Барлаушы

0
2921

«Арман адамды өсіреді» деген тәмсілді жиі еститініміз бар. Дүниенің кеңдігіне, сұлулығына қырандай биіктен көз қадау үшін көкке самғауды армандайсың. Сол арманыңа жетіп, ұшуға ең бірінші қол орнына қанат керек. Егер адамдардың қанаты өсіп, ұшар болса, құстан айырмашылығы қалар ма? Бәлкім, онда олар дүниеге көк аспаннан көз сала тұрып, кеңдік пен сұлулық ұғымдарын мүлде басқаша, өзіне тән талғаммен қабылдауы мүмкін еді… Қалай дейсіз бе? Адам баласына күнде көріп жүрген әсемдіктері жай бір қалыпты дүниедей бола бастайтыны күнделікті өмір тәжірибесінен алынған шындық. Сол үшін де адамға ұшу қабілеті берілмеген шығар, кім білсін. Есесіне, адамға Жаратушыдан басқа бір қабілет беріліпті. Ол – армандай білу. Адам армандау арқылы қыраннан да биікке ойша самғай алады. Ойды жүзеге асыру үшін еңбек пен табандылық керек екен. Тарихта аты қалған тұлғалардың өміріне үңілгенде, оларды жоғарыға көтерген өзге емес, өз арманы екенін көресіз. Біздің мақалаға арқау болған кейіпкеріміз де бала кезінде арманшыл болыпты. Сол арманы оны бүгінде тарих жасаған тұлғаға айналдырды. Ол бала кезінде детектив кітаптарды оқып отырып, ел қорғайтын барлаушы болуды армандапты. Жерімізге көз тіккен қылмыскерлерді тауып, ұстасам деген арманы оны қорғаныс саласына жетелейді. Ол бірден бұл салаға келе салған жоқ. 

АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚ

1939 жылы Алматы облысы Іле ауданына қарасты Боралдай ауылының КазЦИК елді мекенінде қарапайым отбасыда өмірге келген ол бір сұхбатында ата-анадан жалғыз тұяқ екенін атап өтіпті. Бастауыш сыныптарда ауыл мектебінен білім алып, оныншы сыныпты Алматының № 22 мектебінде оқиды.

Қазақ мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім жинаған ол үшін бұл оқуға түсу де оңай болмапты. Алғашқы жылы құжат тапсырып, оқуға қабылданбаған соң, екі жыл кірпіш зауытында жұмыс істеп, тер төгеді, содан кейін барып діттеген мақсатына жетіп, жоғары оқу орнына қабылданады. Алғашқы еңбек жолын Алматы облысындағы прокуратурада тергеуші болып бастаған ол көп ұзамай Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне ауысады. Бұл жерде жүріп, еңбегі мен табандылығының арқасында арманына қадам баса бастайды. Жас маманның қызметіне көңілі толған жұмыс орны Минскідегі Барлау мектебіне жібереді.  Бұл мектепті абыроймен бітірген соң, Сыртқы істер министрлігінің қытай-ағылшын тіліндегі Дипломатиялық академиясына оқуға қабылданады. Бұл жерді тәмамдаған соң, біршама уақыт Қытай елінде қызмет істейді. Осылайша, бағы мен бабы жарасқан оның қызметтік баспалдақтардан бірте-бірте көтерілу кезеңі басталады.

ТӘУЕКЕЛДІ УАҚЫТ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қай сала болсын дағдарыстың дәмін татқаны рас. Алғашқы жылдарда аяққа тұру үшін табан аудармай тер төгу – барлық азаматтардың бойындағы борыш болды. Әсіресе, ұрымтал тұста ішкі-сыртқы жаулардан сақтанып, қорғаныс шебін шендеу үшін қауіпсіздік саласына қан жүгірту керек еді. Тәуекелді уақытта сол кездегі Мемлекет басшысы сенім артатын адамдарды жанына жинай бастайды. Олардың ішінде біздің кейіпкеріміз де болды. Ол ел қорғауды азаматтық міндет санап, ел басшысымен бірге маңызды мәселелерді шешуге атсалысты. Қауіпсіздік саласын нығайту үшін ең бірінші мамандар дайындайтын мектеп қалыптастыру керек екенін алға тартады. Бұл үшін АҚШ үлгісін көру керектігін ұсынады да, алып мемлекетке сапарлап, тәжірибе топтап қайтады.      

МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Еліміздің қауіпсіздігін қорғаған кейіпкеріміздің қызмет жолындағы маңызды міндеттердің бірі – 1993 жылы желтоқсанда оның басшылығымен жүргізілген «Сапфир» операциясы. 1994 жылы 23 қарашада таңертең Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында «Сапфир» операциясының сәтті аяқталғаны жарияланды. Бұл дүниежүзілік сенсацияға айналды.

Бүгінде сол оқиғаға орай қазақстандық режиссер Игорь Вовнянко Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қолдауымен «Уран тайфуны» көркем фильмін түсірді. Деректі фильм «Сапфир» операциясының көпшілікке танылуына септігін тигізді. Содан кейін бәрі қатаң түрде жіктелді. Өйткені, мұнда 1981 жылға дейін әскери-теңіз флотының кеме реакторлары үшін уран мен бериллий негізіндегі ядролық отын өндірісі болған әйгілі Үлбі металлургиялық комбинатында сақталған 592,5 келі жоғары байытылған уран туралы сөз болды.

