Қазіргі нарықтық заманда кәсіп бастау оңай әрі қиын. Оңай болатын себебі, екінің бірі кәсіп аша алады. Ал қиын болатын себебі, сол ашқан кәсібін ары қарай дөңгелетіп, жылдар бойы жұмыс істеу. Десе де, бәсекелестік көбейген уақытта ол үдеден шығудың өзі сұрақ тудырады.
Біздің кейіпкеріміз Айгүл Қойшыманова қиын істі қиыстырып, өз елінде емес, өзге елде кәсібін жүргізіп отырған қазақ қызы. Ол осыдан 10 жылдай бұрын үш баласымен Алматыдан Тбилисиге жалғыз өзі көшіп келген болатын. Бастапқыда ол достары мен жерлестеріне манты дайындады: бұл үшін ақша алуға да ұялатын. Алайда оның еңбегіне қарап, өз отбасы мен Грузияда тұратын немесе саяхаттап жүрген қазақтар қолдай бастады. Қазір Айгүлдің «Алматы» деп аталатын жеке қазақ асханасы Қазақстаннан келген эмигранттарды өз үйінде қарсы алғандай жылы қабылдайды.
Өз елінен мыңдаған шақырым алыс жерде қазақ мәдениетін танымал ете түскен Айгүл Қойшыманова бүгін «Қиырдағы қазақтар» арнайы жобасының кейіпкері.
ӘРЕКЕТКЕ – БЕРЕКЕТ
Айгүл Қойшыманова тамақтану институтын бітіргенімен, бұрын тамақтандыру саласында жұмыс істеген емес. Ол бұл салаға Грузияға көшкен соң ғана ауысты. Ол алғашында өзге қазақстандықтар сияқты манты мен бешбармақ пісіргенін айтады. Таңсық тағамдармен қонақтарын қуанта бастайды. Одан соң, қызы қонаққа барғанда достары дәм татсын деп самса пісіріп береді. Алғашқы кезде, әрине, оған оңай болған жоқ. Тіпті құрбылары келгенде көз жасына ерік береді.
«Әрекетке – берекет» демекші, сол кезден бастап бірте-бірте үлкен тапсырыстар түсе бастайды. «Бізде үлкен компания жиналып жатыр, бір қазан палау мен 50 бауырсақ керек» деген сыңайдағы тапсырыстар ағылады. Ол кезде Грузияда шығыс тағамдары мүлдем жоқ: тек грузин және еуропалық тағамдар. Клиент саны бірте-бірте артады. Енді Айгүлге тек таныстары ғана емес, басқа жергілікті қазақтар да тапсырыс береді. Сосын оған Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген көршілер, одан кейін Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қызметкерлері қосылады.
«Биыл Наурыз мейрамында елшілік қызметкерлері көп көмек көрсетті. Астанада маған жіберетін көп мөлшерде қазы жиналып тұрып қалды. Ет ұзаққа бармайды, сондықтан бұл үлкен шығын болар еді. Наурыз мейрамына келу керек болатын, өйткені мен мұндағыларды тегін көжемен қонақ етейін дегенмін. Содан кейін елшілер қол ұшын беріп, еттің уақытында келуіне көмектесті. Ақырында бәрі ойдағыдай болып, Наурыз мейрамында барлығын ұлттық тағамымызбен сыйладым», – дейді Айгүл Қойшыманова.
«ӨЗІҢ ТҰРҒАН ЕЛІҢНІҢ ТІЛІН ҮЙРЕН»
Айгүлдің қанаттыға қақтырмай өсірген үш перзенті бар: екі қыз, бір ұл. Ол Грузияға көшіп келгенде ең кенжесі әлі бауырын көтермеген балапан болатын. Қазір Айгүлдің үлкен қызы ұядан ұзап, тұрмысқа шыққан. Жақында Айгүл әже атанбақ. Ортаншы қызы, Грузиядағы білім жүйесі бойынша, 12-сыныпта, ал кенжесі 9-сыныпта оқиды.
Айгүлдің балалары грузин мектебінде орыс тіліндегі сыныптарда оқу мүмкіндігі болғанымен, толығымен грузин тілінде оқиды. Айгүл Грузияға көшкенде балаларына айтқан сөзі: «Өзің тұрған еліңнің тілін үйрен. Қалғаны мен үшін қызық емес». Балалар күн сайын грузиндермен араласады, грузин тілін де, ағылшын тілін де үйренеді. Тіпті, ұстаздары қызын мақтайды, бірақ ол мектеп бітірген соң не істейтінін әлі шешкен жоқ.
