Мамандықты мақұлмен емес, ақылмен таңда!

0
225

Адам өміріндегі ең өзекті, маңызды, құнды қадамдардың бірі – мамандық таңдау. Себебі, бүгінгі күніңде, болашақтағы жолыңда жаныңнан қалмайтын, тағдырыңды құрайтын екі таңдау болса, соның бірі осы – сен қалап алған кәсіп. Адам белгілі бір іске бейім келеді. Өз қабілетің мен қарымыңа қарай қателеспей таңдалған мамандығың – болашақ жейтін наның. Әлемде жақсы немесе жаман кәсіп түрі болмайды. Тек, сізге ұнайтын немесе ұнамайтын іс болады. Таңдау жасаудан қателессең, төлемің өз өмірің болады дейді. Сондықтан, бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы аталатын, жүрегіңнің қалауымен таңдалған кәсіп – тағдырыңның нәсіпті тартуы болмақ.

Кешегі күн – бүгін келді. Ертең – бүгіннен құралады. Заман алма-кезек ауысып, уақыт бір орында тұрақтамақ емес. Әлем жаңалықтары сәт емес, секунд сайын өзгеруде. Қазақ та қазақ болғалы мәдени құндылығы, салты мен дәстүрі, тілі мен ділі еш өзгеріссіз, бір арнада бірде жай, бірде қатты ағыспен ағып келеді. Қазақтың менталитетін тілге тиек, сөзге сүйеніш етіп отырғанымыздың өз себебі бар. Бұрындары қалай еді? Ата-ана «Заңгер боласың», «Мұғалім боласың», «Әртістердің оңғаны жоқ, бармайсың» деп, мектеп бітірерде ұл-қызының таңдауына ықпал етіп отыратын. Қолына дипломын алса, бір жұмысқа тұрады ғой, екі қолға бір күрек табылар деп, жалақысының да шамамен қанша болатынын есепке алып, перзенті үшін ойша шешім шығарып қоятын. Ал, бала отбасындағы дәстүрлі мамандықты жалғастыруға міндетті ме? Оқып алсын, кейін көреміз деген таңдаудың салдары тұлға болып қалыптаса алмауға, қазіргі тілмен айтқанда «өзін таппай жүрген», пікірі мен ойы жалтақ, қатардағы адам болып қалуға әсер етеді. Сондықтан, баламен ақылдасып, бір іске икемділігін сыртынан бақылай отырып, ортақ, саналы шешім қабылдауды мақсат тұту керек. Жоғары оқу орны қызметкерлерінің сөзіне сенсек, статистика бойынша мамандығын өзі таңдап, қалауымен оқуға түскен студенттердің 85%-ы оқуды өте жақсы деген бағаға бітіріп шығады екен. Кейде жастардың, диплом – сандықта, өзім осындамын деп қалжың аралас шындықты күліп айтып жататыны бар. ЖОО бітірген көп түлектердің өз мамандығымен жұмыс істеуге құлшыныс танытпауының да себебі осында жатыр. Сүймейді. Таңдап берген. Өзінің емес, өзгенің қалауын орындаған. Шешім шығарар сәтте байыбына бармастан, бастап берген жолға түсіп кете барған. Міне, сондықтан, диплом алу – оқуды аяқтап шығу ғана емес, өмір жолыңды құрау. Оны өзіңнің қалауыңша әртүрлі, жарқын түстерге бояу. Мамандық – кәсібің мен нәсібің. Болашағыңның баспалдағына қадам жасар мезетте «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы ұстанған абзал. Бұл ата-ана үшін де, талабы таудай талапкер үшін де маңызды мәселе болуы тиіс. Шындығында, өз кәсібіңді сүйгенің – жетістікке жеткенің. Өзің таңдаған, ұнатқан мамандығыңның шыңына жетуге болады. Дұрыс таңдалған мамандықтың иесі қашан да сұранысқа ие болып жатады. Себебі, олар өз бағытын жақсы көргендіктен, жақсы білгендіктен шебер әрі білгір болып қалыптасып, сол саланың мақтанышына айнала алады.

Біз әлсіз және күшті қасиеттерімізді сарапқа салып, оны ары қарай дамытып, білім алып, мақсатты түрде аз уақытта жетістікке жете аламыз. Ата-ана бала үшін қашан да жақсыны қалайтыны анық. Алайда, өзгенің таңдауына бола, бала көп жылдарын босқа жоғалтуы мүмкін. Яғни, қаламаған мамандықта білім алып, жайлы емес ортада, түсінбейтін жұмыс істеп жүріп, артынша өзі үшін басқаның шешім қабылдап бергеніне өкінетін болады. Ең сорақысы, мұндайлар айналысып жүрген кәсібін терең меңгермегендіктен, өзінің ғана емес, айналасындағылардың да өмірін улап жатқанын дер кезінде түсінбейді…

Мөлдір Рәсіл

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here