Қаратаудан Қызылжарға ағылған көш

0
2050
КОЛЛАЖ: АЙНҰР ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ

1917 жылғы Қазан төңкерісінің алдында өткен санақ қорытындысынан кейін Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулилла, аз емеспіз, 6 млн қазақпыз» деп дүйім жұрттан сүйінші сұрағанын тарих растайды. Екі рет айналып соққан аштықтан сол қазақтың 2,5 миллионы қырылды, 1,5 миллионы шекара асып босып кетті. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдардың соңында қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтары түгел сталиндік террордың құрбаны болды. Екінші дүниежүзілік соғыс та сан мыңдаған отбасын ойран етті. Ұлт басына қара бұлт үйірілген сол бір аласапыран заман мен елімізге өзге ұлттарды күштеп көшіру саясаты қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырды. Сондықтан жері көп, халқы аз Қазақстан үшін әрқашан халық санының тұрақты өсімі өте маңызды.

«Әр аштықтың бір тоқтығы болады» дейді қазақ. Азаттықтың арқасында қазақтың саны 2,3 есе артты. Мысалы, 1991 жылы елдегі қазақтың саны 6,5 млн болса, қазір санымыз (шеттегі қандастарды есепке алмағанда) 14,2 млн-ға жетті. Соның 1 млн-нан астамын тарихи Отанына оралған қандастар құрайды. Сонда айналдырған 33 жылда елдегі қазақтың үлесі 39,6 пайыздан 70,7 пайызға дейін жетті. Халпы халық саны да өсім көрсетті. Тәуелсіздік жарияланған жылы елімізде 16,8 млн халық тұрса, қазір ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын жерімізді 20,1 млн адам мекендейді. Әрине, бұл ұтымды жүргізілген демографиялық саясаттың арқасында мүмкін болды.

Медальдің екі беті болатыны сияқты азаттық алған 33 жылда 4,2 млн адам елімізден көшіп кеткен. Бұл Кувейт халқымен тең көрсеткіш. Сол үдере көшкен орыстар, немістер, украиндар мен татарлардың басым бөлігі елдің солтүстігі мен шығысында тұрды. Яғни, солтүстік, шығыс өңірлер демографиялық апатқа ұшырады. Сүреңсіз статистиканы келтірсек, соңғы 33 жылда халық саны Шығыс Қазақстан облысында 408 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 382 мың, Қостанай облысында 363 мың, Ақмола облысында 276 мың, Павлодар облысында 195 мың адамға азайған.

Әрине, ешкімді күштеп ұстай алмайсың. Тарихи отанына оралғандарға сын айту, мін тағу артық. Тірі адам тіршілігін жасайды. Содан орыстанған өңірлерді қазақыландыру мен қаңырап бос қалған елді мекендердің еңсесін тіктеп, тамырына қан жүгірту басты мақсатқа айналды. Соңғы жылдары демографиялық саясат соған басымдық беріп келеді.

Біріншіден, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында халық санының кемуі бәсеңдеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 1999-2009 жылдары халық саны 129 мыңға азайса, 2012-2022 жылдардағы көрсеткіш 44 мың адамды құрады. Тіпті, Ақмола облысында халық санының өсу қарқыны байқалады. Былтыр Ақмола жұрты бір жылда 50 мыңға көбейді.

Екіншіден, солтүстік пен шығыста қазақтың үлесі артты. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақтың үлесі Солтүстік Қазақстан облысында 22,6 пайызға, Қостанай облысында 22,8 пайызға, Ақмола облысында 25,1 пайызға, Павлодар облысында 28,5 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 38,9 пайызға әрең жеткен еді. Қазір көрсеткіш біршама жақсарды. Мәселен, қазақтың үлесі Солтүстік Қазақстан облысында 37,5 пайызды, Шығыс Қазақстан облысында 60,5 пайызды құрайды. Яғни, жер иесінің үлесі біріншісінде 14,9 пайызға, екіншісінде 21,6 пайызға артты. Бұл да ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.

РЕДАКЦИЯ

ТҮСТІКТЕН ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШУГЕ НИЕТТІЛЕР КӨП

«TAUEKEL» ұйымының құрылғанына үш жылдан асты, содан бері ішкі-сыртқы көші-қон мәселелеріне белсенді түрде араласып келеміз. Бұл бағытта әжептәуір істің тындырылғанын өңірлерді жиі аралайтын іссапарлар барысынан-ақ аңғаруға болады. Бұл жолы шырайлы Шымкент жаққа барып қайттық.