Уран елдің атом өнеркәсібінде тікелей пайдаланылмады, десе де МАГАТЭ-нің көптеген тексеруінен бастап әлемдік баспасөзде ойға келмейтін болжамдар мен қиялдарға дейін көптеген қиындық пен алаңдаушылықтар туғызды. Осы елдің саясаткерлерімен, дипломаттарымен және ядролық күштерімен жүргізілген барлық келіссөздердің, қол жеткізілген уағдаластықтар мен қол қойылған келісімдердің шарықтау шегі 1994 жылдың қазан айының басында, С-5 үш ұшағымен 91 адамнан құралған американдық мамандар тобы Өскеменге келген кезде болды. Олар өздерімен бірге 120 метрикалық тонна жабдықты, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік талаптарына сай келетін арнайы контейнерлерді алып келді. Қараша айының басында уран Денвердегі әуе күштерінің базасына, содан кейін қауіпсіз сақтау үшін Окридж қаласындағы Энергетика министрлігінің кәсіпорнына жеткізілді.

Қазақстанда алқа мәжілісінде ол комитеттің бастамасымен және тікелей қатысуымен америкалық тарапқа жоғары байытылған уранды сату қамтамасыз етілгенін хабарлады. «Сапфир» операциясының нәтижесінде республика 23 миллион доллардан астам қаражат пен құрал-жабдық алады.

ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК

Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттың, мемлекеттің, Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен тұлғалардың бірі және осы жолда аянбай еңбек етіп, қауіпсіздік күштерінің қалыптасуына зор үлес қосты. Оның басшылығымен құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысын ұйымдастыру үшін қажетті көптеген арнайы құжаттар бүгінгі күнге дейін қолданыста. Оның шешімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы құрылды, ол елдің көрнекті оқу орнына айналды.

Оның басшылығымен ҰҚК қарсы барлау жұмысын жақсартуға, мемлекеттік құпияларды қорғауға және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған елеулі реформалардан өтті. Мемлекеттік рәміздерді елдің жаңа астанасы Ақмолаға көшіруді ұйымдастыруда және Республикалық ұлан құруда шешуші рөл атқарды. Ол гвардиялық құрылымның негізін қалады, оның ішінде оны қалыптастыру туралы ереже жазу және жауынгерлік жаттығуларды ұйымдастыру бар.

ҰҚК АРХИВІН ҒАЛЫМДАРҒА АЛҒАШ АШҚАН

ҰҚК басшылығында қызмет ету қыл үстінде жүрумен бара-бар болса керек. Себебі, істеген ісің былай тұрсын, сөйлеген сөзіңе берік болуға тиіссің. Тәуелсіздіктен кейінгі кезең әлі де кеңестік дәуреннің ызғары басылмаған тұс. Мемлекеттік құжаттардың бәрі де жабық, құпияда сақталуға тиіс. Осындай уақытта ол Алаш арыстарын ақтауға үлес қосты. 1937-1950 жылдардағы сталиндік репрессияға ұшыраған азаматтарды ақтап алу үшін олардың құжаттарын зерттеп жүрген ғалымдарға ҰҚК архивін бірінші болып ашып береді. Бұл оқиға Алаш арыстарының ардақты аттары ақталуына жаңа мүмкіндік тудырды. 

ПАРЛАМЕНТТІК ҚЫЗМЕТ

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, ол 2007 жылы «Nur Otan» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Депутат ретінде еліміздің Қарулы Күштері мен қауіпсіздігін нығайтуға қажетті заңдарды қабылдауға өзінің мол тәжірибесі мен күш-жігерін жұмсап, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерімен белсенді түрде айналысты.

Ол өзінің жолын қуған ондаған офицерлерді дайындады. Олардың арасында түрлі дәрежедегі басшылар, нағыз кәсіби мамандар бар.

* * *

Барлаушы болуды армандаған бала бүгінде қаншама жастарға үлгілі болған ата. Еліне сырттан көз салған қылмыскерлерді ұстауды арман еткен бала тілек қабыл болып, Отанын қорғаған қорғаушыға айналды. Арманы оны көкке көтерді. Осының бәріне ол табанды талабы, қайсар мінезі, білім-білігінің арқасында жетті. Оның жүріп өткен жолы, артында қалдырған ізі, атқарған міндеті, хатталған қызметі осы сөзімізді нақтылайды. Ол «елге қызмет ету – әркімге міндет» деп санайды. Оның аты – Сәт Тоқпақбаев. Генерал-полковник. Халық қаһарманы.

Бүгін ол өзінің лайықты демалысында. Жұбайы, белгілі жазушы Сәуле Досжанмен бірге қоғам өміріне белсене араласып, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы жақында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, Қорғаныс министрі, Мәжіліс депутаты, ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевты 85 жылдық мерейтойына орай, аса бағалы «Халық Қаһарманы» атағымен: «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерімен марапаттады. Сәт Тоқпақбаев саналы ғұмырын еліміздің қорғаныс саласына арнаған бірегей тұлға.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:

«Ақорда» резиденциясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевты «Халық қаһарманы» атағымен, сондай-ақ айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерімен марапаттау рәсімі өтті.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, Сәт Тоқпақбаевты қалың жұртшылық құрметтейтінін, оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты.

– Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде, мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайықты азаматысыз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Сәт Тоқпақбаев мемлекетіміздің қауіпсіздігі және еліміздің тыныштығы жолындағы еңбегін бағалағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Әділетті Қазақстан құру ісіндегі зор еңбегіңізді және сүйікті Отанымызды халыққа жайлы елге айналдыру мақсатында жүзеге асырып жатқан саясатыңызды толығымен қолдаймын. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында Сізбен әрдайым біргемін! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Отанымызда тыныштық, бірлік, ауызбіршілік әрдайым салтанат құрсын, – деді Сәт Тоқпақбаев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here