Өнертапқыштың жаңалығы ойлылар ойыны бағдарламасына енгізілсе…

0
2552

Физик-астроном Болысбек Кемежанов ойлап тапқан «100 шаршылы шахмат» үлгісін ойлылар ойыны бағдарламасына енгізуге құлықсыздық танытып отырған кімдер? Жаңашылдыққа жанашырлық қайда? Әлде насихатталуы нашар ма?

Бұл өзі бізге дейін де талай рет көтерілген мәселе екен. Бірақ, оң нәтиже жоқ. Нәтижесі болса, өнертапқыштың жаңалығы ойлылар ойыны бағдарламасына енгізіліп, елімізде шахматтың жаңа түрінен жарыстар өткізіліп жатар еді ғой. Ондай өзгеріс байқалмайды әзірге. Болысбек Кемежанов түн ұйқысын төрт бөліп, таңды көз ілмей қарсы алғанда ашқан жаңалығының тиісті мекемелерден қолдау таппағанына қынжылады. Қынжылатын жөні де бар. Өйткені, тиісті құзіретті орындар оның ашқан жаңалығын не ойын бағдарламасына қосып, әрі қарай дамуына кең өріс ашуы керек еді. Яғни, арнайы қаражат бөлу арқылы оны үйрету курстарын ашуы және шахмат ойынының Болысбек Кемежанов ойлап тапқан түрінен жарыстар өткізуді жолға қойуы керек еді. Әйтпесе, ол қалай дамиды? Не үйлесімділігі келмейтінін дәлелдеп, ол жаңалықты жоққа шығарып, қабылдамай қоюы керек еді. «Екінің бірі, егіздің сыңары» дегендей. Бұл жерде не олай емес, не бұлай емес.

Болысбек Кемежанов ашқан жаңалық БАҚ-та насихатталудан кенде болмаған сияқты. Ол туралы 1996 жылдан бастап газеттерде мақалалар жарияланыпты. Бірінші болып оқырманнан сүйінші сұраған республикалық «Спорт» газеті 1996 жылдың 10 қыркүйегінде «Жаңалық» айдарымен «100 шаршылы шахмат» атты мақаланы жарыққа шығарған. 1999 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде де журналист Баймаханбет Ахметтің осындай тақырыптағы мақаласы жарияланған.

Алғашқы мақалада жаңалық авторы (өнертапқыш деуге де болады) физик-астроном Болысбек Кемежановтың Жамбыл облысы Талас ауданы Майтөбе ауылындағы орта мектепте мұғалім екендігі, 100 шаршылы шахмат ойлап табуда біраз еңбектенгені айтылады. Екеуінде де «Қазіргі көпшілік ойнап, әлемге тараған шахматта 16 фигурадан болса, мына 100 шаршылы шахматта 24 фигурадан бар. Ойын өте күрделілене түскен. Тақтаны жайып жіберіп, фигураларды орын-орындарына қойғанда, жер қайысқан қол сияқты көрінеді» деп суреттелген. Әрине, автордың жаңадан фигуралар (түйе, керік) қосқаны туралы да бар.

«Ақ жолда» жарияланған мақаланың авторы, журналист Б.Ахметов: «Б.Кемежановтың осы еңбегі үшін патент алуы, шахмат жүрістері мен ережелерін жеке кітапша етіп шығаруы, тақталар жасауға тапсырыс беруі, бәрі-бәрі де қаржыға келіп тірелетіні белгілі», – деп түйіндепті сөзді. Негізгі ойы айтпаса да түсінікті.

Жаңалық жерде жатқан ба, әсіресе, құлағы түрік журналистер ең алдымен еститінінде дау жоқ. Сондай «саққұлақ» журналист Қуат Бораш республикалық «Жас Алаш» газетінің 2000 жылдың 8 маусымындағы нөмірінде «Алыс ауылдағы «Аристотель» жүз шаршылы шахматты ойлап тапты» деген мақала жариялап, онда алдыңғы әріптестеріне қарағанда көңілге қонымды, ойға орнықты пікір айтқан.

«Шахматтан әлем чемпионы Бронштейн 1950 жылы Будапешт қаласында сұңғыла ойыншы Болеславскиймен өткен кезекті кездесуі жайлы: «Біздің барлық турнирлік партияларымыз тепе-тең аяқталады. Бұл алдын ала келісілген ойын емес болатын. Біз ондай ойындар өткізуді қаламайтынбыз. Бірақ, сайыс асқан тартысты болмайтын», – депті. Жоғары дәрежедегі ойындардың стандарттылығы жайындағы бұл пікірге алып-қосар ештеңе жоқ тәрізді. Болысбектің ізденуіне осы пікірлер соны соқпақ салған еді», – деп жазыпты ол. Оның өнертапқышты қолдайтыны осы жолдардан-ақ көрініп тұр.

«Алайда, ауылда туған интеллектуалдық жаңалықтың бір аудан көлемінен аса алмай отырғанына ішің ашиды» деген өкінішін де білдіріпті Қуат Бораш әріптесіміз. Бұл жерде ол Б.Ахметтің мақаласында жазғанындай, шахматтың жаңа түрінен ТарМУ-дің Қаратау филиалында бір-ақ ойын өткізілгенін меңзесе керек.

