Сөз өнерінің зергері

0
1679

Сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті еліміздің барлық өңірлерінен келген ұлтымыздың жігіттері мен қыздарын бір шаңырақтың балаларындай бауырластырып жіберген еді. Біз ешкімді де жерге, руға бөлу дегенді мүлдем білмедік. Тек алдымызға қойған арманымыз жүрек қалауымен таңдаған мамандығымызды терең меңгеріп, елімізге адал қызмет ету ғана болатын.

БЕС ЖЫЛ ҮЗДІК ОҚЫДЫ

Мен  1977 жылы әскерден оралған соң бірінші курсқа қабылдандым. Бүгін өзі жайлы сағынышпен сөз еткелі отырған Жұмабек Кенжалин сол уақытта бізден жоғары  оқитын.

Қоңыр күзде жазғы демалыстан оралған студенттер сабақты бастады. Бүкіл курстың жастары тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып кеттік. Жұмекеңнің өзі құралыптас достарының арасында өте беделді, оқуға алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті айырықша азамат екендігін бірден байқадық.

Өзінің бітім болмысы кімнің болсын назарын аудармай қоймайтын. Түр келбеті кейбір замандастары жазып жүргендей, ұлтымыздың біртуар перзенті, ұлы жазушы Сәкен Сейфуллинге ұқсайтын. Қою қара мұрты, тартымды жүзі оны басқалардан ерекшелендіріп тұратын.

Біз жылдар өте жоғары оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарды жандандыруға белсене атсалыстық. Мен коммунистер кеңесінің төрағасы әрі университеттегі кәсіподақ комитетінің мүшесі болсам, ол журналистика факультетіндегі кәсіподақ комитетіне басшылық етті.

Алайда, ол темірдей тәртіпті ұнататын мінезін, уақыттың қадірін білетін қырларын қысқа мерзімде көрсете білді. Бос кездерінің бәрі де аталмыш кезеңдегі Пушкин атындағы республикалық кітапханада өтетін. Еңбекқорлығы, тынымсыз ізденісі қатар жүрген замандастарын ғана емес, өздеріне дәріс беретін ұстаздар қауымын да тәнті ететін.

Үздік оқу мен қоғамдық жұмысты тығыз байланыстыра білетін парасатты студент топ жарып, Лениндік стипендиат атанды. Оның бойындағы барлық үлгілі қасиеттерін факультетке жаңадан қабылданған бозбалалар мен бойжеткендер өнеге тұтты.

Шындығы керек, ол кезде оның Қостанай өңірінің тумасы екендігін білмеппін. Заманымыз бір болғандықтан әрі өмірге деген көзқарасымыз бір жерден шығатындықтан кездескенде әзіл-қалжыңымыз да жараса кететін.

Онымен арадағы достығымыз университетті аяқтаған соң да одан әрі жалғасты. Жұмекең Алматыдағы «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры-редакторлер кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде маған үлкен сенім артты.

Сонымен беделді «Ана тілі» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі қызметін біраз жылдар бойы шама-шарқым келгенше атқардым. Үнемі телефон арқылы сөйлесіп, хабарласып тұрдық.

ҚАЙЫҢДЫНЫҢ ДАРЫНДЫ ПЕРЗЕНТІ

Оның ғұмыры қысқа болса да, мәнді де мағыналы. Артында өшпестей ізін қалдырды. Сөздің орайы келгенде, ардақты әріптесіміздің өмір жолдарына да қысқаша тоқталып өткенім де орынды секілді.

Жұмабек Кенжалин қазақ халқына қаншама даңқты перзенттер берген киелі Торғай өңірінің түлегі еді. Өзімен оңашада сыр шерткен кезімізде 1954 жылы желтоқсан айында қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданындағы «Жаңа тұрмыс» колхозында дүниеге келгендігін мақтанышпен ауызға алатын.

Досымыздың әңгімесінен түйгеніміздей, ол 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін ойдағыдай тәмәмдады. Кішкентайынан елгезек болып өсті. Ата-анасы Омар мен Ұлмекеннің сүйікті ұлы болды. Оның бойындағы барлық ізгі және өнегелі қасиеттер білім ордасының қабырғасында жүрген шақта айқын байқалыпты.

  Қолына кәмелеттік аттестат алған соң бірден жоғары оқу орнына түсуге талпынбады. Өйткені, ол кездегі талап бойынша республикадағы жалғыз қаламгерлер дайындайтын журналистика факультетіне түсу үшін еңбек өтілі де қажет-тін. Сондықтан алдымен өмірді тану үшін қатардағы жұмысшы, электрмен дәнекерлеуші, мектеп мұғалімі секілді жұмыстарды атқарып, қарапайым халықтың бел ортасында жүрді. Олардың мұң-мұқтажын жүрегімен айқын сезінді. Мұның бәрі де кейін шығармашылық жолға біржола түскенде септігін тигізгені даусыз.

