«Мұтылған кім? Мұтылған не?..»

0
6257

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла…»
Абай

«…Бұл уақиға қашан болғаны Мұтылғанның нақты есінде емес. Күні, айы тұрмақ, жылын да нақтылы айта алман. Әйтеуір, болғаны рас. Себебі жігіт өз көзімен көрген. Сондықтан сенесіздер деп үміттенем…», – деп ақталады романның 87-бетінде басты кейіпкер-жазушы. Бірақ біз де солай ойлаймыз. Білмесе, білмейтін болар… Мұтса, мұтқан шығар… Кім білсін? Мәтін ішіндегі мәтін, әдебиет ішіндегі әдебиет қой. Метароманды кім жазып көріпті дейсіз?! Тағылар кінә қане? Романда «мұтылар» жерлердің көп болуымен бірге қарапайым өмірде де «мұтылатындар» көп қой! Қайсысын айтайын?.. Десек те, бір қызығын айтсам, мына менің романды қашан оқығаным, оқи жаздағаным есімде жоқ та, «роман сюжеті соншалықты таныс, кейіпкерлері соншалықты жақын, бұл … сол ғой», – деп ерекше қуанышпен жария салғаным күні бүгінгідей есімде. Өйткені жазушы-драматург, әдебиеттанушы, аудармашы автордың «Мұтылған» метароманы көзқарақты қайбір оқырманның жанына, санасына, жүрегіне әсерін тигізсе, ал қайбір гипперреволюциялы идеологияның шерменінен өткен десоветизацияланбаған қоғамның тарихына, санасына, көзқарасына әсер ететіні сөзсіз. Олай дейтін себебім, романдағы сеттинг те, дәуір де – бір. Тек «Уақыттан адасқан кейіпкер» (О.Мандельштам) ғана әртүрлі. Мүмкін, біртүрлі…

Ойымды нақтылайын…

Менің ойымша, «Мұтылған» – символикалық туынды. Қара әжуаға негізделген психологиялық шығарма. Бұл сипаттан келгенде шығармадағы бұрылыстар, тосын конфликтер, жалғаспалы оқиғалар, интригалы интермәтін, қым-қуыт образдар, әртүрлі мінездер, тарихи контекстен алынған сілтемелер барлығы дерлік автордың өз шығармасын экраннан көріп отырып жазғандай әсер қалдырады… Олай болмасқа қандай амал бар?

Енді біз авторды, туындының көркемдік әлемін емес, мәтінді, тек кейіпкерді, тек кейіпкер арқылы сюжеттегі монтаждар мен жасырылған идеялық қабаттарды мизанға салып, талдап көрелік…

Романдағы басты кейіпкер – Мұрат… Мұрат деппін-ау! Мұтылған естеріңіздер ме? Мұтылған тұлғасы қандай еді? Жалпы Мұтылған кім?

 

 

 

                   

 

 

МҰТЫЛҒАН ТҰЛҒА

Kaspi bank менеджері.
Биыл қырыққа толды. Әлі бойдақ.
Ішімдікке, темекіге жоқ адам.
Банктерге қарыз.
Ұяң жігіт, қызға қырсыз.
Жүрген жері – у-шу, ду-думан, концерт-той.
Өсекке жоқ адам.
Саят құрғанды ұнатады. Өзі көзмерген.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат.
Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін ерекше жақсы көреді.
Кумирі – Мұхамед Әли.
Ең үлкен өкініші – әкесіне немере сүйгізе алмағаны және оның қабіріне өз қолымен топырақ салмағаны…
Күнделік жүргізеді.
Консерватор, ескілікті көксеуші емес.

