәйкес, азаматтардың 97% этносаралық қатынастарды оң бағалайды. Қазір республикада 1000-нан астам этномәдени бірлестік, сондай-ақ 15 тілде 52 этностық БАҚ жұмыс істейді.
Жұмыстың маңызды бағыты – дін саласы
Министрлік діни экстремизмнің алдын алу профилактикасын жүргізіп, елімізде зайырлы құндылықтар мен конфессияаралық келісімді нығайту бойынша пәрменді қадамдар жасайды. Діни экстремизмнің алдын алу шеңберінде қазақстандық қоғамда зайырлы құндылықтар мен конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін 12 959 материал дайындалды. Елімізде 3 961 діни бірлестік және 14 рухани оқу орны тіркелген.
Жылдың екінші жартысында мәдениет және ақпарат министрлігі барлық жетекшілік ететін салаларды дамыту бойынша кешенді жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі