Пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. Отандасымыз финалда Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Ақмарал Париж татамиінің жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасының финалында SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден бақ сынап, күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ел қоржынына алғашқы алтын жүлде түскен. Оны пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев алды. Ол осымен екінші мәрте Паралимпиа ойындарының чемпионы атанып отыр.