«Балалардың өз мәдениетін білуі, ұмытпауы мен үшін өте маңызды. Олар өз отбасын, отбасы тарихын біледі. Мен оларға өз халқымның мәдениеті мен тарихын айтамын. Ал олар осыған қызығады, қазір Қазақстанның қаншама танымал жастары бар екеніне қарап, қазақ екендіктерін мақтан етеді», – дейді Айгүл.
«ТАҒАМДАР САПАЛЫ ИНГРЕДИЕНТТЕРДЕН ЖАСАЛУЫ КЕРЕК»
Айгүл қазақтың дәстүрлі тағамдарын өте дәмді әзірлейді, өз әлемінің бір бөлшегі ретінде қабылдайды. Бастапқыда ол әртүрлі тағамдарды дайындағанын, бірақ олар көңілдегідей шықпағанын айтады. Бұл өзіне ұнамайды және адамдар да оны сатып алмайды. Бәлкім, дәстүрлі тағамдарды ерекше тәсілмен пісіргендіктен де солай болса керек. Осылайша, ол өзі ашқан кафеге сүйікті туған қаласы – Алматының атын береді.
Жақында ғана ол бір орынды жалға алғанын айтады. Бұрын ол да қазақтардың меншігінде болған екен. Олардың мейрамханасы «Орда» деп аталған, бірақ олар коронавирус кезінде жабылып, иелері көшіп кеткен.
Бұған дейін Айгүлдің жазғы кафесі болыпты. Ол жер ішінде шағын ас үйі бар жабық кабина болатын. Жағдай онша жақсы болмаған: жазда ыстық, қыста суық. Қонақтар сыртта ғана отыра алатын. Сондықтан «Орда» иелері өз орындарына көшуді ұсынғанда, Айгүл бірден келісім береді. Оның үстіне бұл жерде оған дейін қазақ бренді болған.
Кафедегі әшекейлердің бәрін Айгүл туған жері Алматыдан арнайы алып келіпті. Олардың әрқайсысының өз тарихы бар: бір жерде домбыра, енді бір жерде шапандар ілулі. Тіпті, оларды киіп көруге де болады. Гобелен, плакаттар, белгілер де бар. Ыдыс-аяқ пен тостағандарды да алып келген. Әрине, сіз осы жерден тостағандарға ұқсас нәрсені таба аласыз, бірақ Айгүл Қазақстанның нағыз ыдысын алып келгісі келгенін айтады. Яғни, адамдар кафеге келгенде өзін үйде жүргендей сезінуі керек. Сондай-ақ ол шайды көңіл күйді дұрыс ашатындай етіп дайындайтынын айтады.
«Үйде тамақ әзірлегенде, мен бір күні өзім жаңадан бірдеңе жасаймын деп ойлайтынмын. Бірақ, бастауға қорықтым, мен әрқашан кешіктірілген өмір синдромымен өмір сүрдім. Бір күні қызым келіп: «Анашым, мен сізге орын таптым, барып қарап көріңіз», – деді. Мен ас мәзірі туралы көп ойладым: борщ, тауық еті, бесбармақ. Бірақ мені де, келушілерді де қызықтырған ұлттық тағамдар екені белгілі болды. Көп адамдар кәдімгі сорпаны сағынады. Тағамдар сапалы ингредиенттерден жасалуы керек деп есептеймін. Маған жерлестеріміз жиі жәрдемдеседі. Жақында олардың бірі маған жақсы ет жеткізуші табуға көмектесті», – деп, қуанышымен бөлісті Айгүл Қойшыманова.
«МӘДЕНИЕТІМІЗДІ ТАРАТҚЫМ КЕЛЕДІ»
Грузиядағы «Алматы» кафесіне шетелдіктер көп келеді. Олар үшін қазақтың ұлттық тағамдары таңсық әрі таңғажайып көрінеді. Әзірге кафенің дизайны өте қарапайым әрі табиғи. Айгүл өз кафесінің қабырғасында туған жері Алматының үлкен фотосуреттері ілініп тұрса, залға кірген кез келген адам бірден көре алатындай болғанын қалайды. Бірақ, қазір де келушілер кафеге кіргенде, мұнда қазақ музыкасы ойнап тұрады, кафе иесі оларға қазақ мәдениеті, асханасы туралы айтып беруден жалыққан емес.
