Бастауыштың бағбаны

0
1562

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жансая Нұрғалиқызы Алматы қаласының бір перзенті. Туған жерін тұғыр еткен қарлығаш. Тұлымы желбіреп мектебіне қарай асыға аяңдайтын кішкентай қыз шаңырағының аялаған гүлі, шуақ шашқан күніндей болды. Ұстаздарының айтқанын санасына сіңіріп, берген тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындап отыратын сүйкімді қыз мектебін де шырайландырып жүретін. Жансая қыз білімге жақын, ізгілікке іңкәр. Білім шаңырағында мұғалімдерінің ойынан шығып, үйіне келгенде ата-анасының белді көмекшісіндей іс қататын Жансая Нұрғалиқызын бәрі жақсы көретін.

Жұдырықтай жүрегі аппақ армандарына толы қыз есейе келе ұстаздықты қалаған. Қолына қалам ұстатып, әріп үйретіп, білім әлеміне жетелеген мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалайтын. Жүрегінің төрінде тұратын асыл да ардақты жандардың алдындағы өтелместей көрінетін қарызы мен парызын осынау «Инемен құдық қазғандай» іспен өтеуді жөн көрген. Жансая Алматы қаласы, Түркісіб ауданында орналасқан №142 мектебін үздік бітірген айтулы түлектерінің бірі. Биік мақсат, асыл арманының құшағында Алматы  қаласындағы педагогикалық колледждің бастауыш сыныптарды оқыту факультетіне оқуға түсіп, жүрегі қалаған жолға түсті. Көп ұзамай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бітіріп шықты. Кейіннен 2023 жылы «Академик Ә. Қуатбеков атындағы халықтар достығы» университетінің «Бастауыш сынып педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын аяқтаған. Бүгінде өзі білім алған білім ордасында бастауыш сынып мұғалімі. Мектеп табалдырығын алғаш аттап, алдына келген шәкірттерін балапандай баурады. Қолдарына «Әліппені» ұстатып, білімге деген талпыныстарын ұштауға бойындағы бар білімін, күш-жігерін жұмсап келеді.

«Менің ойымша, бастауыш сыныптың мұғалімі бес аспапты, сегіз қырлы болу керек. Балалармен тек оқу процесімен қатып қалу дұрыс емес. Қажет кезде олармен бірге ән де айтып, би де билеп көңілдерін көтеру – мақсатым. Әр баланың жүрегіне жол тапсам одан артық бақыт жоқ», – дейді ұстаз.

Бойында білімі мен тәжірибесі мол, еңбекқорлығымен әрі ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Жансая Нұрғалиқызы үлкен сенімге бөленді.

«Мен кішкентай кезімде мұғалім боламын деп армандадым. Сол арманыма түрткі болған өзімнің алғашқы ұстазым – Пернегүл апайым. Ол кісінің мәдениеттілігі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, бізге сабақ үйретіп тұрған кезі – көз алдымда.  Алғашқы ұстаз оқушының есінде мәңгі сақталады деген рас екен. Сол себепті мен де оқушыларыма жақсы тәлім-тәрбие беріп, бар білгенімді үйреткім келеді. Менің де шәкірттерім тек биіктен көрініп, жемісті әрі жеңісті күндері көп болып, болашақтары жарқын болса екен деп армандаймын», – дейді аяулы ұстаз Жансая Нұрғалиқызы.

Ұстаздық еңбек өтіліне он жеті жылдан асты. Оқушыларға мейір-пейілімен сабағын оқытады. Бір-бір шаңырақтың гүлдері мен күндеріне жайдары жүзі, жылы жүрегімен қарайды. Шын мәнінде, мектеп партасында отырған жас ұрпақтың келешекте тәуелсіз Отанымыздың тірегі болар қалыптасқан азамат болуын тілейді. Хакім Абайдың «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген қанатты сөзі де әрдайым ойында тұрады.

Мынау жарық дүниеде өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне негізделген игілікті шаруаның бел ортасында жүрген, өскелең уақыт талабына сай іс-қимыл, әрекет танытып келе жатқан Жансая Нұрғалиқызының еңбегі елеулі. Аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Еңбегінің қуаныштары әр күнгі ісіне деген ықылас-пейілін арттыра түседі. Үмітін ақтаған шәкірттері мол. Оның бәрі көңілінің төрін нұрландырып жатады. Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, болашағы болар жас ұрпақ тәрбиелеу ісіне бойындағы барын жұмсауға ден қойды. Міне, содан бері де уақыттар алға тартып келеді. Бәрі жеміссіз емес. Басқаны айтпағанның өзінде ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы, ортасына сыйлы ана.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here