Иә, автордың пайымымен жауап берсек, Мұтылған қарапайым ғана «тұлға» екен. Ал Мұтылғанның болмысы қандай? Мұтылғанда болмыс бар ма? Үлгілі қандай қасиеттері естеріңізде қалып еді? Тағы да автор жауап берсін:

 

 

 

                   

 

 

 

МҰТЫЛҒАН БОЛМЫС

Ол бәріне асқан сабырмен, ұстамдылықпен қарайды, шешімтал тұста да асығудан ада, салқынқанды, біртоға, беткі жағы тып-тыныш, бірқалыпты, ал ағысы арынды өзен іспеттес.
Ең ұнамдысы – ол біреудің кемшілігін бетіне баспайтыны, керісінше, қолдан келсе, көмегін аямайды.
Тұрмысқа жұтылып кетпеуі үшін кітап оқиды, классикалық музыка, күй тыңдайды, өзіне-өзі есеп береді, жанын қуаттандырып тұрады.
Таңғалудан шаршамайды.
Әңгімешіл жан.
Жалғыз қалғанды жақсы көреді.
Өсекке жоқ адам.
Орынды-орынсыз жиыннан, өсек-өтіріктен, құрғақ ауыздан, құр уәдеден, бос сөзден, статистикадан, есеп-қисап дегеннен әбден мезі боп, шаршап, діңкелеген адам.
Тікмінезді, бірбеткей, әділетсіздікке жаны қас.
Қателесуден, тәуекелге барудан қорықпайтын жан.
Сөзге ұста, әр нәрсенің қадір-қасиетін бір кісідей түсінетін азамат.
Шәкәрім қажының 3 сұрағын әр кезде қайталап жүреді. «Келдім қайдан? Қайтсе пайдам? Өлгеннен соң не болам?»

Жақсы, түсінікті… Бір сөзбен айтқанда, Мұтылғанның болмысы мен тұлғасы бір-бірімен байланысты. Бір-бірін толықтырып тұратын келісті, көркем қасиеттер! Мұтылған болмыс «көп ішіндегі жалғыз», мұң кешіп, азап шегіп жүрсе де өмірді сүйетін, оны өмір сүйер ғажайып болмыс иесі. Шынында да солай…

Мұтылған оны біле ме? Міне, мәселе сонда-аа-а…

Ал романның 73-бетіндегі оқиға естеріңіздер ме? «Т» ауылының маңынан Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы батырдың және саяси-қуғын сүргін құрбандарының сүйегі табылатын тұста автобуспен келе жатқан бір топ жолаушы (ішінде ОЛ да бар) жаман түстен шошып оянып, селк ете түсіп, жан-жағына бадырая қарап, қайта ұйқы құшағына кешетін оқиғаны айтамын. Естеріңізге түспесе романнан үзіп берейін:

Орта тұстан:

Мен Әлиханмын! Мен Әлиханмын! Мен Әлиханмын! деген еңселі еркектің зор даусы ап-анық естілді.

Әлихан көп қой, қайсысы? – деді әлгі төрдегі ақсақал галстугын түзеп.

Бөкейхан!

Тура сол сәтте автобус іші жаңғырықтан жарыла жаздады, адамдар жан-жақтан жамырады:

 – Мен Міржақыппын!
 – Мен Ахметпін!
 – Мен Жүсіпбекпін!
 – Мен Мұстафамын!
 –Мен Райымжанмын!
 – Мен Барлыбекпін!
 – Мен Жаһаншамын!
 –Мен…

Өлілер тірілгендей болды, автобус іші азан-қазан… Мұтылған шошып кетіп, кәлима-и шахадат айтып жатқанда Т ауылының әнұраны алыстан талып естілді. Мұтылған «мен осы жынданып кеткем жоқ па?» дегендей жан-жағына қарап, өзін-өзі шымшылады… Денесі қызарып қалды…

Мен Әлиханмын! Мен көсеммін!

Осы сөздің айтылуы мұң екен, келесі аялдамадан «оңай» картасын тексеруге кірген қызметкер Әлекеңнің шүйдесіне сұп-суық тапаншасын тақаған күйі автобустан түсіріп тастамақшы еді, ол әбжіл қимылмен әлгі қаруды қағып жіберді… Тарс… Есік жабылды…

Біз қайда бет алдық? деді ақсақал шопырға.

Мәңгілікке! Шексіздікке!