«Мен бесбармақ сорпасына құрт қосамын. Содан кейін көп адамдар маған бүкіл Қазақстан бойынша саяхатқа шығуды жоспарлап отырғандарын айтады: олар көлікпен Ақтауға және Алматыға барады. Өз елімнің атмосферасын оларға жеткізгеніме қуанамын. Грузияда жыл өткен сайын қазақстандықтар көбейіп келеді. Бұл екі халықтың менталитеті ұқсас болғаннан деп ойлаймын. Грузиндер де өте қонақжай әрі мейірімді. Олар асыққанды ұнатпайды және жиі кешігіп қалады. Олардың отбасы, әдетте, үлкен әрі бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Олардың өз тіліне деген құрметі өте жоғары, оны бәрі біліп, өз тілінде сөйлейді», – дейді Айгүл Қойшыманова.
«ӘРҚАШАН БІРЕУГЕ СЕНЕ АЛАТЫНЫМДЫ БІЛЕМІН»
Қазір Грузияда қазақтар көп болғанымен, бірақ коронавирус кезінде олардың саны азайды. Сондықтан, егер біреу кенеттен бірдеңе сұраса, Айгүл әрқашан көмектесуге тырысатынын айтады.
«Менің екі мантоваркам бар еді: бұл қазақтар үшін өте танымал зат болып шықты. Сол мантоварканы немесе палауға арналған қазанды алу үшін адамдар кезекке тұратын. Әйтеуір, оны жалға беруге болатыны туралы тіпті ойламаппын да, әсіресе өз адамдарыма. Мен мұндайды түсіне алмаймын», – дейді Айгүл.
Грузиядағы қазақ қызының бейтаныс жерлестерін түнеткен кездері де болған екен. Былтыр футбол болғанда, олар Айгүлдің кафесіне көруге келеді. Сол кезде біздің құрама жеңген болатын. Түннің бір уағына дейін бәрі бірге жеңісті тойлап, содан кейін қонақүйлер қабылдамайтын болып шығады. Бұндай кезде не істемек керек?! Сол сәтте қазақ қызы жерлестерін көшеде қалдырған жоқ.
Бір-екі апта бұрын Айгүл барлығына мантоварканы қалай жалға беретіні туралы TikTok желісінде хабарлады. Ол Тбилисидегі қазақ эмигранттарын екі нәрсеге қалай қызықтыратыны туралы күлкілі видео жариялады: теңгені қайдан айырбастау және мантоварканы кімнен қарызға алу керек. Міне, сол сәттен бастап Айгүлге келушілер көбейген. Тіпті, досына қоңырау шалып, ол бірден көмекке келген жағдайы бар. Әуелде Балқаштан қоныс аударған құрбысы, тіпті Тбилисиде тұрмаса да, жақын маңдағы басқа қалада тұратын ол досының ұсынысын жерге тастамаған.
Сондай-ақ Айгүлдің кафесінде жұмыс істейтін тағы екі қыз бар: олар түркіменстандық Жанетта және жергілікті Лейла. Жанетта қарапайым, ол қазақ тағамдарын біледі, асханасы ұқсас. Бұған дейін Айгүл өзіне астаналық студент Жанель есімді қыз көмектескенін айтады. Олар студент қыз осы кафеде туған күнін тойлап жатқан сәтте танысқан. Жанель үй тамағын қатты сағынатын, сондықтан Айгүлдің кафесіне жиі келетін. Бұның бәрі қазақтардың шетелде қандай бірлікте екенін көрсетеді.
«Әрқашан адамдарға қолдан келгенше көмектесу керек. Мен үнемі, Құдай сақтасын, балаларым қиын жағдайға тап болмаса екен деп ойлаймын. Алла қаласа, оларға көмектесетін адам табылар. Маған тіпті алғыс айтудың да қажеті жоқ, мен адамның бақытты екенін көремін. Сонымен, осы уақыт ішінде менің көптеген жерлес достарым болды. Олар маған көшуге жәрдемдесті, кафеге көмектесті. Мен әрқашан біреуге сене алатынымды білемін», – дейді Айгүл.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазақстаннан шетелге қоныс аударып жатқан жерлестеріміз аз емес. Жыл өткен сайын олардың саны артып келеді. Біреулер жұмыс істеп, нәпақа табу үшін барса, енді бірі оқу оқып, білім алу мақсатында шетелге табан тірейді. Соңғы кездері шетелдегі қазақтардың арасында үлкен-кіші кәсіп бастап, жақсы нәтижелерге жетіп жатқандары да аз емес. Солардың бірі – Грузиядағы қазақ қызы Айгүл Қойшыманова. «Алматы» кафесінің иесі. Ол бүгінде елден жырақта жүрсе де, өз мәдениетін ұмытпай, тиісінше, оны қазақ ұлттық тағамдары арқылы дәріптеп жүр.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