Он жыл толды үлкен жүрек соқпағалы…

0
3353

2014 жылы 17 қарашада «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазақпен қайта табыстырған баспагер, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ауыр науқастан өмірден өтуі артында қалған қалың елді мұңға бөлеген әрі бел қайыстырған ауыр қаза болған еді. Қалам мен ақ қағазды жанына серік етіп абырой-беделге ие болған, елін сүйген, елі сүйген қаламгердің қазасы бір отбасының, не бір аймақтың ғана емес, тұтас халықтың азасы болды. Бұл қазаны да халық осылай қабылдады.

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ӨЗІ ҚОҒАБАЙ СӘРСЕКЕЕВТІҢ «ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУЫН» ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Жазушының жазудағы бағыт-ізіне үңілсек, университет қабырғасынан соң еңбек қадамы «Қазақстан пионері» газетінен бастау алып, «Социалистік Қазақстанда» әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиетінде» бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Кітап жаршысы» – «Друг читателя» газетінің редакторы, «Жалын» баспасының бас редакторы, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінің бас редакторы, республикалық Кітап таратушылар қауымдастығының президенті лауазымына дейін биіктегенін көреміз. Бұл басылымдар мен баспалар маңындағы қызмет жазушының аса білгір редактор және тәжірибелі баспагер болып қалыптасуына мықтап әсер еткенін көреміз. Оған дәлел – «Қазақ» пен «Айқапты» қайта жандандыруы.

Қоғабай Сәтенұлы өзінің жазушылық, публицистикалық, қайраткерлік қырын қажырлы еңбегімен көзі тірісінде-ақ қазақ жұртшылығын мойындатып қойған. Ондаған кітабы оқырманға жол тартты. Сол еңбектерінің арасынан жетпісінші жылдардың соңында жарық көрген «Қызыл жалау» романының орны ерекше. Өйткені, Кеңес Одағының тұсында қазіргідей екінің бірі кітапты жарыққа шығармайтын. Жазушыдан асқан беделді мамандық болмайтын. Кітаптың оқырманы да көп болатын. Ондаған мың тиражбен жарыққа шығатын. Қоғабай Сәрсекеевтің жоғарыдағы романы да ондаған мың тиражбен жарық көріп, оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Алғысөзін Ғабит Мүсіреповтің өзі жазған.

«Амангелді тақырыбын жазуға біраз автор атсалысып жүр. Солардың бірі – Қоғабай Сәрсекеев. Оның батыр өмірінің балаң кезін суреттейтін алғашқы романы бұрнағы жылы «Жұлдызда» басылды. Енді сол роман «Жалын» баспасынан шығып отыр. «Қызыл жалау» деген жалпы атпен берілген бұл романның бірінші кітабын мен қадағалай, барлап оқып шықтым. Оқиға сонау 1880 жылдар бедеріндегі ел басына түскен ауыртпалық, халық үстіндегі қиын кезең Торғай даласында болған нақты тарихи фактілер негізінде өрбиді екен. Шығармада автор бала Амангелдінің өзін қоршаған әділетсіз ортаға кектене өсіп келе жатқан сәтін беру арқылы шындығын бәз қалпында оқушы алдына тартуға талаптанған. Шығармаға мінез керек. Бұл жағынан алғанда автордың қадамы құптарлық па деп қалдым. Көркем дүниедегі әрбір әрекет өзіне лайық жағдайында шыншылдықпен бейнеленгенде ғана үйлесімділік табады. Типтік характерлер қай уақытта да типтілік тұрғыда жасалуға тиісті. Қоғабай Сәрсекеев романында осындай мінездің барлығы ішті жылатады», – деп ағынан жарылыпты Ғабең – Ғабит Махмұтұлы.