Осы оқиғадан кейін автобус жылдамдықты үдетеді, адамдар тізгінге таласады, автобус үлкен тасқа соғылады, автобус жүргізушісі (сопы) ізім ғайым жоқ болып, оның орнына қария келеді, кейін радиодан «Т» ауылының тәуелсіздік алғаны туралы хабар беріледі, Мұтылған мең-зең күйде, көзі қарауытып, басынан жарақат алады… Бұл Мұтылғанның (немесе автордың…) өткен ғасырдағы қазақ ұлтының басынан кешірген тарихи оқиғаларына байланысты жасалған тарихи реминсценциясы деп ойлаймын. Ал мәтінде (немесе «Мұтылған өмірде») мұндай оқиғалар аз емес-ті… Көп қой! Көп…

Қайта Мұтылғанға оралайық. Мұтылған кім еді? Жауап берейін: Мұтылған – ойлар тұнған сыр сандық сияқты. Иә, кәдімгі ой абызы. Кемеңгер. Ғұлама. Данышпан! Бірақ кредиті бар «данышпан…» (кредит, ипотека қазір қай данышпанда жоқ дейсіз…) Десе де маған «Мұтылған ойлар» ұнайды… Ұмытылып кеткеннен кейін бе… Қайткенмен де ортақ сағыныш қой! Қабыл алыңыз…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МҰТЫЛҒАН ОЙЛАР

«Елтұтқаның есімі «жалпыхалықтық» деген ұғыммен тұтасып, тарихта қалуының бір сыры – Жаратушыға жақындауында» [24 бет].
«Басшылық пен саясаттың сан баспалдағын басып, өрлеген сайын, әу бастағы Құдайдан берілген тазалық кірлеп, өзекке құрт түсетіні неден екен? Бұның түпкі мәнін адам сезімінің тұрақсыздығынан іздеген дұрыс шығар» [23 бет].
«Ұлылықтың шеті де, шегі де жоқ. Қарапайым адам да ұлы бола алады. Тек сенім қажет. Ұлылық қатерлі ісік секілді… адамның ішінде болады. Жасуша ұқсап. Иә, иә, тура жасуша секілді. Оянса бітті, сонан соң оны тоқтату мүмкін емес» [29 бет].
«Ұлылықтың кеңесшісі – сұлулық» [29 бет].
«Адамды Жаратушыға жақындатып, мына кең дүние мен байлық атаулының жалғандығын ұғындыра түсетін Ұлы нәрсе – Уақыт қана» [134 бет].
«Уақыт пен адам – ұқсас ұғымдар» [135 бет].
«Кезең, шақ, мезет, сәт, дәуір, заман, ғасыр, күн, ай, жыл – бәрі-бәрі Уақыттың адамзатқа қызмет етіп жүрген ұрпағы» [137 бет].
«Жазу да – ұлылықтың бір түрі. Алла берген қасиет» [143 бет].
«Құдайдың адамға берген ең үлкен екі сыйы бар. Біріншісі – өмір, екіншісі – сана» [145 бет].
«Тарих – халықтың айнасы, дәлірек айтсақ, жүріп өткен жолының айнасы» [155 бет].
«Өзгермейтін Жаратушы ғана. Өйткені өзгеріс те, тұрақтылық та, жүйе де – бәрі Құдайға тиесілі…» [186 бет].
«Сөз – құдірет. Қарапайым сөзді сөйлем ішінде қолданып, құбылтып жіберсең, өзің де таңғалатын мағына пайда болады. Сөзде бір сиқыр бар. Адам түсініп болмайды. Сөзде тереңдік бар» [187 бет].
«Білу мен білмеу. Білу – оқығандықтың белгісі. Білмеу де – оқығандықтың белгісі. Айырмашылық неде? Білмеу де мазмұн бар. Білуде де дәл солай. Бірақ білмеу де көбірек» [187 бет].
«Білгеніңді білмеймін деп айту – ерлік. Ал білмей тұрып білем деу – тап-таза надандық, қып-қызыл топастық. Ақымақ, қараңғы адам білім боп көрінгісі бар. Жасандылық дегеніміз – сол» [187 бет].
«Негізі, үнсіздік – үрейлі нәрсе. Дегенмен тыныштық үнсіздіктен мейірімдірек» [79].
«Адамзат өрістеп, шегіне жеткенде тығырыққа тіреледі, дағдарысқа ұшырайды. Әсілі, бұл – тарихи-эволюциялық даму заңдылығы» [183].
«Ұят дегеніміз не, айтыңызшы?! Ұят дегеніміз Құдай ма? Әлде ұят деген адам ішіндегі сигнал ма? Әлде ұят дегеніміз әлемнің екінші атауы ма?» [186].
«Жан деген не? Дін деген не? Адам да ерік бар ма? Адам өледі. Ал жан өле ме?» [192].

