Жолдау педагог қауымға үлкен жауапкершілік жүктейді

0
344

Ағымдағы жаңа оқу жылының Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен тұспа-тұс басталуы барлық педагог қауымға үлкен жауапкершілік жүктегені анық.

Президент жыл сайынғы Жолдауында білім саласына ерекше тоқталады, әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданған күннен бері аталған сала қызметкерлеріне мемлекет қамқорлығы еселене түсті. Осы орайда мектептер мен жоғары оқу орындарын жаңа үлгідегі техникамен жабдықтау, балабақша мен мектеп, колледж, ЖОО педагогтерінің жалақысын көтеру, мұғалім мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысын арттыру, осы салаға бөлінетін гранттар санын көбейту секілді игілікті істер жыл сайын артып келеді.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаса керек. Бұл ретте Президент биылғы Жолдауында мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген.

«Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет, – деп елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеруде, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеуде нақ осы ұстаздық жауапкершілігі мол киелі мамандық екендігін атап көрсетті.

Демек, ұлы орыс педагогы К.Д. Ушинскийдің «Мұғалім мамандығы сырттай қарапайым болғанымен – тарихатағы ең ұлы істердің бірі», – деген тұжырымы шындыққа үйлеседі.

Жолдауда баса айтылған білім саласындағы тағы бір мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру болып табылады. Осы орайда Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады», – дей келе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып, 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланғанын атап өтті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болашақ педагог мамандарды даярлауда өз үлесін қосып келеді. Атап айтатын болсақ, былтырғы оқу жылында Астана қаласында 200-дей бітіруші түлектер педагогикалық практикадан өтіп, бүгінгі таңда 100-ге жуығы Астана қаласының білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасты. Биылғы оқу жылында педагогикалық мамандықтардың бітіруші түлектері жеті айлық үздіксіз педагогикалық практикадан өтуі жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек», – деп осы саладағы мамандарға маңызды міндеттер аясын жүктеді.

Осылайша, жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолдануға берілген заманауи білім ошақтарының мәні айрықша.

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауындағы маңызды бастамаларына сәйкес білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру ісінде алда үлкен жұмыстар атқарылатынына сенім мол.

Хайрулла ЖАНБЕКОВ,
Абай университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here