Ханзипа Бәлдікқызы Кәкімжанова – өз ғұмырын журналистикаға арнаған ұлтжанды қазақ қызы. Сонау бір жылдары орыс-орманы басым Қостанай өңіріндегі Лисаков және Рудный қалаларында қазақ радиосын ашып, қандастарымызды ана тілін қадірлеуге, ата-бабамыздан мирас боп келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға үндеген қайраткер ретінде есімі қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Кейіпкеріміз өткен жылдарда дарынды журналист қана болған жоқ, осы кезге дейін оның қаламынан «Зобалаң заман іздері-ай», «Аманат әңгіме», «Өжет әйел», «Өткен күннен белгі бар», «Мөлдір тамшылар», балаларға арналған «Әженің әңгімелері» деп аталатын айтары мол, тәлім-тәрбиелік мәні жоғары кітаптар туындады.
Ханзипа Бәлдікқызы Кәкімжанова туралы мақаланы «Qazaq» газетінің сайтынан оқыңыздар:
ОТАН
Отан десем – оттан ыстық сезім бар,
Отан десем – шалқып кетер кезім бар.
Сен тұрғанда рух биік өшпейтін,
Бойға қуат, жанға тірек өзің бар.
Бақыттымын Отаным бар, елім бар,
Мақтанышым туып өскен жерім бар.
Еш алаңсыз емін-еркін жүретін,
Отан деген ең жоғары төрім бар.
Отан қуат күш береді адамға,
Отан үшін барам батыл қадамға.
Ар-ожданы бағынатын құдірет,
Болу керек әр адамда қашанда.
АНАМА
Өмірім өзің барда жарасымды,
Кездерім қамсыз көңіл баласынды.
Ұмыта алмай мен жүрмін әлі күнге,
Орны бөлек өзгеден Анашымды.
Есте ұстар көп қой ісің көңілімде,
Орының олқы тұрар өмірімде.
Өзіңмен бірге кетіп бұла дәурен,
Жастығымның жарқылы жоқ үнімде.
Түсімде де ақылыңа ұйып жүрем,
Баса алмай мауқымды сүйіп жүрем.
Ақ жаулықты аналарды көрсем, Апа,
Өзің үшін басымды иіп жүрем.
Кім қияды қартайды деп анасын,
Өшпей мәңгі көңілімде қаларсың.
Қатал тағдыр айырғанда, амалсыз,
Тек қадірін сонда біліп қаларсың.
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТӨБЕСІ
Жүріп келем құстай ұшып, туған жердің төсімен,
«Қош келдің, қызым» дегендей, жолым көсілген.
Сарқылмас сезім – сағыныш, бұлақ тулайды,
Таусылмасыншы сапарым, саған осымен.
Жетелеп алға жоталы, жоңдар еңесі,
Жазира жазық, баурайы, шалғын белесі.
Таусылып тағат, қараумен көзім талғанда,
Көрінді-ау, әне, туған жердің төбесі.
Жүремін қалай туған жердің демінсіз,
Кетті ғой шіркін бір сезім билеп еріксіз.
Сағыммен ойнап көрінген сонау ақ қала,
Дүниенің төрт бұрышына бергісіз.
ЖЫРҒА ҚҰШТАР КӨҢІЛІМ
Жеткендей қолым асылға,
Беттерін ашам асыға.
Құштарлығым ол менің,
Өлең деген ғашыққа.
Құйылып жанның нұрлары,
Үлбіреп нәзік сырлары.
Желпиді баяу сәнменен,
Пердесін көңіл сырғалы.
Пердесін көңіл сырғалы,
Жаныма дауа жыр ма әлгі.
Еріксіз елтіп әкетті,
Ақынның зәм-зәм жырлары.
ЕКІ СӘБИ
Бүкшеңдеп бүкірейген белін жазып,
Қарт әже шөбересін келеді алып.
Жүреді екі сәби қалт-құлт етіп,
Сүрініп бірі тұрғанда, бірі қалып.