Қазақ тығыз қоныстанған Түркістан төріне ат оздыруымыз бірінші рет емес. Бұған дейін де Түркістан, Қызылорда, Тараз, Маңғыстау өлкелерін аралап, бір жағынан қасиетті жерлермен таныса жүріп, теріскей жаққа көшу жайына басымдық берілген болатын. Әрине, кіндік қаны тамған мекеннен Қазақстанның бір түкпіріне көшу, тонның ішкі бауындай біте араласып кету – айтуға ғана оңай. Өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктері аз емес. Сіңісе алмай, кері кетіп қалғандарды да білемін. Бірі кемі алты ай ақ көрпесін жамылып жататын қытымыр қысы мен үскірік аязына шыдай алмаса, енді бірінің денсаулығы сыр беруі, болмаса қалыпты әлеуметтік жағдай кемшін түсуі мүмкін. Себептері әрқалай ғой. Оларға кінә артудан аулақпын. Қалай десек те, жан қиналмай іс бітпесі анық, ең бастысы, шындап ниет қойса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Оған Қызылжар өңіріне түпкілікті орнығып, байырғы тұрғындардың қатарын толықтырып, мал өсіріп, егін егіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген отбасылар дәлел.

«Оңтүстіктен – Солтүстікке!» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғалы Қызылжар өңіріне 18 мыңға жуық адам қоныс аударыпты. Солардың кем дегенде 60-70 пайызы – киелі Түркістан жерінің тумалары. Кейде «донорсыңдар», «инвестор облыссыңдар» деп қалжыңдап қоямыз. Ақиқаты – осы! Түркістандық отбасылардың арқасында ауыл тұрғындарының, мектеп оқушыларының саны артты. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, мәдени құндылықтарымыз орнықты. Қолдағы деректерге жүгінсек, Ресейге көшіп жатқандар арасында қаншама өз ағайындарымыз баршылық. Олардың да айтар сылтаулары таусылмайды. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар?» – демекші, жанға жайлы қоныс іздеушілерді кінәлау артық. Төрт құбыласының бірі кем болып тұрса, Отанға, елге деген жалындап тұрған патриоттық сезім күту – күпірлік. Күн сайын құбылған мына қымбатшылық заманда «қарыны тоқтық, көйлегі көктік» алдыңғы орынға шыққанын несіне жасырамыз? Бірақ қоныс аудару әркімнің жеке таңдауы десек те, мемлекеттік мәселеден бөле-жара қарауға болмайды. Аулаға 10 ағаш ексек, соның алтауы көктеп, бүр жарса – еңбектің ақталғаны.

Десек те, теріскейдегі демографиялық ахуалға тоқмейілсуге әлі ерте. Өңірдегі 575 мың тұрғынның 200 мыңнан астамы облыс орталығында тұрады. Қалғандары 13 ауданда шоғырланған. Салыстыру үшін айтайын, Түркістан облысының Сайрам ауданын 240 мыңға жуық адам мекен етеді. Ал Солтүстік Қазақстандағы мақтаулы деген аудан халқының саны 25 мыңның төңірегінде. Мәселен, Тимирязев ауданында 12 мыңға жуық адам тұрады деген цифр оңтүстіктегілерді таңғалдыруы ықтимал. Демографиялық ахуалымыздың күрделі жай-күйін осыдан-ақ аңғара беруге болады. Республика күні қарсаңында Шал ақын ауданында 5 көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыс етілді. Оның үшеуі – Түркістан облысынан көшіп келгендер. Сондықтан осы салаға барынша мүдделілік танытуымыз тиіс.

Арнайы бағдарламалар бойынша қоныс аударғандарға әлеуметтік көмектер қал-қадірінше көрсетіліп келеді. Отбасының әр мүшесіне 260 000 теңге мөлшерінде бір реттік өтемақы төленеді. Бұған дейін оларға арнап үй салынатын. Енді «Ұтқырлық сертификаты» жобасы бойынша үй сатып алатын болса, 50 пайызы Үкімет есебінен өтеліп, белгілі уақыттан кейін отбасының атына аударылады. Жергілікті билік жұмысқа орналастыруға, жер телімдерімен көмектесуге міндетті. Теріскей жақта дәрігер, мұғалім, полиция қызметкері, өрт сөндіруші, тағы басқа мамандықтар тапшы. Кейде ауылдық әкімдіктегі қызметке де кадр табылмай жатады. Білім-біліктілігі талапқа сай болса, жұмыссыз қалмайды. Әрі қарай өз ісін дөңгелетіп алып кету әркімнің жеке қарым-қабілетіне, ұмтылысына, ерік-жігеріне байланысты. Тек жеке бастың ғана қамын ойлап, жоғары жалақыға қызығып келетіндер қателеседі. Қызылжар – ауыл шаруашылығына өте қолайлы өңір. Кәсіппен нәпақасын табамын дегендерге мүмкіндік мол. Мал бақ, сауда жаса, егіншілікпен айналыс, бәсекелестік дамыған жерде ерінбегеннің еңбегі жанады.

