Бүгін Ұлттық валюта күні: Төл теңгенің тарихы

0
3684
Ұлттық валютаның тұңғыш дизайнымен суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Ғабжәлелов айналысты

1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанда алғаш рет егемендіктің символы ұлттық валюта айналымға енді. Бастапқыда кеңестік рубльдің қазақша атауын «сом» деп қалдыру жоспарланды. Бірақ, 1993 жылы 3 мамырда Қырғызстан өзінің ұлттық валютасына осы атауды берді. Сол кезде еліміз тамыры моңғол билігіне жайылған теңгенің ежелгі атауына тоқтады. Идеяны экономист Сауық Тәкежанов ұсынды. Ұлттық валюта күнінде ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті төл теңгенің тарихына тоқталады.

1992 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаровтың алдына ұлттық валютаны дайындау жөнінде тапсырма жүктеді.

«Сол кезде біздің еліміз рубль аймағында болғандықтан, тапсырма құпия сақталды. Егер мұны жалпақ жұртқа жария еткенде, қоғамда бұл біршама толқу туғызып, біз үлкен шығынға ұшырар едік», – деп өткен күннен естелік айтады 78 жастағы Ғалым Байназарұлы.

Мемлекеттік тапсырманың құпия сақталғаны соншалық, төл валютаны дайындау мен енгізудегі ауқымды жұмыс туралы жоғары лауазымды шенеуніктерді айтпағанда, оны тіпті кейбір вице-премьерлер де білмеген. Әлемдік тәжірибені зерделеу, дизайн әзірлеу бойынша отандық кадрларды іріктеу және оларды оқыту, салыстырмалы түрде арзан, сапалы әрі жылдам купюра жасай алатын шетелдік компанияны таңдау – осының барлығы жағымсыз салдарсыз һәм жариялаусыз өтті.

Уақыт қысып барады. Төл ақшаны қайда басып шығару керектігі туралы сөз болғанда, бар назар Батыс елдеріне ауды. Сапарлар, кездесулер басталды. Испания, АҚШ, Ұлыбритания, Франция өз қызметін ұсынды. Таңдау «Harrison & Sons» британ компаниясына түсті. Шағын компанияның фабрикасы төрт ғасыр бойы пошта маркалары мен банкноттар шығарады. Ең бастысы, олар ақпараттың тарап кетуіне жол бермей, құпияны сақтауды қамтамсыз етеді. Ал, алғашқы кездесуден кейін Қазақстан өкілдері ақша дизайны өзіндік құнының 35-40 пайызын құрайтынын анықтады. Былайша айтқанда, бұл купюра шығарудың ең қымбат жолы. Үнемдеу мақсатында дизайнды әзірлеу қазақстандық суретшілерге сеніп тапсырылды.

Аз уақытта алдымен болашақ теңгенің бейнесін жасайтын суретшілер қажет болды. Мәселен, суретшілер ағылшын фунтын алты жыл бойы салса, қазақстандық мамандарға бір жылдан кем уақыт берілді. Теңгені жасап шығару бойынша шығармашылық топқа Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжәлелов кірді. Олар банкноттардың бірнеше эскизін әзірледі. Бірінші нұсқада қазақ ою-өрнегіне басымдық берілді. Екіншісінде – банкноттар америкалық долларға, үшіншісінде – голланд валютасына ұқсас болды. Төртінші нұсқа қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушылардың, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің портретімен толықтырылды. Осы соңғы нұсқа таңдалды.

1992 жылдың қарашасында басталған теңге өндірісі 1993 жылдың сәуірінде аяқталды. Алматы-Ақтау-Лондон арнайы бағыты әзірленді. Жаздың басында валюта Қазақстанға жеткізілді. Банкноттар Жамбыл қоймасына жөнелтілді. Бұл да құпия сақталды.

Ұсақ монета-тиынды соғу туралы да сұрақ туындады. Көптеген металлургиялық зауыттар мен мыс, мырыш, күміс кен орындары бар Өскеменде теңге сарайын құру туралы шешім қабылданды.

Жаншу жылдамдығына төтеп бере алатын иілгіштігі жоғары әрі таттануға шыдамды құйма керек болды. Бұл ретте ол металл монетаның өзіндік құны номинал бағадан асып кетпейтіндей арзан болуға тиіс. Көптеген сынақ жасалып, қателіктер жіберілсе де, мұндай құйма ақыры қорытылып шықты. Бірақ, оны құпия ұстау қажет болды да, бірден тиын соғу мүмкін болмады. Сондықтан уақытша қағаз түрінде шетелде басып шығаруға шешім қабылданды. Дегенмен, қағаз түріндегі майда ақша тез тозып қалатындықтан, еліміз кейін одан бас тартты.

Рубльдерді теңгеге ауыстырардан 2-3 күн бұрын жаңа ақшалар облыстар мен аудандарға таратылды. Ұлттық банктің жылжымалы кеңсесі ретінде арнайы ұшақ бөлініп, ҰҚК мен ІІМ оның күзетін қамтамасыз етті.

1993 жылы 13 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы ұлттық валютаның енгізілгені туралы хабарлады. Бұл ел өміріндегі бүтін бір дәуірдің аяқталып, жаңа заман басталғанын айғақтаған ерекше күн болды. Ал, 15 қарашада теңге қолданысқа енді. Содан бері бұл күн ресми түрде «Ұлттық валюта күні» ретінде аталып өтіледі.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here