Кеше, 17 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақ-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығының (KGRCC) ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл орталық Германия Федералды канцлері Олаф Шольц мырзаның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылды. Орталық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан-Неміс университетінің (ҚНУ) серіктестігі негізінде құрылды.
Ашылу ресімі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті, профессор, доктор Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев пен Қазақстан-Неміс университетінің президенті, профессор, доктор Вольрад Роммельдің құттықтау сөздерінен басталды. Екі елдің басшылары жаңа орталықтың екі ел арасындағы ғылыми байланыстарды кеңейтуге, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және ғылым мен технологияның түрлі салаларына инновацияларды енгізуге стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Академияның жаңартылған ғимаратында жүзеге асырылған алғашқы халықаралық жоба ретінде KGRCC-тің ашылуы Академия тарихындағы жаңа кезеңнің бастауын айқындап, ерекше маңызға ие болмақ.
Рәсімге Қазақстан мен Германияның ғылыми және білім беру салаларының жоғары дәрежелі өкілдері, соның ішінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан-Неміс университетінің басшылығы қатысты. Іс-шара Неміс зерттеу қоғамының (DFG) халықаралық байланыстар бөлімінің жетекшісі, доктор Йорг Шнайдер бастаған делегациямен жұмыс кездесуімен жалғасты. Германияның ғылыми өзін-өзі басқару ұйымы ретінде танылған DFG университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі ғылыми жобаларды қаржыландыру арқылы ғылымның барлық салаларына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, жас ғалымдарды қолдау мен ғылымдағы гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, бірлескен зерттеу жобаларын қаржыландыру және екі ел ғалымдары үшін желілік бастамаларды құру мүмкіндіктері талқыланды.
Іс-шараның қорытындысында Қазақ-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығын (KGRCC) құру туралы ресми келісімге қол қойылды. KGRCC озық зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ ұзақ мерзімді халықаралық ғылыми әріптестіктерді дамытуға маңызды платформа болатыны күтілуде.