Үшжақты меморандумға қол қойылды

0
1313

Бүгін, 16 қазанда Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп «Innova Tree» ЖШС директоры Асқар Балтагуловпен және Екібастұз политехникалық колледжінің басшысы Канат Коянбаевпен кездесті. Кездесу барысында Абай университеті, «Innova Tree» ЖШС және Екібастұз политехникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Меморандумның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарын жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету, кәсіби педагогикалық білім мазмұнын жаңарту және студенттерді белсенді педагогикалық қызметке дайындау. Ынтымақтастық академиялық және педагогикалық қауымдастықтарды интеграциялауды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуде тәжірибе алмасуды, сондай-ақ білікті мамандарды даярлау және ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты үйлестіруді көздейді.

«Бұл ынтымақтастық біздің студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Отандық білім мен ғылым саласын дамыту жолында біз білім сапасын арттырып қана қоймай, заманауи еңбек нарығының талаптарына сай келетін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға күш саламыз. «Innova Tree» ЖШС және Екібастұз политехникалық колледжімен бірлесіп ауқымды жобаларды жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді Болат Тілеп.

Меморандумның негізгі тармақтарының бірі – Павлодар облысында жаңа педагогикалық колледждің ашылуына ықпал ету. Бұл жоба өңірдің білім беру жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады және жоғары білікті мамандарды даярлауға айтарлықтай үлес қосады.

Бұл үшжақты ынтымақтастық отандық білім беру жүйесін дамытуға, кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы кадр тапшылығын жоюға, түлектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге және болашақ мұғалімдерді даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here