Ал, енді қайраткерлік, елжандылық қырларына келсек, студенттік жылдар босқа өткен жоқ. Жас та болса, өзіндік ой-пікірлерімен жұртшылық назарын аударды. Топ алдында сөз сөйлеп, шешендігімен көзге түсті.

Алматы секілді үлкен шаһардың тұрғындары оған үлкен сенім артты. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Әрине, бұл кешегі қазақ ауылынан келген табанды жігіт үшін үлкен мәртебе әрі құрмет-ті.

Осылайша замандастарының арасында дараланған ол кезінде бірқатар дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студенттердің форумдарына да қатысып, өзінің болашағынан үлкен үміт күттірді.

Студенттік жылдар да зырылдап өте шықты. Кешегі асыл арман қуып, бірге жүрген жігіттер мен қыздардың басым көпшілігі қолдарына диплом алысымен арнайы жолдама бойынша республикамыздың облыстарына аттанды.

Жұмекең оқып жүрген шақтың өзінде қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болып табылатын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіндегі журналистика саласы майталмандарының ілтипатына бөленген-ді.

Сондықтан да болар, университеттен кейін яғни 1981 жылы аталмыш басылымға алдымен тілші, содан кейін бөлім меңгерушісі болып тағайындалды.  Осы уақыт ішінде ол редакциядағы елімізге кеңінен танымал көрнекті журналистерден тәлім алып, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдады. Бұған әрине, сол жылдардағы өзекті тақырыптарды қозғаған мақалалары мен басқа да танымдық дүниелері айқын дәлел. 

ҚАЙРАТКЕРЛІГІМЕН ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛДЫ

Талай қаламы қарымды журналистер қауымының шеберлік ұстаханасына айналған «Егемен Қазастан» газетінен кейін де ол тынымсыз ізденісі мен азаматтық қасиеттерінің арқасында көптеген басылымдарда абыроймен қызмет атқарды.

Әрбір ұжымда өзінің ұмытылмас қолтаңбасын қалдырды. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенелік. Көзі қарақты оқырман кезінде тың зерттеулері және тосын жаңалықтарымен қалың жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырған «Зерде» («Білім және еңбек») журналын ұмытпаған да болар.

Жұмекең осынау замандастарының ой-өрісі мен дүниетаным көкжиегін кеңейтуге септігін тигізген басылымда алғашқы кездері жауапты хатшылыққа алынды. Қысқа мерзім ішінде іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті бағаланып бас редактордың міндетін атқарды.

Өздеріңіз білесіздер, белгілі журналист 1990 жылы елімізде жаңадан дүниеге келген «Халық кеңесі» газетіне бас редактордың орынбасарлығына шақырылды. Редакциядағы әріптестерімен қоян-қолтық араласа жұмыс істеп, жас журналистердің қалыптасуына қолдан келген көмегін аяған жоқ. Арада төрт жыл өткен соң бас редакторлыққа жоғарылатылды.

Бұған ерекше тоқталып отырған себебіміз, оның қай қызметте болмасын барынша жауапкершілікпен қарап, тек басшы болып ғана қоймай, газет-журналдардың таралымын арттырып, онда бірге қызмет атқарған қаламдас бауырларына тиісті жағдай туғызған-ды.

Одан кейінгі «Ақиқат» журналы мен «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттеріне бас редакторлық қызметте болғанда да ондағы барша әріптестерінің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді. Қазақ журналистикасының нағыз майталманы екендігін іс барысында көрсетті.

Ал,  ғұмырының соңына дейін «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры ретінде барша журналистер қауымының есінде қалды. Оның құрамында еліміздің руханият саласының дамуына айырықша үлесін қосқан газет-журналдар болғандығын айтып өткеніміз де абзал. Осы ұжымдардағы қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары үнемі оның басты назарында тұратын.

Бақыттың кілтін еңбектен тапқан бауырымыз қаншама басылымдарға басшылық етсе де, өзінің жеке шығармашылығын, ғылым жолындағы ізденісін бір сәтке де тоқтатқан емес. Әрине, ол ондай шығармашылық жұмыстарына негізгі қызметінен қолы бос кездері мен демалыс күндерін тиімді пайдаланғаны айдан анық.  

Ғылым жолы инемен құдық қазғандай екендігі баршаға аян. Дегенмен, ол өзінің алдына қойған мақсатына жетуге әрдайым талпынумен болды. Осы сөзіміздің нақты айғағындай, 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмін қалыптастырудағы рөлі» деп аталатын тақырыпта диссертациясын өте сәтті қорғап, саяси ғылымдар кандидаты атанды.