Өткерді ол талай-талай бел-белесті,
Сонда да ыстығырақ күн келесі.
Өмірдің бар сәулетін сыйлағандай,
Осы бір былдыр қызық шөбересі.
Бұл заманның күндері қандай жарқын,
Өтіп барады адамдар гүл-гүл жанып.
Жасарып бір кеткендей Қария да,
Шаттығынан дәуірдің қуат алып.
Бүкшеңдеп бүкірейген белін жазып,
Қарт әже шөбересін келеді алып.
Бүгінді ертеңдермен жалғастырған,
Жетелейді екеуін өмір алып.
АРМАН ТАУЫМ
Қайырылып бір қарағанда артыма,
Жеткендеймін өмір сенің парқыңа.
Тек тіршілік сәнін құрғым келмейді,
Осы тұрған қара дүрсін қалпымда.
Қызықтырған қызыл түлкі дүние-ай,
Кейбіреуге өмірдің өз сыйындай.
Кейбіреуді арман болып алдайсың,
Желмен ұйытқып жеткізбейтін құйындай.
Байлық та емес, бақ та емес мақсатым,
Ойымда жоқ шықсын деген жақсы атым.
Жетпесем де бағдар түзу көксеген,
Арман тауым алыстағы асқақ тым.
ТЕҢДЕСЕ АЛМАС
Қолдан жасап қойсаңдағы,
Неше түрлі салтанатын.
Мейлі гүлге толсын бағы,
Болсын ғажап ғимаратың.
Жетпес бірақ, жетпес, сірә,
Ауылымның кешіне бір.
Туған жердің құндағынан,
Ана әлдиі естіліп тұр.
КӘРІ ЖЕҢГЕМ
Атадан жалғыз қалған кәрі жеңгем,
Ағайынның ұйытқысы сәні жеңгем.
Шылбырыма оралып қарсы аласың,
Жанашыр жақыным да, бәрі дер ем.
Көрісейік, құшақтасып қане, жеңгем,
Өзіме өзгелерден дәрі жеңгем.
Ақ жаулығың анамды елестетті,
Сағыныштың тарқасыншы бәрі, жеңгем.
Болғанда жайғасуға уақыттарын,
Құрақ ұшып жүргенің қалмай жаның.
Үлкен үйдің дәмі деп ұсынасың,
Шоқтағы суырып ап таба наның.
Әз көңілге балқымай тұра ма жан,
Тойғызып бәрімізді бір үзім нан.
Еркелігім бір өзіңе жарасушы еді,
Қыз жеңгесіз қазақта болған ба сән.
НӘЗІКТІК ПЕН БЕРІКТІК
Тосқауылдар тосса-дағы бәрі алдан,
Әйел жаны гүлдей нәзік жаралған.
Нәзік өрнек өмір тінін бүтіндеп,
Сұлулық пен жылу содан таралған.
Әйел жаны аялауды қалайды,
Көрінеді сонда жүзі арайлы.
Сенімменен сертке берік тұрсаңыз,
Жер түбіне баруға да жарайды.
ТАҢ
Нұрын төгіп шапағы,
Күн күлімдеп атады.
Түн көрпесін түре алмай,
Жер-Ана марғау жатады.
Таңмен тұрсаң таласа,
Сап ауа қандай тамаша!
Күнмен бірге оянар,
Тіршілік қанша санаса.
Гүлдер қанша түрі көп,
Қауызын жаяр біртіндеп.
Таңғы шықпен жуынып,
Кірпігін ашар дірілдеп.
Таптаурын түнгі жолдағы,
Бусанып жатар ол дағы.
Тым-тырыс тыныс алғандай,
Қырқалар сонау жондағы.
Оянып тірлік жатқаны,
Сандуғаш сайрап бақтағы.
Салтанат қой ғажайып,
Арайлап таңның атқаны.
Ханзипа КӘКІМЖАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, жазушы