Ата заңымыз – алтын қазығымыз

0
351

Қай ел, халық, мемлекет болмасын ежелден тәртіпке, ереже, заңдарға бағынып келді. Осы аталған құжаттардың негізінде ел басқарды, көрші елдермен қарым-қатынасқа барды.

Өркениетті мемлекеттердің барлығында дерлік негізгі заң – Конституциялар қабылданған. Бұл заңның басты қағидалары мемлекеттік басқару нысаны, адам мен қоғамның арасындағы байланыс, мемлекеттік органдардың мәртебесі болып табылады.

Конституцияның ең басты мақсаты не? Ең басты мақсаты елдегі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екендігін жақсы білеміз. Ал, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау әр мемлекеттің ең басты міндеті болып саналады.

Қазақ хандығының тұсында елді біріктіріп, билеуге лайықтанып жасалған тарихта «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атпен қалған заңдар, сонымен қатар, әр өңірде қабылданған әдет-ғұрып ережелері қазақтың ішкі бірлігін, тұрақтығын, беріктігін сақтап қана қоймай, халықты бір тәртіпке бағынуға да үйретті.

Ұлы Абайдың үшінші қара сөзінде билік жасауда бұрынғының «Қасым ханның қасқа жолын», Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білуді маңызды санаған. Осы ережелерді қасиеттерін бағалуға, танып, білуге үйренуіміз керек дейді.

Кеңес өкіметі тұсындағы конституциялардың тарихына көз жүгіртсек, 1918 жылы 4-10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресейлік съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл не үшін қажет болды? Сол кездердегі ішкі қырқыстарды жойып, бір жүйелік тәртіпке бағындыруға лайықтандырылды.

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құрылғаннан кейін мемлекетінің алдында негізгі заңы конституциясын жасау және оны қабылдау мәселесі тұрды.

Жалпы мынаны айту керек, Қазақстанда кеңестік жүйе тұсынан қазіргі уақытқа дейінгі аралықта үш Конституция қабылданды. 1926 жылдың ақпанында Қазақ АКСР Конституциясын қабылдау туралы қаулы шығарған еді. Әрине, Қазақ автономиялық республика Конституциясының негізі адам құқықтарынан басқа басымдықтар мен міндеттерінен тұрғандықтан, әлеуметтік құқықтарға онша көңіл аударылмады. Онда тек тегін білім алу, еңбек ету міндеті, денсаулық сақтау, еңбекті қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты мәселелер құқықтары жарияланды. Дегенмен де, бұл Конституция Қазақстанның басқару нысаны, мемлекеттік құрылымын нақтылап берді.

Кеңес үкіметі заңы бойынша, Федерацияның орталық органы осы Конституцияны бекітуі керек болатын. Бірақ, заң жүзінде Қазақстанның Автономиялы Конституциясы бекітілмеді.

1936 жылы КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданып, осының  негізінде Қазақстан Автономиясы Одақтас Республикаға айналуы жаңа Ата Заңды қажет етті. Осыған байланысты 1936 жылғы маусым айында республика Орталық Атқару Комитетінің президиумы арнайы комиссия құрып, конституцияның негізі жасалып, талдауға алынып, 1937 жылдың ақпан айында жоба мақұлдап, 26 наурызда қабылданып, кезегінде бұл Конституция 1978 жылға дейін қолданыста болды. Бұл заң КСРО-ның 1936 жылғы қабылданған Конституциясының көшірмесі деп айтуға болады.

Ал үшінші конституция 1978 жылы 20 сәуірде қабылданды. Осының алдында, 1977 жылы  КСРО конституциясы қабылданған болатын. Бір қызығы, КСРО конституциясы  174 баптан тұрса, Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Айырмашылығы бір ғана бап. Қазақстан констиутциясы КСРО конституциясының тұтастай көшірмесі деуге болады. Себебі, КСРО сөздері Қазақ КСР, Қазақстан деген сөздермен алмасты. Қазақстан Конституциясын дайындаған кезде ұлттық құрылымды сипаттайтын ерекшеліктер байқалмады. Сөйтіп, биліктің бәрі толықтай Кеңестер Одағының конституциясына бағынды.

Тәуелсіз мемлекет болып жарияланған республикамыздың алдында ұстанған негізгі мақсаты – елімізді іргелі ел қылу, халқын серпілту, мәдениетін көгерту еді. Алғашқы күннен бастап сыртқы саясатында бірнеше проблемаларды шешу мәселесі тұрды. Бұлардың бірі – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, екіншісі – республикамызды сырт мемлекеттерге таныту еді. Сыртқы саясатында үлкен қиыншылықтар болғанымен де бірінші кезекте таяу шетел мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Аз уақыт аралығында Қазақстанды бүкіл әлем танып, көпшілік мемлекеттер арасында саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық және басқа салаларында қатынас орнады. Қазақстанның халықаралық саясатына жаңа бағыт-бағдары белгіленіп, бейбітшілікті сақтау, жер бетіндегі жанталаса қарулануды тоқтату, ядролық қарусыз мемлекет болу, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптерін негізге алды.

Соқпағы көп сол қиын болған алғашқы жылдары республикамыздың  ішінде тындырған істері, қолға алған қадамдары жетерлік. Кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін күйреген  шаруашылықты қалпына келтіруде қыруар күш жұмсалды. Халықтың әл-ауқатын көтеретін игілікті істер атқарылып, экономикамыз жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі биік белеске көтерілді.

Отыз үш жылдық мерзім ішінде республикамыздың ішкі де, сыртқы да құрылымы түбегейлі өзгеріске ұшырады. 1993 жылы 12 қарашада ұлттық рухты көтерген нышаны – ұлттық валютамыз дүниеге келді. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге шыққаннан бері ел экономикасының дамуында қарқын сезінді. Теңгеміздің пайда болуы егемендігіміздің шырқауына, халық рухының көтерілуіне, ел жастарының болашаққа деген сенімінің пайда болуына жол ашты. Егеменді еліміздің мемлекеттік рәміздері – Әнұраны, Байрағы мен Елтаңбасы осы теңгемізде көрініс тапты. Бұл ұлттық рухты сақтауда, ұлттық санамызды қалыптастыруда үлкен рөл атқаратындығы сөзсіз.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Ата Заңды жасау мәселесіне орай 18 жоба түсіп, халықтық талқылауға салынды. Осыған орай 678 ескертпелер мен ұсыныстар түсіп, арнайы құрылған комиссия құрамына берілді.

1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда мемлекетіміздің ең басты құжаты – Ата Заңы қабылданды. Жаңа конституция бойынша республика демократиялы, унитарлық, зайырлы мемлекетке айналдық. 

Елдің тыныштығы, бірлігі, туыстығы – Ата Заңмен жүзеге асты. Ата Заң бұл ғасырлар бойы тәуелсіздігімізді аңсаған халқымыздың арманын толықтай дәлелдеген алтын қазығы болды. Тәуелсіз мемлекет екенімізді, ешкімге бағынбаған өз территориямыздың болуы, ұлтымыздың  өзге елдермен тең құқықтықта өмір сүріп, бостандығының сақталуына кепіл болған бұл құжаттың тарихи маңызы зор.  

Мемлекетіміздің ең басты байлығы – адам, оның бостандығы мен құқықтары. Бұл мәселе Ата Заңымызда басты орында. Құжат бойынша адамның толыққанды өмір сүріп, білім алуына, денсаулығын түзеуіне, демалуына, сүйікті ісімен айналысуына, ар-ожданына біреудің қол сұқпауына  бар жағдай жасалды.

Ата Заңымыздың  қабылданған 29 жыл ішінде елімізді әлем толықтай танып, көк байрағымыз асқақтай желбіреді. Ұлттық рухымыз көтерілді, тұғырымызды биіктетті.

Светлана СМАҒҰЛОВА,
тарих ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here