Елімізде онлайн микронесие алу қиындай түседі

0
1015

Қазақстанда онлайн микроқарыздарды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді, сол сияқты электрондық цифрлық қолтаңбаны да міндетті бір мезгілде қолдану енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттардың сауалына берген жауабында айтты.

Осыған дейін бір топ Мәжіліс депутаты елдегі киберқылмыстың деңгейіне алаңдаушылық білдіріп, несиелеу кезінде алаяқтық оқиғалары жиілегенін айтқан болатын. Олар онлайн несиелерге тыйым салуды ұсынды.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, соңғы жылдары алаяқтық схемалардың өсуіне байланысты мемлекеттік органдар алаяқтықтың алдын алуға және онымен күресуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдады.

«Мәселен, 2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Ұлттық банкі мынадай жұмыс жүргізді. Жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендірусіз электрондық тәсілмен банктік қарыз және микрокредит беруге тыйым салу белгіленді. Банктердің клиенттерді оның шотына қарыздың түскені туралы хабардар ету және клиенттерге үшінші тұлғалардың пайдасына ақша аудару кезінде алаяқтықтың ықтимал қаупі туралы хабарлау міндеті енгізілді. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына мобильді қосымшаларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, оның ішінде клиенттің мобильді құрылғысында қашықтан басқару бағдарламаларын пайдалану кезінде немесе қауіпсіздік функциялары (Jailbreak, root access) бұзылған кезде қосымшаны бұғаттау, сондай-ақ қосымшада ақшалай қаражатпен операцияларды жүзеге асыру барысында геолокациялық деректерді жазуды жүзеге асыру міндеті күшейтілді», – делінген жауапта.

Тимур Сүлейменов кредиторлардың тергеу іс-шараларын жүргізудің бүкіл кезеңіне сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұру бойынша міндеті көзделгенін еске салды. Банктер мен микроқаржы ұйымдары нақты уақыт режимінде кредитті ресімдеуге арналған өтініштер бойынша мәліметтерді кредиттік бюроға беру міндеті енгізілді. Сондай-ақ, микроқаржы ұйымдары үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілігін сәйкестендіру талап етіледі.

Бүгінде банктер мен микроқаржы ұйымдарында тексерудің кемінде екі әдісін, биометрияны және ЭЦҚ-ны пайдалану қажеттілігі туралы талаптар белгіленген. Бұдан басқа банктер төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру барысында клиенттің мобильді нөміріне тексеру кодын жіберіп, клиентті үш факторлы тексеру жүзеге асырылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here