Хат мәдениеті

0
2961

XIX-XX ғасырлар бедерінде ғылым мен мәдениеттің шоқтығына көтеріліп, тар кезде жасап, мол мұра қалдырған ұлт зиялыларының бірегейі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі жүйелі зерттеу объектісіне айналып келеді. Байтұрсынұлының мол мұрасының жете зерттелген тұсы тіл ғылымы бойынша еңбектері болса, тұлғаның мемлекеттік қызметі, арыстың қуғын-сүргін құрбандығына шалынуы да біршама зерделеніп қалды. Жақында Ахмет Байтұрсынұлы туралы соны еңбектер санатындағы жазушы, философ Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» атты роман-эссесімен танысуға мүмкіндік туды. Бұл туынды өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығы алқасы ұсынуымен «Орхон» баспасынан жарыққа шыққан. Роман-эссе ахметтанудағы жазылып жатқан көптеген кітаптан өзіндік өрнегімен ерекшеленіп тұр. Шығарма авторының А.Байтұрсынұлының тұлғасын бүгінгі оқырманға танымдық ақпаратқа бөлеп таныстыру тәсілі тәнті етті.

Философиялық пайыммен жазылған бұл кітап А.Байтұрсынұлының туып-өскен заманы, оның тұлғасының қалыптасуы шарттары, телегей ғылыми мұрасы, сол замандағы қоғамдық пікірдің жай-күйі, ішкі қайшылықтары туралы толғаныстардан тұрады. Бұлай баяндау, сөз жоқ, көбік сөз, сыпыра мақтаусыз, керісінше танымды арттыратын мағлұматтармен қордаланып отырады. Жазушы А.Байтұрсынұлы өмір кешкен дәуірдің тарихи сипаты, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері, қазақы қауымға әкелген жаңалығын ұтымды талдаған. Ахметтің саналы өмірі  қазақ сахарасына отаршыл орыс буржуазиясының «соқасы мен зеңбірегін қатар сүйретіп» жеткен кезеңіне тұспа-тұс келгені атап көрсетілген. Көшпелі жұрт өз тағдыры тура іргесінде құрылған орыс қалашықтарында орналасқан «губерниялық орталықтарда жүз өзгеріп, сан құбылып жатқанын білмегені» айтылған. Ахметтің ғұмырнамасын тізбектей сараптап өткен шығарма авторы ғалымның оқу-ағарту саласында бейнеттене жүріп, саяси-әлеуметтік мәселелерге ойысқанын көрсетеді. Мұның өзі де зор қажеттіліктен туған еді. Империяның ішкерісінен ағылған келімсектерді жерге орналастыру бойынша астарына мол сыр бүккен заңның қабылдану, іске асырылу жықпылдарына бойлаған А.Байтұрсынұлы қазаққа керек жер туралы тәртіп-заңды ана тілге тәржімелеп, қандастарының жер таласында есе жібермеуіне қамқор болады. Алайда, низам шеңберінде өзі иелік етуге тиіс жер телімдерін орыс мұжықтарына сату арқылы ертеңгі күн үшін қатерлі қадамдарға барған кейбір малсақ қазақтардың әрекеті Ахмет ағартушыны қатты қапа қылғанын да жазушы жасырмайды. «Мінеки, біздің қазақтың ісі» – деп, күрсінгендей оқыған жан…

Философ жазушы Д.Амантайдың шығармасын оқи отырып, ағартушы мұрасының бүгінімізбен соншалықты үндес екеніне, ол көтерген маңызды мәселелердің әлі де өзекті екеніне көз жеткізумен боласың. Роман-эссе жанрындағы шығарма өткен күннің баянымен бірге, бүгінгі һәм ертеңгі күннің түйткілдерін талдаған толғаныстарға толы.

Атап айтқанда, жазушы бүгінгідей жазу-әліпби жолайрығы туып тұрғанда өткен күннің жазуын ұмытпаудың маңыздылығына тоқталады. «Қазақ халқы төте жазуды ұмытпауы тиіс, ол – біздің түпнұсқа (шартты түрде) жазуымыз. Сондықтан төте жазу – қазақтың ұлттық қазынасы. Бүгінгі күнге дейін қолданыстан шықпаған, екі миллионға жуық алаш баласының хатына айналған, өміршеңдігін көрсеткен қатынас құралы» (90-бет) – деп нықтайды автор. Хат мәдениеті қалыптасқан халықта әріп алмастыруға құштарлық бола бермейтіні айтылады. Шындығында, жазу ауыстыру құштарлықтан емес, империялық пиғылдан сырттан таңылғаны анық еді. Бүгінде төте жазуда жазылған қанша қазына зерттеусіз, қажетке жаратусыз жатқанын іш ашымай ойға алу мүмкін емес. Роман-эссе авторы тал қармаған суға ағушы сияқты дүниенің әйтеуір бір түкпірінде төтені қажет ететін қазақ қауымы барына шүкіршілік етеді.