Қоғабай Сәрсекеевтің ертеректе «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мүсірепов мұраты» деген көлемді эссесі бар. Соның мына тұсын жариялайық:

«Әлі жадымда, 1977 жылы өзімді көптен толғандырып жүрген тақырып – халық батыры Аманкелді Иманов жайлы, ол өскен орта төңірегінде көркем шығарма жазуға отырдым. Роман оқиғасы бір кітапқа сыймайтындай болды да көп томдық дүние  болып жоспарланды. Алғашқы бөлігі жазылып біткен. «Жұлдызда» шықты. Оқушылар жылы қабылдады. «Қызыл жалау» деген атпен «Жалын» баспасына ұсынылды. Баспа қолжазбамды жасырын рецензияға берген. Ақ-қараны рецензенттің пікірі шешеді. Баспа директоры Қабдікәрім Ыдырысов бұл іске өзі араласып, мен жазған тақырыпты жете білетін түпқазық жазушымыз Ғабит Мүсіреповке оқуға беріпті. Оқуға бергенде журналдық нұсқасын – «Жұлдыздағы» вариантын қатар ұсынған.

Ұлы жазушының тезінен өту – емтихан біткеннің ең қиыны әрі зоры, тағат таппай күтумен болдым. Көңілдегі бір медеу, «жығылсаң нардан жығыл» деген, үлкен кісі не айтар екен дейтін бір үміт, бір күдікпен айлар өтіп жатты…

Осылайша қобалжып жүргенімде Қабдікәрім ағамыз:

– Ғабең саған сәт-сапар жазыпты, романың ұнапты. Маған ауруханада көңілін сұрай барғанымда айтты. Басуға болатын тәуір шығарма деді, өзің барып алып кел, – демесі бар ма.

Ғабең үйіне қалай барамын? Есіме Сәкең – Сәкен Жүнісов түсті. Болған жайды айтып ертіп баруын өтіндім. Сәкен ағамыз да екі сөзге келген жоқ, келісе кетті.

Ғабең Сәкенмен жылы сәлемдесіп, өзара шүйіркелесе кетті. Мен елеусіз отырдым. Сәлден соң барып, келген шаруамызды айтқанда Ғабең баяу қозғалып, жазу үстелінің үстінен жазған дүниесін алып, маған ұсынды.

– Тақырып қоймадым, – деді жазушы. – Баспадағылар оқып көрер…

Толқығаным сонша, «рақмет» дей де алмаппын. Жүрек дүрс-дүрс соғады. Ертіп келген Сәкеңді де ұмытып, дәлізге қарай шыға беріппін.

– Ау, тоқта, қазір бірге барамыз! – деді Сәкен. Сол кезде барып, кілт тоқтағаным есте.

– Оқа жоқ, – деді Ғабең сәл жымиып, – Қабдікәрімге апарып бер, оған айтқанмын, баспаның кәдесіне жараса байқар!

– Жарайды, Ғабе! Мына Қоғаш өзі жалғыз келуге қобалжыған соң бастап келіп едім, сізге рақмет, табысты боп барамыз, мұның қуанышында шек жоқ! – деді Сәкен жазушының үйінен шығарда.

Ғабит Мүсіреповтің алғы сөзімен роман 1979 жылы жеке кітап болып жарыққа шықты. Әр кітаптың өз тағдыры бар, менің бұл жердегі айтпағым – ұлы адамның мені бағыттаған сара жолы».

Иә, көзі тірісінде Қоғабай Сәрсекеевтің қаламгерлігіне Ғабеңнің өзі жоғары баға бергенде, біздің ол тақырыпқа қалам тербегеніміз артық болар.

БІЗ АРҚАЛАҒАН АМАНАТ ЖҮГІ АУЫР…

Кешегі күндер, «Қазақ» газетімен, оның редакторы Қоғабай Сәрсекеевпен алғашқы таныстық күні кешегідей бәрі есте. Осыдан тура 16 жыл бұрын «Қазақ» газетінің киелi табалдырығын аттап, Қоғабай Сәрсекеевпен алғаш танысқан кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенті едiм. Қазір орда бұзар отыз беске келгенде өткен күндерге шегініп, ұстазымның журналистика жолындағы өнегесі, тәлiм-тәрбиесi, барлығы да менің жүрегімнің төрінде мәңгілік қалатынын анық білемін.

