2024 жылдың 12 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаменті Басқармасының басшысы Ернұр Уәли, Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі – Кадрлық жұмыс тобының жетекшісі Марат Шырынбеков, университеттің Сорбонна-Қазақстан институты мен Тарих және құқық факультетінің студенттері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – «Болашақ прокурор кеңістігі» жобасы аясында прокуратура органдарына білікті мамандарды қызметке тарту, сонымен қатар жоғары оқу орындарымен және студенттермен өзара байланыс тиімділігін арттыру.
Абай университетінде ««Құқықтану» және «Халықаралық құқық» мамандықтары бойынша оқитын студенттерді, сондай-ақ прокуратурада жұмыс істеуге ынталы азаматтарды қолдауға бағытталған «Болашақ прокурор кеңістігі» жобасы ресми түрде іске қосылды. Кездесу барысында Абай университеті мен Алматы қаласының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Жоба болашақ заңгер студенттерге кәсіби ортамен танысу үшін бірегей жағдайлар жасайды. Оқу және ғылыми әдебиеттері бар сөрелер орналастырылған кітапхананың арнайы жабдықталған орнында студенттер маңызды ресурстарға: кітаптарға, көрнекті заңгерлер туралы материалдарға, әдістемелік құралдарға, заманауи зерттеулердің нәтижелеріне және прокуратура жұмысында қолданылатын цифрлық ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алады. Жобаның мақсаты – студенттердің кәсіби дамуына ықпал ету және олардың прокурор мамандығының ерекшеліктерін терең түсінуін қалыптастыруға бағытталған.
Ректор Болат Тілеп бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, жобаның құқық қорғау саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға бірегей мүмкіндіктер беретінін атап өтті. «Университетімізде жүзеге асырылып жатқан «Болашақ прокурор кеңістігі» жобасы студенттерді кәсіби даярлаудағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Бұл кеңістік жоғары оқу орны түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп, құқықтық саланың негізгі секторларының бірінде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ашады», – деді ректор.
Ернұр Уәли меморандум аясында студенттерге тағылымдамадан өтуге, сондай-ақ қалалық және облыстық прокуратура қызметкерлерімен білім және тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік берілетінін атап өтті. Сондай-ақ департамент басшысы ҚР Бас прокуратурасының қызметі туралы статистикалық мәліметтермен бөлісіп, жас мамандарды Құқық қорғау органдары академиясына оқуға шақырды.
Кездесу нәтижелі өтті. Іс-шара соңында қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасты.