5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Тарихи тұлғаның 152 жылдығына орай, «Ахмет Байтұрсынұлының лингвистикалық мектебі және оқулықтарындағы білімдер жүйесі» атты республикалық конференцияны өткізу форматы бұрынғыдан бөлек, ұстанымы ерек болды. Алқалы жиын тұлға тұрған үйдің, бұл күні музейге айналған тарихи мекеменің ауласындағы алаңқайда, яғни ашық аспан астында өтті. Жиын Ахмет Байтұрсынұлы саябағындағы Алаш ардақтысының ескерткішіне гүлшоғын қою рәсімімен басталды.
Жиын модераторы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова конференцияны құттықтау сөзбен ашпас бұрын қадірлі қонақтарды таныстырып, ақшатырмен көмкерілген үстел басына жайғастырды. Анар Мұратқызы аңдату сөзінде бұл іс-шараның Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіліп отырғандығын ерекше атап өтті. Онлайн режимінде сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Ұлт ұстазын ұлықтау Астана төрінде Жазушылар аллеясындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының ескерткішіне тағзым етуден басталғанын айтты. Жиынның өтуіне мұрындық болған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұжымына алғысын айтып, сәттілік тіледі.
Құттықтау сөзді «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова жалғастырып, бірлестікке қарайтын музейлер бойынша қысқаша мәлімет бере келе, 2021 жылы қала балансына алынған тұлға музейінің өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор екендігін, музейге келушілер легінің өскендігін мақтанышпен жеткізді.
Ел назарына «А.Байтұрсынұлының лингвистикалық мектебі: Қасым Тыныстанов және ХХ ғасыр басындағы қырғыз ұлттық әліпби» (баяндамашы Ермұхамет Маралбек), «Цифрлы кеңістіктегі Ахметтанудың болашағы» (баяндамашы Құралай Күдеринова), «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын мектепте оқытудың маңызы» (баяндамашы Райхан Имаханбет), «Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл – жұмсар» еңбегіндегі тіл үйрету әдісі» (Гүлфар Мамырбек) атты баяндамалар ұсынылды. Баяндамашылар көтерген мәселелер жиынға қатысушылардың қызығушылықтарын оятты.
Жиын барысында ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының жан-жақты терең зерттелмей жатқан соны тұстары, жас ғалымдардың назарын аударту керектігі баса айтылды. Конференцияда музей-үйдің жетекшісі, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызының «Ахмет. Алаш ардақтысы» атты «Алматыкітап» баспасынан қазақ, орыс тілінде жарық көрген фотожинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Жиын соңында Ахмет Байтұрсынұлының рухына Құран бағышталып, естелік суретке түсті.
Гүлмария ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ҚМКК бөлім жетекшісі