2008 жылдың наурыз айында бұрын есімін көп естіген жазушымен алғаш жолықтым. Есігінің маңдайшасында «Бас редактор» деген жазуы бар мен үшін беймәлім кабинетке жүрексіне кіргенім әлі есімде. Өзің жүрегіңмен сүйген, бірақ қыр-сырына әлі қанық емес кәсіптің құлағынан ұстар-ұстамасың белгісіз өтпелі сол кезде толқымай тұру мүмкін бе?! Ішке аттаған бойда, «сценарий» бойынша «ассалаумағалейкүмді» жаңылыспай айтып, «сіздің шақыруыңызбен келдім» дедім. Қара торы өңді, дөңгелек жүзді ел ағасы көзілдірігін алып, орнынан көтерілген бойда қобалжу бірден жойылды. Өйткені, жылы қарсы алды.

Таныстықтан соң Қоғабай Сәтенұлы: «Айналайын, жақында жауапты хатшымыз декреттік демалысқа кеткелі жатыр. Жазу-сызуыңды байқап жүрмін, болашағың зор балаға ұқсайсың, бізге жұмысқа келсең қайтеді?» – деді.

Жауапты хатшы декреттік демалысқа кетті, мен оның орнына жұмысқа орналастым. Бір анығы, студент тілші де тәжірибе қайдан болсын. Бұл жайында атам қазақтың дүние танымында «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген де жақсы түсінік бар. «Жауапты хатшы болу әзірге қолымнан келмейтін сияқты» деп бірден айттым. «Міржақып Дулатұлы отызға толмай тұрып-ақ (27 жасында) «Қазақ» газетінде өнімді еңбек етті. Адам ештеңені іштен біліп тумайды. Үйренесің, тәжірибе жинайсың. Өзім көмектемесін», – деп шорт кесті. Сөйтіп, бір күнде «Қазақ» газетінің қызметкері атанып шыға келдім.

Қазір ойлап қарасам, Қоғабай аға сол кезде менің бойымнан талант ұшқынын байқапты. Редакцияда жүріп көп нәрсені үйрендім, бас редактор көп нәрсе үйретті. Оның тәлім-тәрбиесін алдым, тағылымын көрдім. Диплом алған екінші жылы бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындады. Қуанышымда шек болған жоқ. Мен үшін ұмытылмас күн. Бірақ, жауапкершілік жүгін сезіндім. Бас редакторды ұятқа қалдырмауға тырыстым. Әлі де тырысып келемін…

«Сын мақаласыз газет оқырманын жоғалтады» деген қағида бұрыннан бар. Қоғабай Сәрсекеев бәрімізді (редакция тілшілерін) арагідік болса да, сын мақала жазуға дағдыландырып, өзі де көкейтесті мәселелерге жиі қалам тербейтін. Соның әсері болса керек, 2008 жылы қараша айында «Қазақ» газетінде менің «Ай қарап отырмыз ба, мектепті қытайлар жалға алып жатқанда?» атты сын мақалам жарық көрді. Мақалада Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Тасөткел ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің бір бөлігі қытайларға жалға берілгендігі жазылған. Шу аудандық білім басқармасынан, аудан әкімінің орынбасарынан менің мақаламмен келіспейтін сыңайдағы жауап хаттар келіп жатты. Болмаған соң бас редактордың өзі араласты. Премьер-министрдің атына хат та жолдады. Жеңіс – редакцияда болды. Мектептен қытайлар кетті, артынан директор орнын босатты. Қоғабай ағаның сарыауыз балапанын қорғаштаған қарлығаштай шырылдаған сондағы бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Міне, бас редактор сондай болуы керек.

