Түркия елінің астанасындағы Халықаралық симпозиум Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірі мен жауынгерлік жолына арналды.
Анкарадағы Халықаралық симпозиумға Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, әскери атташе генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, курсанттар, қазақ-түрік ғалымдары қатысты.
Қазақстан елшілігінің және ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өткен форумда Сағадат Қожахметұлының өмір жолы, оның Қазақстан Қарулы күштерін құрудағы рөлі туралы жан-жақты әңгімеленді. Кездесуге қатысушылар генералдың батыл мінезі мен адалдығы жайлы жақсы пікірлер білдірді.
Түркия Әскери академиясының деканы Ибрагим Этем Атнур Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс министрі ретіндегі алғашқы шетелдік сапарын Түркияға жасағанын атап өтті.
– Осыдан кейін Анкарадағы Әскери академияға Қазақстаннан курсанттар жіберілді. Ол екі елдің әскери ведомстволары арасында екіжақты қатынастар орнатуға айтарлықтай үлес қосты. Сағадат Нұрмағамбетовтың көшбасшылық қасиеттері қазақ-түрік әскери ынтымақтастығының өсуіне айтарлықтай әсер етті. Міне, бүгін біз қолбасшы досымызды еске алуға жиналып отырмыз, – деді ол.
Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Қызының айтуынша, Сағадат Қожахметұлы өте қарапайым, талапшыл және жауапкершілігі мол адам болған.
– Әкем бәрінен де армияны бірінші орынға қоятын. Осылайша, ол бүкіл өмірін әскери іске арнады. Сіздерде де халықтың әскери іске деген құрметі ерекше екен. Әкем қазақстандықтар қашанда ел әскерін мақтан етіп, оған арқа сүйегенін қалайтын, – деп атап өтті ол.
Симпозиумның екінші бөлімі «Қазақстан – Түркия: ортақ тарих пен мәдениет» тақырыбына арналды, онда түркі халықтарының әскери тарихы мәселелері қаралды.
Симпозиум соңында қонақтарға Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай шығарылған төсбелгілер табысталды. Батыр жайлы түрік тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері өтті. Кітаптың тәржімалануын ұйымдастыруға әскери атташе генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов едәуір көмек көрсетті. Жуырда бұл еңбек түрік әскери оқу орындарының кітапханаларында пайда болады.
– Сағадат Қожахметұлының өмір жолы, оның әскери ерлігі туралы кітап түрік тіліне аударылды. Түркілермен ортақ тарихымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді бағалаған Сағадат Нұрмағамбетов жайлы туындыны жастарымыз қызығып оқитынына сенімдімін, – деді белгілі түрік ғалымы Южель Өзтүрік.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов негізін қалаған Қарулы күштер бүгінде шетелде оқыған офицерлермен толығуда. Қазіргі уақытта Түркияның әскери оқу орындарында 70-тен аса курсант оқып жүр.