Нұғыман Манайдың тарихи тұлғасы және идеяларының заманауи келбеті

0
1539

10 қазанда Алаш тарихының ізі қалған киелі топырақ Атырау өлкесіндегі Халел Досмұхамедұлы атындағы университетте мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, аудармашы, публицист, редактор, драматург Нұғыман Сәрсенұлы Манайдың 130 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Нұғыман Манайдың тарихи тұлғасы және идеяларының заманауи келбеті» атты өңірлік оқу-әдістемелік семинар өтті.

Семинар Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, тұлға рухына тағзым ету рәсімімен басталды. Аталмыш семинарға тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Қабекенов, әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Н.С.Манай атындағы жалпы орта мектептің директоры Рафхат Мукушев, Алаш бағытындағы Qyr balasy ҚҚ Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ директоры, алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманұлы, Qyr balasy ҚҚ негізін салушы, алаштанушы ғалым, жазушы, ұстазымыз Елдос Тоқтарбай, ұстаз Амандық Есқали, белгілі суретші, дизайнер Назерке Болатқызы, Нұғыман Манайдың ұрпақтары: Роза, Раушан Жаңабай, Мадина Манай, қорымыздың жанашырлары: Игілік Байдуллин, Бақыт Жұмахмет, Жомарт Сағындықұлы, Арыстан Сайынұлы, Қуаныш Саматұлы, Еркебұлан Наурызұлы мен университет студенттері қатысты.

Семинар барысында Нұғыман Манайдың қоғамдық-саяси қызметі, шығармашылығы турасындағы баяндамалар оқылып, нұғымантану мәселелері бойынша келелі ұсыныстар жасалды.

Сонымен қатар, Qyr balasy ҚҚ Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ (10.09.2024 жылғы) шешімімен тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Қабижанұлы Ахметке, әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұратқа, публицист-жазушы өлкетанушы Өтепберген Әлімгерейұлына (тұлғаның қызы Айнұр  Өтепбергенқызына берілді), қайраткер Нұғыман Манайдың ұрпағы Раушан Әбдәліқызы Жаңабайға, Алаш қайраткері Ғұбайдолла Бердіұлының ұрпағы, қорымыздың жанашыры Бақыт Маратұлы Жұмахметке «Алаш зиялысы» медалі табысталып, қор атынан риясыз құрмет көрсетілді.

Шарада Нұғыман Манайдың «Иман-ислам» шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Бұл кітап тұлғаның репрессияланған кезеңінен 86 жылдан кейін жарық көрген алғашқы кітабы еді. Сонымен қатар, бұл жинақ краудфандинг есебінен шыққан болатын.

«Иман-ислам» шығармалар жинағы 4 бөлім және қосымшадан тұрады:

Нұғыман Манайдың ғылыми мұрасы;

Нұғыман Манайдың әдеби мұрасы;

Нұғыман Манайдың публицистикасы;

Нұғыман Манайдың архивтік құжаттары.

Кітапта қайраткердің 1915-1934 жылдары төте, латын қарпімен жарық көрген еңбектері, мақалалары қазіргі қаріпке түсіріліп, ғылыми түсініктері беріліп, хронологиялық тәртіпте жинақталды.

Бұйыртса қайраткердің «Иман-ислам» шығармалар жинағының тұсаукесері Құрманғазы ауданында жалғасын табады. Демек, қайраткер Нұғыман есімі кіндік қаны тамған жерінде ардақталады. Бұл – үлкен қуаныш!

Ертай БІЛӘЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here