Мана Мұтылған 40-та дедім. Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» толғауында:

Қырықтан соңғы сөзiмдi,
Сынап, таны өзiмдi.
Түзу құрып тезiңдi‚
Жүрегiңдi қылмай тас, – деп өсиет қалдырған-ды.

Шындығында, Мұтылған да Шәкәрімнің Мұтылғаны секілді өмір сырына терең үңіліп, адамдарға ғибрат көрсеткісі келеді. Балалы-шағалы болып, қарыздарынан құтылып, қоғамдағы әділдіктің ақ туын көтергісі келеді. Арзу арман әлемін бір қиялдап, ұлт тарихы мен мәдениеттің деңгейін көтергісі келеді. Әлгі Антон Чеховтың қайбір кейіпкері: «Мен сенімен бір дәуірде тіршілік кешкенім үшін ғана Құдайға алғыс айтам…», – дегеніндей, шындық болса да айтайын оқырман, біз де Мұтылғанмен замандас екенімізді мақтан тұтамыз… Сондықтан да, романдағы Мұтылған кезіккен ба-аа-арлық оқиғаларды мен талдадым, сіз оқыдыңыз деп есептей, асқақ арманды Мұтылғанның кісі қолынан қаза тапқан кезінде жазған автордың қайғысына бірге ортақтасайықшы…

«Аузы-мұрнынан түтін будақтатқан қою қара түнекке сіңіп барады, сіңіп барады… Тарихтағы Мұтылған – Шәкірімнің нақ өзі. Жетпістен асқан шағында ешкімге соқтықпай, өзімен-өзі жүрген қажы, ойшыл, ақынды да атып тастадық қой. Және соған еш өкінген жоқпыз. Ал бұл қай Мұтылған? Мұрат… Шәкәрім… Т ауылы… Саят қора… Құрқұдық… Сол тауарих қайталанатын боп тұр ма?..»

Сұраққа жауап беріңіз?! Сол тауарих қайталанатын боп тұр ма?.. Естілмей тұр, қане, қане, қаттырақ, қаттырақ.

«Мұтылған» кім? «Мұтылған» не?…

…иә, дұрыс айтасыз. Солай сияқты. Білгеніңіз абзал… Авторға емес… Сіздің ойыңызға қосыламын! Мен де солай ойлаймын…

Десек те, қадірлі оқырман, «…бұл уақиға қашан енді болатыны әлі нақты емес. Күні, айы тұрмақ, жылын да нақтылы айта алмай тұрмын. Әйтеуір, болатыны рас. Шын айтамын, міндетті түрде болады. Сөзіме сеніңіз. Себебі, ТАРИХ өз көзімен көрген екен. Сондықтан сенесіздер деп үміттенемін…»

Иә, тарих та бір жұмбақ болмыс қой. Мұтылған тарихқа сеніңіз!..

Есіңізде болсын!

МҰТЫЛҒАННЫҢ «МҰРАТЫ» МҰТЫЛМАЙДЫ!

P.S:

«Кітап оқылмайтын, тарих ұлықталмайтын, дәстүр жаңармайтын, тілдік қор пайдаға аспаған» қайбір қоғамда «Мұтылғанның» да өз оқырманы болуы керек-ті. Уақыт жетті… Сәт келді!

Сондықтан да, «Мұтылған» романын өткенін әділ таразылап, келешегін адалынан болжай білетін намысты, білімді, алаш рухты ұрпақ оқуы қажет! Неге десеңіз, бұл романда сіз іздеген, сізді іздеген құндылықтың бәрі де бар…

Ал жазушы, драматург, әдебиеттанушы, су жаңа «нероманның» авторы Әлібек Байбол шығармашылығына табыс, қаламына қуат тілей отырып, қаламгер ағамның маған ұнайтын, санамда әлі күнге дейін мұтылмайтын бір сөзін сіздерге ұсынғым келеді:

«Сөзге жан бітірсе, Ол да сөйлейді. Өйткені онда кие бар!..»

Ертай БІЛӘЛ,
алаштанушы,
Qyr Balasy қоғамдық қоры
Б.Сырттанұлы Алаштану
ҒЗО директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here