Бүгін, 23 тамызда Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Түркістан облысы Нысанбек ауылында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 420 делегат бас қосты.
Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін және мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы саналатынын атап өтті.
– Осыдан екі жыл бұрын біз Зерендіде жастар қанатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған едік. Содан бері «Жастар Рухы» қарқынды жұмыс атқарып келеді. Ұйымның аты ғана емес, заты да өзгерді. «Жастар Рухы» еліміздегі жетекші қозғалысқа, жастардың рухын көтеретін іргелі ұйымға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Зеренді форумындағы бейнеүндеуінде жастардың заман талабына сай дамуы үшін үш негізгі басымдықты айқындап берді. Ол – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды, – деді партия төрағасы.
Мәжіліс Спикері бүгінде мемлекет жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Партия желісі бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс», қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам», ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруге арналған «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құмар ойын, нашақорлық, жұрттың қарызға батуы сынды мәселелер заңнамалық деңгейде шешілуде. Соған қарамастан, бүгінде жастар алдында тұрған әлі де көптеген әлеуметтік сын-қатер бар. «Жастар Рухының» миссиясы – жастарды өзекті мәселелерді шешуге жұмылдыру және өскелең ұрпақты мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты тарту екеніне тоқталды.
Сондай-ақ партия төрағасы «Жастар Рухы» волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезеңінде «AMANAT» партиясы жанындағы жастар қанатының белсенділері шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісіне айналды. Олар «Адал азамат» тұжырымдамасына сай келетін қасиеттерді іс жүзінде көрсете білді.
Форум барысында іс-шараға қатысушылар жастарды саяси және әлеуметтік жұмыстарға тарту жөнінде бірқатар бастама көтерді. Яғни, күрделі саяси процестерді түсінуге және жалған ақпараттармен тиімді күресуге қабілетті жас саясаткерлер пулын құру, әсіресе, ауылдық жерлерде креативті индустрияны дамыту, волонтерлерді қолдау жүйесін енгізу, оның ішінде оқуға түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде артықшылық беру.
Жас көшбасшылар Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шеңберінде өтіп жатқан «Таза бейсенбі» партиялық акциясының аясын кеңейтуді ұсынды. Атап айтқанда, бұрын су тасқынынан қорғану үшін бөгеттер тұрғызылған өзендер мен су айдындарының арналарын тазарту жұмысын бастау, қоршаған ортаны қорғаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық орындарда қоқыс сұрыптауға арналған автоматтар орнату, сондай-ақ келер жылы да «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыру.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда АЭС салу мәселесін жеке талқылады. «Жастар Рухының» белсенділері мен мүшелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құрылысына қолдау білдірді.
Өз сөзінде ғалым Нұрхат Жәкиев Қазақстандағы энергияның 80%-ға жуығы бүгінде көмір арқылы өндірілетініне және атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екеніне назар аударды.
– Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компьютер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұның бәрі немен жұмыс жасайды? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да, білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді ол.
Өз кезегінде, «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан біртіндеп электромобильдерге көшуде, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап етеді.
Ал жас ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде атом электр станцияларын пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса, әлемдегі экспорттық тауарлардың 70%-ын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс. Ол үшін бізге энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін АЭС қажет.
Мәжіліс төрағасы жас белсенділердің пікіріне қолдау білдірді. Ол АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа жастар белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.
– Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет, – деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясының Баспасөз қызметі