Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде Campus-in-Campus (CiC) бағдарламасы аясында ТДМ аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны Цукуба университетінің проректорлары Ясуси Накаучи мен Икеда Джун ашып, факультет ұжымын айтулы оқиғамен құттықтады.
Шара аясында Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова Сейсмология және геодинамика орталығын таныстырып, оның негізгі қызметіне тоқталды. Орталықтың мақсаты – жер сілкінісінің механикасы мен динамикасын түсінуге, сейсмикалық белсенділікті болжауға, экзогендік факторлардың жер қыртысының геодинамикасына әсерін зерттеуге бағытталған сейсмология және экзогендік геодинамикалық процестер саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу. Сондай-ақ Сейсмология және геодинамика орталығы сейсмикалық қауіптерді бағалау және азайту үшін инновациялық әдістер мен технологияларды әзірлеумен, сейсмикалық аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ғылыми тәжірибені білім беру қызметімен интеграциялаумен және жоғары білікті мамандар даярлаумен айналысады.
ТДМ аллеясының мақсаты студенттер мен қызметкерлерді экологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерді қоса алғанда, тұрақты даму туралы хабардар ету, тұрақты болашақтың пайдасына әрекет етуге ынталандыру, жаңартылатын энергия көрмелері мен қалдықтарды азайту бойынша кеңестерді қоса алғанда, ТДМ-мен байланысты бастамалар үшін кеңістік құру және студенттердің тұрақты дамуға арналған зерттеулер, жобалар мен пікірталас алаңдарын дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта Гренобль университетімен (Université Grenoble Alpes, Франция) «Жер қыртысының геоморфологиясы мен геодинамикасы» бағытында магистратура бағдарламасын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүруде.
Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде кафедраның негізгі мақсаттары сапалы білім беру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Цукуба университетімен (Жапония) және Гренобль университетімен (Франция) бірлесіп Картография және геоинформатика кафедрасы заманауи талаптарға жауап беретін сейсмология мамандарын даярлауда маңызды қадамдар жасауда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі