Жолдауда көтерілген мәселелер өзектілігін жоймаған

0
1610

«Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты», бүгінгі Президент Қ.Тоқаевтың Білім күні қарсаңында Қазақстан халқына айтқан Жолдауындағы қанатты сөздердің бірі болды.

«Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады». Расымен солай. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген сөздер қайдан шықты десеңіз, осы.  Болашақ ел басқарса да, станоктың басында тұрса да кез келген мықты маманның тәлімгері – ұстазы болады.

Жолдауда «үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық» делінген. Мәселе сапалы білім мен әдістемеде. Мазмұны пәс, ілімі таяз, тәрбиесі жоқ жерде қандай сапа, қандай нәтиже шықпақ?! Ең өкініштісі, нарықтанған қоғамда, кейде сананы тұрмыс билегенде, Президент көтерген биік жоспарлар дәл осы оқытушылық саласында өзектілігін жойған емес. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек делініп тұр.

Шындығында, соңғы жылдары, дәл осы педагогикалық мамандықтарға түсу шекті балдары көтерілуде. Өйткені, мұғалімдік жол анау айтқандай, сағаттарды алдым, айлыққа белшесінен баттым деген дүние емес. Ең алдымен, жауапкершілік, ұрпақ алдындағы биік стратегия. Жыл санап, педагогикаға көңіл аударып, мектепке барып мұғалім болам деушілердің қарасы көбеюде. Мемлекеттік тапсырыс та жоғарылаған, себебі, дамып келе жатқан қала агломерация, аймақтардың экономикалық-өндірістік потенциалы сапалы маман иелеріне, педагог-медбикелерге сұраныс артып жатыр. Мәселен, биыл отандық білімнің қарашаңырағы Абай университеті өз қабырғасында 6000 жуық талапкерді әр деңгейде қабылдады. Педагогикалық мамандықтарға түскен студенттердің де стипендиясы 70 мың теңгеге дейін артқан. Педагогикалық мамандық таңдаған студенттердің дені қолданбалы білімнен бастап, жаратылыстану һәм гуманитарлық мамандықтарды таңдаған. Ал, университет өз кезегінде, үшінші курстан бастап, төртінші курсқа дейін толық педагогикалық тәжірибеге мектептерге жіберуде. Осының өзі, ертең бітіріп шығушы маманның толық жұмыспен қамтылуына жолы ашылған. Міне, аталған игіліктер қарт ҚазҰПУ-дің түлектерінің сапасы да, саны да мемлекеттік даму саясатында үлкен үлесін қосуда деп ауыз толтырып айтуға негіз бар.

  Жалпы бүгінгі мұғаліммен, білім-ілімде жүрген азаматтарға ел басқарып отырған Президенттің Жолдауынан естігісі келген тиісті мәселелер көтерілді. Бастысы оның сапалы орындалып, елге пайдасы тиюі баршамыздың мойнымызда екенін ұмытпау абзал.

М. ЖАҚАУОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Әлеуметтік даму мәселелер жөнінен проректоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here