«Еркін сөз – 2024» бірегей байқауының жеңімпаздары марапатталды

0
2331

Жақында Алматыда «Turktime: түркі елдерінің медиа және туризм бірлігі» атты IV Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастыруымен және «Халық банк» АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы «Еркін сөз-2024» байқауының үздік авторларын арнайы келген мәртебелі меймандар мен қазақ журналистикасының ардагерлері, елімізге танымал тұлғалар табыс етті.

 Байқау қорытындысы бойынша «Еркін сөз-2024» байқауының Бас жүлдесін «Үздік телесюжет» аталымын КТК арнасының тілшісі Ұлан Нұрахмет, «Үздік мақала» аталымын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Елігімай Төңкер, «Сайттағы үздік мақала» аталымын atrpress.kz сайтының тілшісі Амандық Сағынтайұлы жеңіп алды. Жеңімпаздар диплом, статуетка және 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды. «Еркін сөздің» арнайы сыйлықтары: Жолдасбек Дуанабай атындағы сыйлық – Әділет Амангелді, Сәкен Орынбасарұлы атындағы сыйлық – Бағлан Тұрғанбек, Бақытгүл Мәкімбай атындағы сыйлық – Эльмира Жүрсінбекқызы және Айнұр Сыдықова атындағы сыйлық – Мерей Алайдарға берілді.

Сондай-ақ Түркітілдес журналистер қорының он жылдық мерейтойында қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге қалам тербеп жүрген қалам иелерінің арасында «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауының бас жүлдесін Жанаргүл Қадыроваға табысталды. Жүлде иесіне ноутбук, ал екінші жеңімпаз – Нұрбек Дәуренбековке соңғы үлгідегі ұялы телефон бұйырды.

Айта кетейік, қордың мерейлі күнтізбесімен қатар келген іс-шараға Ұлыбритания, Германия, Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипр секілді тағы бірнеше елден туризм және медиа саласының өкілдері, сондай-ақ еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, журналистика саласының тәжірибелі сарапшылары, республикамыздың атқарушы орган өкілдерінің баспасөз хатшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

 «Turktime: медиа мен туризмнің бірлігі» тақырыбы бойынша өткен форум туризмді дамытудағы медианың рөлі және елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды талқылауға арналған маңызды алаң болды. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп қатысты.

Депутат шара барысында Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау және журналистердің жұмыс жағдайын жақсарту жөніндегі медиа саласындағы реформалар туралы айтты. Ол бұқаралық ақпарат құралдары туралы қабылданған заңның журналистердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудегі және ақпараттық тәуелсіздікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне зор құрметпен қарайды. Журналистер мемлекеттік саясатты түсіндіруде және ұлттық мүддені ілгерілетуде маңызды рөл атқарып келеді. Журналистердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, ақпараттық тәуелсіздікті нығайту және қазақстандық БАҚ-тың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейтін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның қабылдануы осындай қолдаудың маңызды қадамдарының бірі болды», – деді Нұртөре Жүсіп.

Форумда креативті индустрияны дамыту, жас журналистер мен блогерлерді қолдау, сондай-ақ қазақ тілінде ауқымды мазмұн жасау арқылы қазақ тілін насихаттау мәселелері талқыланды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here