Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығын атап өту маңызды – Нұрсұлтан Орынбасаров

0
556

Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылының Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде джиу-джитсудан жасөспірім арасында Sagadat Batyr халықаралық ашық турнирі өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері Сәт Тоқпақбаев, Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов, «Аманат» партиясы Орталық ұйымдастыру және  аумақтық жұмыс департаментінің директор орынбасары Жандос Қалтаев, Атланта Олимпиадасының чемпионы, Әлем және Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері Василий Жиров, Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сағадат батыр» спорт клубының Құрметті президенті Ерболат Тұрымбетов, С.Нұрмағамбетовтың қызы Айсұлу Сағадатқызы және спорт сүйер қауым қатысты.

Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев жарыстың алғысөзін айтып, жас спортшыларға турнирді ашып берді.

– Жас спортшылар елімізден шығып жатқанына қуаныштымын. Сайысқа қатысатын барлық қатысушыға жеңіс тілеймін! Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры болды. Өскелең ұрпақ сол кісіні оқып, сол кісіге еліктеп, сол кісіден үлгі алса деймін. Айналайындар, аталарыңды ұлықтап, біліп, одан әрі танып-біліңіздер. Халықаралық турнирді ашық деп жариялаймын, – деді Сәт Тоқпақбаев.

Сондай-ақ Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов пен Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров жарыс қатысушыларына ізгі тілектерін білдірді. Ал «Сағадат батыр» спорт клубының Құрметті президенті Ерболат Тұрымбетов айтулы жарыстың тәрбиелік маңызын атап өтті.

– Биыл ерекше жыл. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия Генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында халықаралық ашық турнир өтуде. Сағадат Нұрмағамбетов спорт клубының жасөспірімдері көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Қазақстанда батырдың туған жерінде ескерткіш, Қонаев қаласында көше бар. Ол кісінің жастарға, Қазақстанға сіңірген еңбегі зор. Сондықтан жарыс арқылы Сағадат Нұрмағамбетовтың тарихымыздағы, Қарулы күштердегі орнын жастарға жеткізуді мақсат етеміз, – деді «Сағадат батыр» спорт клубының Құрметті президенті Ерболат Тұрымбетов.

Халық Қаһарманы, Армия Генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың аты берілген жарыстың ашылу салтанатында Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасы жедел ден қою бөлімінің және кинология бөлімінің қызметкерлері арнайы көрініс көрсетті. Сондай-ақ, жарыс қатысушылары мен көрермендер Алматы облысы әскери патриоттық сыныптары тәрбиеленушілерінің қарумен жаттығуларын тамашалады.

Халықаралық жарыста 4-13 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер бақ сынады. Олардың қатарында – Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің жасөспірімдері бар. Барлығы турнирге 400-ден астам джитсер қатысты.

Ал Алматы облысы мәслихатының депутаты, халықаралық жарыстың бас ұйымдастырушысы, «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы әрі бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров халықаралық жарыс дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратынын атап өтті.

– Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының негізі қаланған 2015 жылдан бері ұлы тұлғаның атын шығарып келеміз. Сондықтан біз үшін Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығын атап өтудің ерекше маңызы бар. Жан-жақтан жиналған жас спортшылардың басын біріктіріп, оларға Халық Қаһарманы Сағадат атамыздың атын таныту – жарысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз. Сонымен қатар, әскери-патриоттық бағыттағы спорт жарысы арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, спортқа баулығымыз келді. Бұл Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жарыс биыл бір рет өтіп тоқтап қалмайды, жыл сайын өткізіп отыратын боламыз, – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here