Осы мақалалардың ықпалы болды ма, жаңалық авторы Б.Кемежановқа 1999 жылдың 6 тамызында №633 интеллектуалдық меншік нысанының куәлігі беріліпті. Куәлікті берген – ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің авторлық құқықтар жөніндегі агенттігі. Сонда тіркелген.

Артынша-ақ газеттерде Б.Кемежановтың ашқан жаңалығына қол шапалақтай қолдау білдіріп, сүйінші сұраған мақалалар қаптап қоя берген. Бәрібір қозғалыс жоқ. Тағы да сол жаңалық жанашыры облыстық «Ақ жол» газеті Б.Тоққошқарұлының «Жүз ұялы шахматты шеттетпейік» атты мақаласымен мәселе көтерген. Оны қоштағандай журналист Бақытжан Ойшиевтің Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде «Сказочное открытие» айдарымен «Игра третьего тысячелетия», «Новое в мире шахмат» атты мақалалары (екеуі де 2000 жылдың шілде, тамыз айларында) жарқ ете қалды.

Тағы да үнсіздік. Ақыры 2002 жылдың тамыз айында сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеевтің мұрындық болуымен Таласта 100 шаршылы шахматтан турнир өткізілген. Аудан әкімінің жүлдесі сараланған бұл «ойлылар ойыны» сайысында 23 спортшы бәсекеге түскен. Жеңімпаздар қомақты жүлделерді қанжығаға байланды. Ақын Төлеген Айбергеновтің:

«Жеңілген балуанға да бәйге берем,

Адалдығы көрініп тұрар болса» дегеніндей, ойында белсенділік танытқандар да олжасыз болған жоқ. Аудан әкімі жомарттық танытып, басқа қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары таратылған. Осы спорт бәсекесі туралы «Талас тынысы» газетінде журналист Дүйсен Молдақұлов «100 шаршылы шахматтың тұсауы кесілді» деген мақаласында егжей-тегжейлі баяндаған.

«Бәсекеге қатысушылар жаңа ойын туралы өздерінің жоғары бағаларын беріп кетті. Талас топырағында дүниеге келген шахматтың жаңа түрінің тұсауы да Талас топырағында кесілді. Ендігі жерде оның алдағы ғұмыры өміршең болғай дейміз», – деп аяқтапты мақаласын автор. Жақсы сөз – жарым ырыс, өте жақсы ниет білдірген.

Араға жылға жуық уақыт салып «Жас Алаш» газеті Есей Жеңісұлының «100 шаршылы шахмат ойлап тапты» деген сұхбатын жариялапты. Сұхбатта жаңалық авторы «Халықаралық шахмат федерациясының патентін алсам, сол ұйымға мүше 60 елге бір-ақ таралып кетер еді» деген үмітті ойын білдірген. Бұл сұхбат былай аяқталады.

– Сіз бұл жаңалығыңыздың болашағы зор екеніне сенесіз ғой?

– Қатты сенемін. Қазақстанның ішінде бір таралса, болды ғой. Көшкін сияқты айналасының бәрін қармап кете беретініне күмәнім жоқ.

Қазақстаннан авторлық куәлігі бар бұл шахмат үлгісі бойынша 2002 жылғы тамыздан кейін еш жерде, ешқандай жарыс өткізілгені туралы мәлімет жоқ. Осы жерде Қуат Бораштың «…ауылда туған интеллектуалдық жаңалықтың бір аудан көлемінен аса алмай отырғанына ішің ашиды» деген өзекті өртер өкінішінің бүгінде шырылдаған шындыққа айналғанына анық көзіміз жеткендей. Оны айтамыз-ау, аудан көлемінде де жарыс өткізілмегеніне 20 жылдан асқан.

Мемлекет басшысының мектеп оқушыларына шахмат туралы дәріс беру жөнінде пікір білдіргені баршаға мәлім.

Осы жерде еліміздің спорт және туризм министрлігі, республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі шахмат федерацияларының тізгінін ұстап отырғандар өнертапқыш Болысбек Кемежановтың 100 шаршылы шахматын да бағдарламаға енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, оған қазақстандық патент бекер берілген жоқ қой.

Оның үстіне Б.Кемежанов үлкен ізденіспен 2012 жылы Алматыдан «Шахмат жасаудың математикалық негіздері мен әдістері» атты методикалық кітап шығарған. Онда автордың өнертапқыштық жаңалығы жан-жақты көрініс тапқан. Дап-дайын оқулық.

Бұл кітапқа пікір жазғандар – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нарғозы Тұрсынбайұлы Данаев пен Қазақстанның Еңбек Ері, математик Аягүл Төреқызы Миразова. Осындай танымал тұлғалар Болысбек Кемежановтың еңбегі туралы бекерден-бекер пікір білдірмесе керек.

Жаңалықты жатсынбай, оны өндіріске енгізер болсақ, ол жалпы қазақ халқы, қазақ спорты үшін абырой емес пе? Тиісті орындарда отырған мамандар, атқамінерлер осыны ойласа екен!

Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Әлі де болса, өнертапқыш Болысбек Кемежановтың ойлылар ойынындағы жаңалығы тиісті тараптардан қолдау тауып, жоғарыдан қозғау болып жатса, бұл спорт және ғылым үшін өте пайдалы.

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,
қоғам белсендісі, Ұлттық кеңес қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Жамбыл облысы,
Тараз қаласы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here