Өткірлік өресі

0
642

Мен Сейіт Кенжеахметұлын балаң кезімнен-ақ білетінмін. Біз бір елдің адамдарымыз ғой. Жас шағынан елге танымал тілші болды. Ол кісінің жазғандары тартымды болғасын жұрт іздеп жүріп, құмартып оқитын. Облыстық, республикалық газеттерде жанымызға жақын дүниелері жарқ ете қалғанда жанымыз жадырайтын. Сейіт ағамыз жастайынан көп ізденіп, көкірек көзін ерте ашқан жан. Туған халқына бар қажыр-қайратын аямай жұмсап, еңбек етіп, артында өшпес із қалдырғаны баршаға аян. Ол кісі – қаламы жүйрік тілші, дарынды сықақшы ақын, қарымды қаламгер еді. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі атанды.

Өз халқының мәдени мұрасы – салт-дәстүрін зерттеп-зерделегені ағамызды ғалым ретінде қазақ жұртының танып білуіне мүмкіндік берді. Сондай еліне еңбегі ерекше елеулі болған ардақты арысымыздың туғанына 85 жыл толып отыр. Тілін сүйетін, өнерін қастерлейтін, дәстүрін дәріптейтін халқымен бірге өрелі өнері жалғасын таба берсін!

Сейіт Кенжеахметұлының тағы да бір ескерусіз қалдыруға болмайтын қыры, ол – ел ауызында жүрген күлдіргі сөздері. Бұл өнері де жұртшылыққа жағымды болғансын насихатталып келе жатыр.

Бірде Сейіт ұстазымыз Арқалық қаласындағы білім жетілдіру орталығына барады. Оқыту бөлмесінде алдыңғы жақта отырған бойжеткеннен: «Қалқам, қай бала боласың?» – деп сұрайды. Қыз: «Ағай, сіз мені танымайсыз, мен Крупскаяның қызымын», – депті. Сонда Сейіт ағай: «Қой, қалқам Лениннің сендей баласы бар деп естіген жоқ едік қой», – депті.

Тағы бірде кітап дүкенінде сатушы бойжеткенге сықақшы ағамыз: «Есіміңізді еске сала қойсаңыз», – дегенде, «мен Розамын ғой, аға», – десе, «Ә, қалқам бұрынғы атың екен ғой», – депті ағасы.

Ол кісі әзіл сөзге келгенде іркелмей көсілетін айтқыштығы күшті жан еді.

Қадау-қадау айтылған сөздерінде Сейіт Кенжеахметұлының пайым-парасатының қаншалықты зор тұлға екенін көреміз.

Сықақшы ақынның:
«Күле білу – өмір,
Күлдіре білу – өнер,
Күлкі болу – өлім», – деген даналық сөздерімен мен өз ойымды аяқтайын, құрметті халайық!

Қуанышбай ҚАЗЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының жыршылар байқауының бас жүлдесінің иесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here