Жалпы елімізде болашағы бұлыңғыр, экономикалық әлеуеті төмен, тараудың аз-ақ алдында тұрған елді мекендер аз емес. Қанша дабыл қағылса да, мемлекеттің қолдауынсыз жағдайдың түзеліп кетуі екіталай. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан озық жобалар баршылық. «Оңтүстіктен – Солтүстікке!» бағдарламасының өзі неге тұрады? Сезіне білгенге – үлкен демеу. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – оңтүстіктегі артық жұмыс күштерін теріскей жаққа әкеліп, демографиялық теңсіздікті жою, шекаралық аймақтарды нығайту, қазақ ауылдарын сақтап қалу. Бұл бастамаларға ұлтым, жерім деген азаматтар көбірек үн қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

Соңғы кезде бәз біреулер көші-қонмен қатар «солтүстікті қазақыландыру» деген тіркесті қоса айтып жүр. Өз басым мұндай ұстанымды құптамаймын. Себебі, Қызылжар өңірінде ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрлердің қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары жетерлік. Сондықтан солтүстікті қазақыландыру деген дұрыс емес. Онсыз да қазақ жері екені бесенеден белгілі.

Мұның алдында солтүстікқазақстандық делегация Түркістан облысында үгіт-насихат жүргізіп, бір автобус адамды алып келген болатынбыз. Оларға өңірдің шұрайлы жерлері көрсетіліп, мәдени-тарихи орындары таныстырылған еді. Мұның өзі көші-қон науқанына үлкен жарнама жасағаны бар. Әлеуметтік желілерде көптеген бейнежазбалар жарияланды. Нәтижесінде ондаған отбасы көшіп келіп орналасты. Осы жолы да аудан орталықтары мен қалаларды аралап, көшіп барушыларға қандай көмектер көрсетілетіні жөнінде толыққанды ақпараттар берілді. Халықтың ынта-ықыласы жақсы. Көшуге ниеттілер көп. Жасыратыны жоқ, көшіп келуге тайсақтайтындар да кездесті.

«Тәуекел түбі жел қайық – өтесің де кетесің, Уайым түбі тұңғиық – батасың да кетесің», – деп бабаларымыз текке айтпаған. Келешектен үміт күтіп, «нар тәуекел» деп білекті сыбана әрекет ету – қазаққа тән қажырлы қасиет. Тәуекелшіл жан әркез мақсатына жетеді. Ер жолдасы – тәуекел екенін ұмытпайық, ағайын!

Бурахан ДАҚАНОВ,
«TAUEKEL» көші-қон қоғамдық ұйымының төрағасы.

 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Соңғы бес жылда Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына өздігінен 211 мың адам ауыл-аймақтан қоныс аударған. Дегенмен, солтүстік пен шығыста жұмыс күші жетіспейді, ал оңтүстік пен батыста керісінше «екі қолға – бір күрек» табу оңай емес. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда жазғанымыздай, оңтүстік пен солтүстіктегі демографиялық айырмашылық жер мен көктей. Оның үстіне сарапшылар 2050 жылға қарай халық солтүстікте 600 мыңға кемитінін, оңтүстікте Алматы мен Шымкент қалаларын қоспағанның өзінде 1,6 млн-ға артатынын болжайды. Үшіншіден, солтүстікте қазақтың үлесі 50 пайыздан әлі асқан жоқ. Осы үш фактор оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясатына басымдық беруге итермелейді. Ендеше, оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды осылайша ынталандыруды жалғастыра беру керек. Қазірдің өзінде ұтымды демографиялық саясаттың жемісі көріне бастады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Қаратаудан Қызылжарға ағылған көш

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Қазір шығыстағы екі облыс пен солтүстіктегі төрт облыста 4,2 млн халық тұрады. Салыстырып көрсек, оңтүстіктегі бес облыс пен екі республикалық маңызы бар қаланы 9,6 млн адам мекендейді. Айырмашылық – 5,4 млн адам. Оңтүстіктің пайдасына. Жыл сайын оңтүстіктегі халық саны да артып келеді. Солтүстік пен шығысқа қарағанда оңтүстік өңірде табиғи өсім жоғары. Алайда, жер көлемі бойынша солтүстік пен шығыс өңірлеріне оңтүстік жол береді. Яғни, оңтүстікте халық тығыз орналасқан. Демографиядағы осы тепе-теңдікті сақтау үшін де халықты оңтүстіктен солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныстандыруға арналған бағдарламалардың маңызы арта түседі.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясатының демографияға әсері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here