Қайтыс боларының алдында үйіне бардым. Жұмыспен. Сол кезде халі ауыр еді. Білдіртпеді. Газетті қарап шықты. Кетерімде: «Қазір ауыр дәрілер қабылдап едім, соны сәл-пәл көтере алмай жатырмын, ертең-ақ жұмысқа шығамын», – деді. Мен үміттеніп, үйінен кеттім. Араға 2-3 күн салып, редакцияға қаралы хабар жетті.

Рас, Қоғабай ағаның қазасынан кейін «Қазақпен» бірге «Айқапты» да жарыққа шығару редакцияға қиынға түсті. Содан редакциялық шешіммен журнал сол кезде Ғалымқайыр Мұтанов басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің меншігіне өтті. «Қазақ» газетін өзіміз сақтап қалдық. 2017 жылға дейін Қоғабай Сәрсекеевтің жары Гүлбаршын жеңгей мен қызы Гаухар шығарды. Бар ауыртпалықты өздеріне алды. Ол кісілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ал, газет қиын-қыстау кезді басынан өткерген сол сын сағатта, 2017 жылы Махмұт Нәлібаев ұлт руханиятының алтын жауһары болған басылымның жабылып қалмауы үшін барын салды. Газет қазір сол кісінің меншігінде. Ұлылар қалдырған ұлағаттың үнпарағы болған «Қазақтың» шығармашылығына азаматтық айбар, қайраткерлік қажыр қосқан, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух берген осындай азаматтардың арқасында газет жұмысы жаңа ғасырда да жалғасып келеді.

«Қазақ» газетінің 100 жылдығына орай (2013 ж.) «Қазақ шаруасы» кітабының сүйінші данасы шыққанда Қоғабай аға: «Қазақ біткеннен таңдап, талдап, көріп барып тапқан көмекшім Жасұланға автордан. Ұлтыңның ұланы бол! Ағаң Қоғабай. 11.04.2013 жыл», – деп маған кітапты қолтаңбасымен сыйлаған еді.

Жеті жылдай Қоғабай ағаның жанында болып, оның «Қазақия», «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» сынды кітаптарының шығуына атсалысқаныма өзімді бақытты санаймын.

Рас, ол кісі «Қазақты» 2006 жылдан, «Айқапты» 2012 жылдан 2014 жылға дейін, яғни ақтық демі таусылғанша басқарды, бұл жылдары көрегендiк, көсемдiк қасиетiнен айырылған жоқ. Редакциядағы жалынды жастарға өнеге-үлгi көрсетумен өмiрден өттi.

Туған күн, мереке күндері редакцияда ақ дастарқан жайылатын. Редакцияда кілең жастар қызмет атқарды. Бір қуанышқа жайылған сол ақ дастарқан басында басшымыздан неге жұмысқа кілең жастарды қабылдағанын сұрадық. Сонда Қоғабай аға: «Мәңгілік ештеңе жоқ. Менен кейін газеттің жұмысын сендер жалғайсыңдар», – деп жауап берген еді.

Әрине, ол кезде редакторымыздың бұл сөзіне мән берген ешкім болмады. Қоғабай Сәрсекеев ауыр науқастан өмірден өткенде ғана сол сөзі санамызда қайта жаңғырды. Бұл редакторымыздың соңғы аманаты екен. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды. «Қазақтың» Қоғабай Сәрсекеевсіз жарық көріп жатқанына биыл 10 жыл толды. Яғни, менің бас редактор болғаныма да 10 жыл болды.

2010 жылдардан бері отандық газет-журналдардың үні құмығып, таралымы тарылып барады. Таралым азайған сайын редакцияның материалдық жағдайы да нашарлай түседі. Соған қарамастан Қоғабай аға көзі тірісінде: «Соңғы бір оқырманым қалғанша, газетті шығарамын», – дейтін. Қоғабай Сәрсекеевтің бізге қарата айтқан осы екі пікірін аманат деп қабылдадық. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды.

