Еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын құнды құжат

0
2462

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Мемлекет басшысының бұл Жолдауында елдегі саяси реформалар қорытындыланып, алдағы кезеңде іске асыратын кешенді экономикалық және әлеуметтік реформаларға қажетті іс-қимыл жоспары таныстырылды. Соның ішінде еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды. Прогрессивті Ұлт болу үшін Қазақстан барлық азаматтардың дүниетанымын өзгертіп, қоғамдық санада жаңа құндылықтарды сіңіруі керек, деп мәлімдеді Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев,

 Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Осылайша, еліміздің экономикасының басым секторларын дамытуға ден қоюылуы қажет.  

Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық айтылды. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасалған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.

Жолдауда банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау мәселесіне баса мән берілді. Қазіргі таңда отандық банктердің табысы айтарлықтай деңгейде екені белгілі. Оны халықаралық сарапшылар да атап өткен. Соған қарамастан банктердің бизнесті қаржыландыру белсенділігі төмен болып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бұл саладағы салық мөлшерін әділ белгілеу керектігіне назар аударып, Банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды.

Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек.

Президент сондай-ақ үдемелі экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін біздің барлық бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды екенін айтып өтті. Яғни,  Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыру үшін түбегейлі қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Еліміздің жол желісін салу және қайта құру экономиканың дамуына қуатты серпін беретіндігі, кем дегенде 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жұмыспен қамту мәселесі қадап айтылды. Нәтижесінде елді мекендердің көліктік қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады, адамдардың іскерлік белсенділігі мен әлеуметтік ұтқырлығы арта түсетіндігі айтылды.

Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Яғни, дамудың жаңа бағдары белгіленді. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап (яғни орта класс) күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет.

Президент елдің негізгі қозғаушы күші идеялар мен инновациялар болып табылатын қоғамның постиндустриалды моделіне біртіндеп жақындап келе жатқанын атап өтті. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз керек. Қазақстан жаппай цифрландыру және жасанды интеллектті жедел дамыту аумағына айналуға тиіс. Бұл біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді. Біз заманауи цифрлық көшпенділер өркениетінің прогрессивті стандарттарына сай болуымыз керек. Бұл салада біздің жастарымыздың әлеуеті, менталитеті мен талантының арқасында «қазақстандық серпіліске» нақты мүмкіндігіміз бар екендігі қадап айтылды.

 Жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін бермек. Міне осыған орай ғылым және жоғары білім саласы  тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеует­ті жұмылдыру – сапалы кадр­лар даярлаудың негізі болаты­ны анық. Яғни, «Біздің негізгі миссиямыз – еліміз үшін білікті, бәсекеге қабілетті және талантты жас мамандарды даярлау», – болып табылады. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Әділетті Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат- мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз.       Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі.

Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат- мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз.     

Жаппар ЖҰМАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here