«Жас Сәтбаевшылар» жас ғалымдардың I Конгресі: қазақстандық ғылымның болашағына қадам

0
2035

Кеше, 21 қарашада ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруымен «Жас Сәтбаевшылар» атты I Қазақстан жас ғалымдарының Конгресі өтті. Бұл Конгресс көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Іс-шараға Қазақстанның 1000-нан аса жас ғалымдары, сондай-ақ шет мемлекеттерде табысты қызмет етіп жүрген қазақстандық жас зерттеушілер өздерінің инновациялық жобаларын ұсынып, елдегі ғылымның өзекті мәселелерін талқылады.

ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жас ғалымдардың маңызды екендігін атап өтті: «Жас ғалымдар – ұлы ғалым, академик Сәтбаевтың ізбасарлары! Бүгінгі жиынның Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Ғылым ордасы» ғимаратында «Жас Сәтбаевшылар» атауымен өтуі өте маңызды. Бұл Конгресс – биылғы жылы елімізде «Сәтбаев жылы» деп жарияланған бірқатар ғылыми іс-шаралардың соңғы кезеңі болды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы ғалымдардың жан-жақты дамуы үшін ғылыми тұрғыда жоғары деңгейлі елдердегідей жағдай жасау».

Конгресте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау сөзі оқылды: «Жас ғалымдардың I конгресінің ашылуы – қоғамда білім мен ғылым культін қалыптастырып, оны барынша орнықтыруға ықпал ететін маңызды бастама. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев ғалымдарды қолдауға айрықша мән береді. Елімізде дарынды әрі еңбекқор жастардың сапалы білім алып, ғылыммен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бүгінгі басқосу – соның айқын дәлелі».

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті: «Президентіміз атап өткендей, ғылым мен инновация – әділ, инклюзивті және бәсекеге қабілетті экономика құрудың басты тірегі», – деп атап өтті М. Әшімбаев.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов құттықтау сөзінде білім мен ғылымның ел дамуындағы стратегиялық бағыт екенін атап өтті: «Ал ғылыми зерттеулерді өрістету – экономикалық өсімнің, әлеуметтік прогресс пен тұрақты дамудың берік негізі», – деп атап өтті Е. Қошанов.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде жас ғалымдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар туралы айтып, шетелдік зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуге, халықаралық конференцияларға қатысуға мүмкіндік беретін бағдарламалар іске асырылып, және халықаралық деңгейдегі ғылыми қоғамдастыққа кірігуіне барлық жағдай жасалып жатқандығын атап өтті.

Конгрессте отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтап, елдің қажеттілігіне сай ғылыми қызметтің ең перспективалы бағыттарын анықтады. Сондай-ақ, ғалымдар халықаралық байланыстарды кеңейту және шетелдік сарапшыларды тарту мүмкіндіктерін қарастырды. Конгресте жас зерттеушілерді қолдаудың жаңа тәсілдері, атап айтқанда, гранттар, стипендиялар және шетелде тәжірибе жинақтау мүмкіндіктері ұсынылды.

А. Күрішбаевтың айтуынша: «Жас ғалымдар кеңесі – бұл жас ғалымдардың үні ең жоғарғы деңгейде естілетін алаң». Ол сондай-ақ ғылым саласындағы жүйелі реформа туралы айтып, Академияның отандық ғылымды дамытудағы рөлін атап өтті: «Қазақстанда ғылым саласында зерттеулер мен инновациялардың тиімділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды реформа жүргізілуде. Академия елдегі ғылыми қызметті үйлестіруші рөлін атқарып, ғылым мен білім интеграциясына ықпал етеді». Оның айтуынша, Академия халықаралық байланыстарды белсенді дамытып, Қазақстанға әлемнің жетекші ғалымдарын және заманауи технологияларды тартып жатыр. Жаңа зертханалар, гранттар мен стипендиялар арқылы жас ғалымдардың карьерасын дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Осының арқасында қазақстандық жас ғалымдардың халықаралық ынтымақтастығы белсенді дамып келеді.

Конгресс барысында жас ғалымдардың заманауи инновациялық жобаларының көрмесі, пленарлық форум, «Қаныш Сәтбаев феномені» кітабының тұсаукесері өтті, екінші күні бағыттар бойынша 8 секциялық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел және нетворкинг өткізілетін болады. Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері ғылыми жобаларын іріктеуден өткізген 100-ден астам ең үздік жас ғалымдар, сонымен қатар шетелде жұмыс істейтін жастар сөз сөйлейді. Баяндамашылардың қатарында ҚР Президентінің жанындағы Ғылым және технология жөніндегі Ұлттық кеңестің, Ұлттық Құрылтайдың мүшелері бар. «Жас Сәтбаевшылар» Конгресі жас ғалымдарға өз зерттеулерін кең аудиторияға ұсынуға, Қазақстанның жетекші ғалымдарымен байланыс орнатуға, әлеуетті серіктестер мен жұмыс берушілермен кездесуге, ғылымдағы өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын табуға тамаша мүмкіндік берді. Әсіресе, ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерциализациялау мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Жас Сәтбаевшылар» атты жас ғалымдардың I конгресі Қазақстан ғылымындағы маңызды оқиғаға айналды. Қатысушылар ғалымдар мен мемлекет бірігіп күш салу арқылы елдегі ғылыми зерттеулер деңгейін айтарлықтай арттыруға болатынына сенімді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here