8 қазанда Амангелді ауданында туристік кешеннің салтанатты ашылуы өтті. Ол Қостанай облысының туристік инфрақұрылымын дамытудың маңызды элементі болмақ. Жаңа нысан әртүрлі халықтар мен дәуірлердің мәдени мұрасын, сондай-ақ аймақтың бірегей табиғи көрікті жерлерін біріктіреді. Аталмыш іс-шараға Парламент депутаттары және еліміздің түкпір-түкпірінен танымал азаматтар қатысты.
Хаб аумағында әлемге әйгілі сәулет өнерінің қысқартылған көшірмелері бой көтерген. Келушілер Эйфель мұнарасы (биіктігі 25 метр), Бейбітшілік және келісім сарайы, Венеция каналы және сақ моншалары сияқты әйгілі құрылымдардың көшірмелерін көре алады. Бұл алып құрылыстың авторы әрі іске асырушысы – ҚазКСР еңбек сіңірген құрылысшысы, кәсіпкер, меценат Сапар Ысқақов.
Қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен сәулет ескерткіштерінің бірі – Тәж-Махалдың құрылысы жалғасуда. Оның биіктігі де 25 метрге жетеді. Құрылыс жақын арада аяқталады деп күтілуде.
Шара аясында аймақтың мәдени мұрасының тағы бір символына айналған Сұлтан Бейбарыс ескерткіші мен ұлттық жады қабырғасының ашылу салтанаты өтті. Белгілі меценат, Аманкелді ауданының құрметті азаматы Сапар Ысқақовтың айтуынша, Сұлтан бабаға ескерткіш қоюдағы негізгі мақсат – ұлы тұлғаға тағзым әрі жас ұрпақ бойында патриоттық сезім қалыптастыру. Тұғырымен қосқанда ескерткіштің биіктігі – 8,5 метр, ал мүсін – 4 метр.
«Әлемде Бейбарыс Сұлтанға қойылған ескерткіш өте аз. Қазақстанда қойылған бұл екінші ескерткіш. Біріншісі Атырауда тұр. Ал аттың үстінде айбарлы бейнесі сомдалған мүсіні әлемде алғаш рет Торғай жерінде қойылып отыр деуге болады», – дейді ескерткіштің бой тіктеуіне барын салған кәсіпкер Сапар Ысқақұлы.
Туристік кешеннің тұсаукесеріне аймақтың көптеген тұрғындары мен қонақтары жиналды. Жиналған жұртшылық мұндай нысандар туған өлкенің танымал болуына ықпал етіп, демалыс пен туризм үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.
Нысанның ашылу рәсімі аймақтың мәдени дәстүрлерін паш еткен өнерпаздардың мазмұнды қойылымына ұласты. Аудан тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны ерекше ықыласпен тамашалады.
«Сапар Ысқақұлын қазақ тарихының жоғын түгендеуші, мәдениетін толықтырушы азамат екенін барша қазақ біледі десек, артық айтқандық емес. «Ұлттық жады қабырғасы» деп аталатын тақта бар қазақ тағзым ететін, көз алдынан еліміздің өткен-кеткенін бір сәтте еске түсіретін құнды мекенге айналары сөзсіз», – деп бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали да өз баяндамасында атап өткен еді.
Ал ақын Ақылбек Шаяхмет бар қазақтың айбары, Мысырды ел қылған, қыпшақ даласының ұланы Сұлтан Бейбарыс бабамыздың ескерткіші рухымызды асқақтатып тұрғанын тілге тиек етті.
«Бұл ескерткіштер мен «Ұлттық жады қабырғасының» үлкен өркениет орталықтарынан шалғайда жатқан өңірдің эстетикалық талғамын қалыптастыруда Сапар Ысқақов ағамыздың ерен еңбегі кейінгі жас буынға үлгі боларлық іс. Орталық пен Батысты байланыстыратын күре жолдың бойында орналасқан кешен талай жолаушы мен туристердің саялайтын мекеніне айналады дегенге сенеміз», – деді Ақылбек Қожаұлы.
Мамлюктен көтерілген сардарға,
Атой салып бастап жүрген қолды алға.
Қас жауларын тәубасына келтірген
Байбарыстай бұл әлемде хан бар ма?!
Жүрегінде намыс оты жағылған,
Жанын алған кәпірлердің қағынған.
Атқа мініп, сөйлеп қыпшақ тілінде,
Қымыз ішіп, жусан иісін сағынған.
Сардар болып, батыр жиған қасына,
Дұшпанға ыза, мейір төккен досына.
Асыл діннің болып мықты тірегі,
Үйін тіккен Пирамида басына.
Бес намазын қаза қылмай қайда да,
Аты шыққан Мысыр менен Шамда да.
Мешіт пенен медіресе салдырса,
Борышты оған азан айтқан әр қала.
Түріктер мен қыпшақтардың мақтаны,
Алтын орда ұлысын да жақтады.
Әл-Мәлік деп, әз-Захир деп ат қойған,
Ел-жұртының сенімдерің ақтады.
Игі істерден қалар дейсің кім қалыс,
Жол түскенде аттанғанда жолға алыс.
Үлгі болып ата-баба қылған іс,
Желеп-жебеп жүрсін бізді Байбарыс, – деп Ақылбек Шаяхмет жырдан шашу шашты.
Амангелді ауданындағы туристік орталық танымал демалыс орны ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын маңызды мәдени орталыққа айналмақ.
«Бұл жалғыз ауданның ғана емес, облыстың, жалпы Қазақстанның туризм саласын дамытуға бірден-бір септігін тигізетін жоба. Биылғы жылы екі-үш нысан аяқталуға жақын. Бұл әрине, ауданымыздың туризм саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджетке салық түсімдерінің көбеюіне бірден-бір септігін тигізеді. Халық осы жобаны қазір күтуде. Жергілікті атқарушы орган тарапынан қажетті жұмыстарды бірлесіп жасап жатырмыз. Жоба іске асқан жағдайда одан да көп жұмыс орындары ашылады. Өйткені, әр сауда нүктелеріне, әр ойын алаңдарына қажетті жұмыскерлердің бәрі осы жергілікті адамдармен қамтылады деп күтілуде. Кешен өңірдің туризм саласын дамытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатыны белгілі. Сонымен қатар, бұл жер жастардың тарихқа деген қызығушылығын оятып, патриоттық тәрбие беретін орынға айналуы мүмкін», – деді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.
Кешенде туристердің тынығуына арналған қонақ үй, тамақтану орындары салынды. Құрылыс сәтті аяқталса, бұл әр тасы тарихқа толы Торғай өңіріне туристерді көптеп тартуға және көне өркениеттің ізі саналатын геоглифтердің құпиясын ашып, насихаттауға септігін тигізбек.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің Баспасөз қызметінен алынды
Ескерту: Ескерткіште және Ақылбек Шаяхметтің өлеңінде «Сұлтан Байбарыс» деп жазылған еді, бұл қате емес, өйткені «бай» мен «бей» сөздері екі түрлі мағына береді.