Иә, Қоғабай Сәрсекеевтің өмірден өткеніне 10 жыл болды. Өкінішке қарай, ағаның қызметі әлі лайықты бағасын алған жоқ. Өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта қою, туған жерінде көше атын беру сияқты жұмыстар бар. Енді осы шаруалардың іске асқаны керек. Сол үшін еңбектенеміз.

«Қазақ» газеті қайта шыққанда ақылдастар алқасында Гүлнәр Міржақыпқызы, Салық Зиманов, Хасан Оралтай, Сейітбек Нұрханов, Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев, Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғали, Есенбай Дүйсенбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Сайлау Байзақов, Әбдісағит Тәтіғұлов, Кеңес Үшбаев, Ырым Кенебай, Хұсайын Уәлиевтер болды. Өкінішке қарай, Кеңес Үшбаев пен Хұсайын Хасенұлынан басқасының бәрі келместің кемесіне мініп кетті.

Белгілі журналист, жазушы, баспагер марқұм Ырым Суанбайұлының баспаханасынан «Қазақ» газеті әлі шығып келеді.

1913 жылы Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтар негізін қалаған, 2006 жылы жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жарыққа шығарған «Қазақ» газетіне 2023 жылы 2 ақпанда 110 жыл толғанын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен 2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні болып белгіленгенінен хабардарсыз. Бұл «Қазақ» – сол «Қазақтың» заңды жалғасы! Өйткені, «Қазақты» тұңғыш шығарушылардың бірі әрі газеттің жауапты хатшысы болған Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызы көзі тірісінде тарихи басылымды мойындап, қолына ұстағанда, үйіне әкесі кіріп келгендей әсерде болғанын өз естелігінде жазған болатын.

«Қазақ» газеті ортамызға қайта оралғанда, Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалаған академик Салық Зиманов: «Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс, қазақ баспасөз тарихында үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат», – деп жоғары бағасын берсе, газеттің ғасырлық мерейтойында ҚР Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қазіргі қолымыздағы Қоғабай Сәрсекеев қол қойған газет сол», – деп бүгінгі газеттің заңдылығын жалпыға жария еткен болатын. Ал, басылымның 105 жылдығында сол тұстағы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Идеясы отаршыл империяның еркіне сай келмейтін «Қазақ» газеті түбінде жабылып, жұмысын тоқтатқанымен көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен Тәуелсіздікпен бірге түлеп, оқырмандарымен ұзақ жылдардан соң қайта табысты. Басылым өткен тарих пен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпірге айналды», – деп арнайы құттықтау хатын жолдаған еді.

Рас, шәкірттің шәкірті бар. Оны көріп те жүрміз. Бірақ, қазір редакцияда Айнұр екеуіміз (беттеуші) қалған екенбіз. Екеуіміз «Қазақ» газетінің 2006-2023 жылдардағы тігінділерін (подшивка), яғни 18 жылғы тігіндісін дайындадық. Өткен айда Ибрагим Сәрсекеев (Қоғабай ағаның ұлы) пен Қали Қамбаров (қазіргі бас директор) газеттерді Ұлттық кітапханаға өткізді. Өйткені, тарихи газет Ұлттық кітапхананың қорында сақталатынына, келесі мерейтойда да көрмеге қойылатынына күмән келтірмейміз. Бұл – бір. Екіншіден, газетке мемлекеттің беті бері қарады деуге негіз бар. Ақша қазір бөлінеді. Кішкене демеуші болса, бізсіз жалғаса береді. Соған сенейік!..

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Қоғабай Сәрсекеевті әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, газетіміздің екінші тынысын ашқан баспагердің артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
«Қазақ» газетінің қазіргі бас редакторы,
Ақпарат саласының үздігі,
Қоғабай Сәрсекеевтің шәкірті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here