Тіл мұраты мен болмыс философиясы арқау етілген шығармада Ахмет Байтұрсынұлының Абай шығармашылығын айырықша бағалағаны, басқа да замандастарының творчествосын бөліп-жармай толық қамтуға тырысқан айырықша құрметі тереңнен толғап,  баян етіледі. Ағартушының қорғанышы жоқ, ұйқысы басым қырдағы қауымды маса боп мазалаудағы мақсаты, халқының даму көшінен қалмауына септесу екені тарқатылады. Өйткені, маса қозғалыстағы қауымға, еңбекпен мәшһүр жұртқа жоламайды. Әрекет ету масаны жуықтатпайтын тәсіл ретінде мадақталған.

Ағартушының адамзаттық ортақ мұраны оқушының қажетіне жарату мақсатынан туған тәржімелеу, өзінше қорыту тәжірибесі түріндегі баянын кәдуілгі жымысқы «жиендікпен» шатастырмау керектігіне тоқталған автор сөз арасында әйгілі И.Крыловтың Лофентеннің 70 туындысын өз атынан жариялағанын айта кеткен. Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығындағы ойшылдардан тәржімеленген ой тудырар мысал, шығармалар қайтсе де ұйқыдағы қауымды оятуға бағытталған ағартушылық қызмет мұратынан туған болатын.

А.Байтұрсынұлы мұрасын арқау еткен роман-эсседе оқырманын ойлантпай қоймайтын ұғым тіркестері көп-ақ. Әсіресе, «Тіл мен технология» тақырыбын алсақ, ойдың тасқа бедерленуінен басталған тілдің технологиялық сапары бүгінге ұласты. Роман-эссе авторы өзінің бүгінгі ақпарат дәуіріндегі замандастарына қатысты «ғалам-адам» деген түсінік енгізгенін айтып өтеді. Ғалам-адамды өзінің емес бүкіл ғаламның проблемалары толғандырады. Ол азығы ақпарат болған жаңалық тұтынушы ғана. Көзін тырнап ашқаннан жер шарының уайым-қайғысымен болады. Күн сайынғы ақпарат ағынының кеспе көжесін талғаусыз қорек етуші ғалам-адамның өзі аяқ басып тұрған жеріне, ауылына, қаласында қалуы неғайбыл. Бұнымен бірге бүгінгі әдебиетте шығарма авторының өз өмірбаянын көркем прозамен үйлестіретін, автор бастан өткерген нақты уақиғалар ойдан шығарылған сюжетпен қатар өрілген автофикшн деп аталатын тәсіл шыққаны көрсетілген. Автофикшнді өз шығармаларында пайдаланатынын мәлім еткен Д.Амантайдың осы тәсілді аталған роман-эссесінде де кәдеге жаратқанын байқау қиын емес.

Роман-эссе еңкейе келіп бүгінгі күннің басты проблемаларына ойысады. Әңгіме ғаламдық торымен баршаны шырмаған интернет туралы өрбіген. Автор XX ғасырдың 60-жылдарында интернет дүниеге келгенде әп сәтте тұтас дүниенің әлпетін мүлде өзгеше қылатын алпауыт күш туғанын ешкім аңдай қоймағанына тоқталады. Автордың ойынша, «адамзат қоғамы коммуникациялық дүмпу, алапат жарылыс алдында тұр». Ескі әпсаналарда басқа галактикалардан келіп, жерді жаулайды делінетін «жау» түптің түбінде адам өзі жасаған ғаламтордан шыққаны, әр-әркімнің ендігі жерде интернетке ғұмырын жұтқызғандарды азат қылудың айласын шарқ ұрып іздестіріп жатқаны тарқатылады. Бұл да болса, Ахметтің болмыс философиясынан бастау алған бүгінгі күн туралы толғаныс, ертеңгі күн уайымы.

Қорыта айтқанда, жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» атты роман-эссесі ойлы оқырманын өткеннен бүгінге, одан ары ертеңге саяхаттату арқылы оның таным көкжиегін кеңейтуге септесетін тұщымды дүние боп сұлбаланғанын айтып өткеннің артықтығы жоқ деп білдік. Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын бүгінмен ұштастыра сараптаған толымды дүние сөз құнын, ой қадірін білер оқушысын тапсын.

Еркін СТАМШАЛ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ҚМКК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here