Биыл Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Жәркен Бөдешұлының 80 жылдығы. Өкінішке қарай, 2021 жылы 76 жасына қараған шағында қайтыс болды.
Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстанда түрлі басылымдарда және мемлекеттік кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында бөлім меңгерушісі болған.
Оның «Аңырақай бекетіндегі ой», «Қарауыл төбе», «Генерал Жаһар Дудаев», «От пен су», «Тас бесік», «Бостандықтың басы», «Шер», «Жалғыз» атты дастандары жарияланған. «Жұлдызға орнын ай бермес», «Көкше құрақ», «Қос қанат» өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрген.
ЖӘРКЕННЕН БАТА СҰРАУ
Өлеңде десі басым, сесі де өктем,
Оу, менің теңбіл шұбар тесік өкпем.
Алашқа ақын керек болғандықтан,
Мұз құрсау шегараны кесіп өткен.
Дауысынан ғажайып жарылыстың,
Атажұртым қайда деп алып ұштың.
Мұңына мұрагерсің Махамбеттің,
Абайдан қалған ауыр сағыныштың.
Жалғызсың Жәркен – Жайыр, Жәркен жырау,
Өлеңіңмен сілкінген өлкең мынау.
Күйіктен болған шөлге суат таппай,
Жаныңның жалынына өртендің-ау?!
Алдыңда опырылды қамал біткен,
Ақын болдың жыр аға, ғалам күткен.
Тәнтті еттің жұртты шексіз тазалықпен,
Өнерге деген ұлы адалдықпен.
Қазақ қайта оянды жүз жыл өліп,
Кетпеді кесір ғасыр ізді көміп.
Әулие Абай тіріліп келсе егер,
Бір қуанса қуанар сізді көріп.
Достамбет, Бұқар жырау, Марқасқа да,
Шалкиіз, Жиенбеттей бар жақсы аға.
Бәрі де сүйінеді-ау ырзалықпен,
Құбылыс болып туған «Сары қасқаға [1]!
Мен де өзіңдей, өзімше қалам ұстап,
Толғанамын жолыңа қарағыштап.
Өмірім де өзіңе қалады ұқсап,
Өлеңім де өзіңе барады ұқсап.
Көкше жырың сілкілеп жер жаһанды,
Көк бөрінің көз жасы көлге тамды.
«Ай бермейді орнын жұлдыздарға» [2],
Шынды іздеген бір ұлға бер батаңды!
Оу, өлеңнің өзгеше «Құбылысы» [3],
«Бөрінің асығындай»[4], «Бұрылысы» [5].
Жал-құйрығын өлеңнің жетілдірген,
Тәңірдің сыйға берген Ұлы күш!
ЖЫР ПЕРІШТЕСІ
(Жәркен Бөдешұлымен қоштасу)
Жәркен ақын тау еді, тау құлады,
Қайғыдан дос егіліп, жау жылады.
Жайырдың сай-саласы қазаны естіп,
Қарт таудың тас сүйегі саудырады.
Жәркен ұлы дана еді, кетті дана,
Тудырған ұжымақ тау, текті дала.
Артына ұлы ескерткіш салып кетті,
Ескерткіші – сағыныш – от мұнара.
Ғұмыры – өлең өзен жосыла аққан,
Шабыты шағылдан от шашыратқан.
Жәркеннің жыры қайта дәлелдеді,
Адамның жаралғанын Топырақтан.
Аршаның бүріменен арды аластап,
Жантайды ғазиз басын қарға жастап.
Өнерінің рухы көкті сүйген,
Өлеңінің рухы таудан асқақ.
Жәркентай – сәби еді, шетінеді,
Аялап жабар ептеп бетін елі.
Қаратаудың сөгілді қабырғасы,
Алатаудың етегі сетінеді.
Жәркенжан ұшып кетті, періште еді,
Махамбет, Мағжандармен көріскелі.
Қазақстан дейтұғын ұлы өлкенің,
Оқыстан опырылды кеніш белі.
Қош, қош бол, бала мінез алып кісі,
Адамның өзің едің даңқтысы.
Жалғыздық демалайын деді ме екен,
Келмеді-ау өзен өртін ағытқысы.
Сағыныш егіз атау Жәркенменен,
Нар еді аспанды артып, тау теңдеген.
Бір арманын орындап берді Құдай,
Алатауды жастанып өлсем деген.
Кетті бүгін қазақтың нақ ақыны,
Кетті бүгін Алаштың сара тілі.
Жәркендей ақын туған анасы ұлы,
Жәркендей батыр туған даласы ұлы.
Ұлы, ұлы, бәрі ұлы еш талассыз,
Өтті өмірден айғайсыз, бақталассыз.
Жәркен деген жырауы ер түріктің,
Біз деген жас қауырсын, жас қанатпыз.
Бақұл бол, айналайын, жыр атаны,
Бейіште сағынышың бүр атады.
Алтай мен Атыраудың арасында,
Жәркеннен қалған өлең гүл ашады.
Солай, солай!
Сөнбейді жыр ошағы.
Әкемнен айырылғандай – егейімнен,
Бір өксік кетер емес көмейімнен.
Жайырға жолым түссе топырағын,
Әкеліп қабіріңе себейін мен!
Әділет АХМЕТҰЛЫ,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері,
ақын, түркітанушы (докторант)
[1] Белгілі күйші Ғизат Сейітқазин Жәркен Бөдешұлына арнап «Сары қасқаның сарыны» атты күй шығарған.
[2] Жәркен Бөдешұлының «Жұлдызға орнын Ай бермес» атты жинағы бар.
[3] Жәркен Бөдешұлының «Құбылыс» атты жинағы бар.
[4] Жәркен Бөдешұлының «Бөрінің асығы» атты жинағы бар.
[5] Жәркен Бөдешұлының «Бұрылыс» атты жинағы бар.