Журналистік қызмет жазушылыққа бастар жол деп босқа айтылмайды. Себебі, халық арасында жүріп көп жайды көзбен көріп, көңілге тоқисың. Қаншама тағдыр иелерімен жолығасың. Бұның бәрі де сайып келгенде, қолыңа қалам алдырмай қоймайды. Жұмекеңнің де артында қалдырған мол мұралары мен көркем туындылары жеткілікті.

ӘКЕ ТАҒЫЛЫМЫ

Енді оның публицистикалық шығармаларын да кейінгі өскелең ұрпақ іздеп жүріп оқиды. Бұл орайда оның «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланысты мәселелері», «Ержәуке мінбегенмен алтын таққа» деп аталатын кітаптары оқырмандардың сөресінен табылады.  

Өмірден түйгеніміздей, қандай мамандық иесі болмасын оның төккен маңдай терін өзі бір өкілі болып табылатын туған жері мен елі ескерусіз қалдырмайды. Бұған Жұмабек Кенжалиннің ғұмыры айқын дәлел.

Өз саласы бойынша қаламгерлік еңбегі бағаланып, Қазақстан Журналистер Одағы, бертін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Еліміздегі журналистер академиясының академигі, мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданып, кеудесіне «Құрмет» орденін тақты.

Жұмекең табиғатында көпшіл, ақ жарқын, жігітке тән мәрт, мейірбан,  уәдеге берік, айналасындағы адамдарға шарапатын тигізуге дайын тұратын нағыз көркем мінезді тұлға-тын.

Достары да осы қасиеттерін бағалап, әлі күнге дейін ол туралы баспасөз беттерінде ізгі тілектерін білдіріп, сағынышқа толы сөздерін арнап жатады. Бұл орайда Талғат Айтбай, Қали Сәрсенбай, Мейрамбек Төлепберген, Шархан Қазығұл және басқалардың жазбаларын айтып өткеніміз абзал. Оларды оқығанда еріксіз Жұмекеңнің жастық шағы көз алдымызға оралып, туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі үлкен толғаныспен баяндалады.   

Дарынды журналист, ғалым әрі академик өзі түлегі болып табылатын  қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттегі журналистика факультетімен тығыз байланыста болды. Мемлекеттік комиссияның төрағасы ретінде де көп еңбек сіңірді. Оның шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп тұратындығынан да хабардармыз.

Осы жоғары оқу орнының басшылығы оның ұзақ жылғы жемісті қызметін ескеріп, аталған факультеттен оның атындағы дәрісхана ашты. Жыл сайын «Жұмабек Кенжалин оқуларын»  өткізу де дәстүрге айналды.  

 Ол кіндік қаны тамған өңірді бір сәтке де ұмытқан емес. Екеуміз телефон арқылы сөйлескенде: «Тобыл-Торғай менің туған жерім ғой. Балалық шағым Қайыңдыда өтті. Оның кәусар таза ауасы, көркем табиғаты, құнарлы топырағы мен үшін ерекше ыстық. Адамдары кең даламыздай дарқан»» дейтін.

Қайран аяулы досым Жұмекең, маңдайымызға сыймай ерте кетті ғой. Замандасымыз ата-анасымен қатар, бауырларын және өзінің ынтымағы жарасқан отбасын ерекше ардақ тұтты. Жастай сүйіп қосылған жары Әлима Әбдірахманқызы екеуі бақытты ғұмыр кешті.

Олар Дастан және Жандос есімді қос ұлдарын өз қатарынан қалдырмай тәрбиелеп өсірді. Қазір екі баласы да таңдаған мамандықтарымен әкелерінің атына кір келтірмей жаңа Қазақстанды гүлдендіруге қызмет атқарып жатыр.

Сүйікті перзенттерімен бірге келіндері Айым мен Айнұр әулеттерінің абыройын асырып, үйдің берекесін келтіріп отырған аналары Әлиманың ақыл-кеңесіне сүйеніп құрмет тұтады.

– Әке асқар тау екендігі рас. Егер мынау тіршілікте біз бірдеңеге қол жеткізсек, ол шаңырақ иесінің арқасы. Өйткені, ата-анамыз балаларының тиянақты білім алып, туған жерлеріне туын тігулеріне барын салды. Бос уақытымызда көркем әдебиеттерді көп оқып, сөз өнерінің беймәлім сырларына қанықтық. Заман талабына сай жан-жақты болуға талпындық. Сондай ізгілікті тәрбиенің нәтижесінде қатарымыздан кем болған жоқпыз. Қазір сол әкемізбен бірге өткізген шуақты күндер ғасырларға бергісіз жылдардың бәрі де сағынышқа айналды, – дейді тұңғыш ұлы Дастан.

Кенжалиндер шаңырағында Жантөре мен Дарын, Лаула, Сана, Жәния есімді алтын асықтай немерелері өсіп келеді. Ұрпақтарына аталарының жетпеген жасын, бағын берсін дейміз.  

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here